- Биылғы жыл біздің ел үшін жетістікке толы болды. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізіп, әлем назарын өзімізге аудардық. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі атанды. Еліміздегі ең ірі мегаполистердің бірі – Алматы қаласы Дүниежүзілік қысқы универсиаданы сәтті өткізді. Осы жарыста павлодарлық спортшылар 11 медаль еншілеп, мерейімізді өсірді. Алдағы жыл біз үшін ерекше тарихи оқиғалармен есте қалмақ. Мысалы, күні кеше ғана ел жүрегі атанған Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы бастау алды. Осы ауқымды шараны біздің облыс та жоғары деңгейде атап өтетін болады. Мұның барлығын ел Тәуелсіздігін қадірлеу және қалыптастыру жолындағы игі іс деп түсінген жөн, - деді Болат Жұмабекұлы өзінің құттықтау сөзінде.

Шара барысында мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі үшін және өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына қосқан үлесі үшін С.Торайғыров атындағы ПМУ агротехнология факультетінің деканы Тоқтар Бексейітов, Қазақстан электролиз зауытының цех бастығы Бауыржан Смайылов, сот жүйесінің құрметті ардагері Еркеш Темірова, облыс әкімі аппарат басшысы Расул Оразғұлов сынды бірқатар азаматты «Құрмет» орденімен марапаттады. Ал кезінде түрлі лауазымды қызмет атқарып, елге еңбегі сіңген Өсербай Қарасаев, Әбілқақ Түгелбаев, Қайролла Рахимов, Минир Галеев, Махмуд Джафаров сынды ардагерлерге Павлодар облысының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Сонымен қатар, «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» және «Ерен еңбегі үшін» медальдары да өз иелерін тапты.

Аймақ басшысының қолынан облыстың Құрметті азаматы атағын алғандардың бірі – Атырау облысының тумасы Өсербай Қарасаев. 1976-1986 жылдары аралығында облыстық байланыс басқармасының басшысы қызметін атқарып, біздің өңірдегі байланыс қызметі сапасының жақсаруына айтарлықтай үлес қосты.

- Мен қазіргі таңда Алматы облысына қарасты Жаңатыныс ауылында тұрамын. Павлодарда тұрған он жыл - менің өмірімдегі ең елеулі кезең. Бірге қызмет істеген әріптестерім әлі күнге есімде. Қызмет бабымен келсем де, осы өңірдің тумасындай болып кеттім. Мені облыстың Құрметті азаматы атағына ұсынған облыстық ардагерлер кеңесіне алғысымды айтамын, - дейді Өсербай ақсақал.

Тәуелсіздік күніне арналған мерекеге Қазақстан эстрада жұлдыздары, танымал әншілер - Әлішер Кәрімов пен Ардақ Әлекешов арнайы шақырылып, кеш қонақтарына әннен шашу шашты. Бұдан бөлек, Мейірхан Тілеулес, Асылбек Сапарбекұлы сынды жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz