Сырғанақтың ашылуына қатысқан Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Саян Мұқанов мерекеге орай әкімдіктің атынан жас хоккейшілерге жаттығу киімдерін сыйлады. Салтанатты ашылу рәсімінде павлодарлық клубтың жас хоккейшілері шеберлік сабағын көрсетіп, шараға жиналған ізбасарларымен бірге жаппай сырғанауға қатысты.

Бос уақыттарын тиімді өткізем деушілер үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Коньки тебе алмасаңыз, жанында орналасқан сырғанақпен зырлауыңызға болады. Бұл күні ауа райының қолайсыздығына қарамастан, ашық аспан астында ойнап, айыз қандыруды құп көрген ойын баласы мен баласының тәтті қылығын қызықтаған ата-аналар қарасы қалың болды.

Павлодар қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Айбек Қабиевтің айтуынша биыл шаһарда 25 мұз айдыны құйылған. Бұл мақсатта 8,9 миллион теңгеге арнайы трактор сатып алынған. Сондай-ақ 20,5 млн. теңгеге мұз құю машинасын сатып алуға арнайы конкурс та жарияланыпты.

Айта кетейік, мұз айдыны аумағында конькиді жалға алу пункті жұмыс істейді. Оның құны ересектер үшін 400 теңге болса, балаларға - 200 теңге. Жанында арнайы кофехана да орналасқан. Мұз айдынының аумағы – 30-40 метр. Бұл әдеттегі хоккей алаңынан кішірек. Дегенмен билік өкілдері келер жылы мұз айдынының көлемін едәуір кеңейтпек ниетте.

Атап өтерлігі, өткен жылы орталық сырғанақты облыс әкімдігінің алдына орналастырған еді. Сол кезде құйматастарды ауыстыру жоспарланған. Жөндеу жұмыстарынан кейін биліктегілер сырғанақты қалалық саябақта ашу туралы шешім қабылдаған.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz