Халық қалаулылары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасын бiрiншi оқылымда мақұлдады.

Заң жобасында ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға берудің жаңа әрі бөлек тәртібі қарастырылып отыр. Жер учаскелері конкурсқа қойылатын жерлер тізбесіне сәйкес беріледі.

Тізбені ауданның жер қатынастары жөніндегі бөлімдері қалыптастырып, міндетті түрде қоғамдық кеңестермен және үкіметтік емес ұйымдармен келісілген соң аудандық әкімдіктер бекітеді. Конкурстың ашықтығын қамтамасыз ету үшін жер комиссиясы құрамының 50%-ы қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың өкілдерінен тұратын болады. Бұл нормалар жер бөлу барысында жергілікті тұрғындардың қоғамдық пікірін ескеру үшін енгізілді.

Министрдiң айтуынша, конкурстың жариялылығын қамтамасыз ету үшін хабарландыру тек аудандық қана емес, басқа да деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында орналастырылады. Сонымен қатар, конкурс жариялағалы отырған аудан хабарландыруды өзінің ресми сайтына қоса облыстың басқа аудандары мен ауыл әкімдіктеріне жіберуге міндеттеліп отыр.

Конкурсқа қатысушылардан міндетті түрде құжаттар талап етіледі. Олар - ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізудің бизнес-жоспары, жергілікті тұрғындар үшін жұмыс орындарын ашу бойынша міндеттемелер, егіншілік саласын әртараптандыруға қатысты облыс көрсеткіштерін ескеру міндеттемелері және тағы басқа. Аталған талаптар берілетін жерлерді тиімді пайдалану үшін қойылады.

Жалға берiлген жерлерге тұрақты түрде мониторинг жүргізiлетiн көрінеді. Оның сөзіне сүйенсек, жалдау уақытының алғашқы 5 жылында – жыл сайын, одан кейінгі кезеңдерде суармалы егістікте 3 жыл сайын жүргізіледi. Мониторинг қорытындысымен жалдау шартындағы міндеттердің бірі орындалмағаны анықталса, онда жалға беру келісімшартын өкілетті орган бір жақты бұзуға құқылы. Мониторингтің құрамына ауыл шаруашылығы және жергілікті органдардың, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің өкілдері кіретін комиссияның қатысуымен жер қатынастары бөлімдері жүзеге асырады. Мониторинг жүргізудің тәртібі Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен бекітіледі. Оның оң нәтижелері жер учаскесін жалға беру мерзімін ұзартуға негіз болып табылады.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру шартының үлгісі де Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен бекітіледi.

Бұдан бөлек, заң жобасында шекаралық белдеу мен шекара аумағында орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, Қазақстан Республикасының шетелдіктермен некеде тұрған азаматтарына немесе шетелдік заңды тұлғаларға және құрамында шетелдіктер бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына беруге тыйым салынатыны көрсетілген.

Мемлекеттік шекараның шекара аумағында орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері тек Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына ғана жалға алу құқығы беріледi. Ал мемлекеттік шекараның шекаралық белдеуінде орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері қазақстандықтарға да берілмейді. Аталған аумақтардағы ауыл шаруашылығы жерлерін жергілікті халыққа жайылым, шабындық ретінде ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Министрліктегілердің айтуынша, заң жобасымен жергілікті тұрғындардың малына жайылым жетіспеушілігін шешу мақсатында елді мекендер айналасында жайылым алаңдарын айқындайтын норма көзделiп отыр. Осы мақсатта айқындалған жайылымдарды Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына жалға беруге тыйым салынады.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz