(немесе қаламның жауы)

Жасында сыраханадан шықпаған,
Өмірі кітапханаға бас сұқпаған,
Пікірі жоқ өзіндік,
Әркімді бір құптаған.
Қасқырбайдай атамыз,
Болды қазір аты аңыз.

Ата сақалы аузына түскен шағында,
Сауып тіл мен жағын да,
Жастарды жолдан жасқап жүр,
Жаңа бір өнер бастап жүр.

Қаламның таусып сиясын,
Басам деп өнер қиясын
Бұл кісі қаламға жау болды,
Іздегені дау болды,
Жазғандары тау болды.

Өзгенің пікірін ұқпайтын болды,
Тек өзін ғана құптайтын болды.
Сексенге жасы тақалған шақта,
Баспаханадан шықпайтын болды.

Тұрып та жазды, жатып та жазды,
Біреуді сөзбен атып та жазды.
Сауатсыз ой мен сапасыз ұйқас,
Батпаққа белден батып та жазды.

Ойлайсың іштен, жұқарасың да,
Кім кепіл өнер жұтамасына?
Атаның жазған кітабын көріп,
Қызығасың тек мұқабасына.

Ақын да болды, жазушы болды,
Өнердің кенін қазушы болды.
Ұлт үшін емес, қара басының,
Атағын ойлап азушы болды.

Жайы жоқ мүлдем алаңдар елге,
Баспайды-ау мұндай қадамдар өрге.
Бұл ғалам толып бара жатқандай,
Оқырманы жоқ қаламгерлерге.

Жазған мен босқа жырыңды құрап,
Көтермес өрге жүгіңді бірақ.
Жайнамазға кеп жығылар шақта,
Жайған қағазға сүрінді құлап...
Амал не?..

Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz