Көрменің алғашқы ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас-
шысы Ардақ Райымбеков және өзге де билік органдарының өкілдері арнайы келіп құттықтады. Сонымен қатар, ҚР Суретшілер одағының төрағасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Өмірбек Жұбаниязов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, суретші, журналист Сейсенхан Махамбетов сынды әріптестері, достары және туыстары қатысты.

Облыстық көркемсурет музейі экскурсия және көпшілік бөлімінің меңгерушісі Эльмира Арынованың сөзінше, көрмеге суретшінің 100-ге тарта туындысы қойылған.

- Біздің музейден суретшінің майлы бояумен салған кескіндемелерін, пленарлық жұмыстарын және пейзаждарын тамашалауға болады. Әсіресе, Баянауыл, Бурабай сынды еліміздің көрікті мекендерін майлы бояумен бейнелеген туындылары ерекше көз тартады. Сонымен қатар, Астана, Алматы шаһарларының әсем де алып ғимараттарының сұлулығынан туған қалалық пейзаждарды көргенде сол қалалардың өзіне сапар шегіп кеткендей боласың. Көрмені мектеп оқушылары, мұғалімдер және студенттер тамашалауда. Қылқалам шеберінің өнер туындылары облыстық көркемсурет музейінде келесі жылдың 15 қаңтарына дейін тұрады. Келемін деушілерге есігіміз ашық, - дейді Эльмира Арынова.

Осы күні ҚР Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов одақтың Павлодар облысындағы 24 мүшесіне жерлестеріміз – Александр Бибин, Қабдыл-Ғалым Қаржасов, Павел Лысенко және Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы арнайы гранттарды табыстады.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz