Қ.Аққалуеваның үйінің төбесі босап, тамшы тесіп, қабыр-ғалары да жарылып кеткен еді. Жалғызбасты жанның жөндеу жұмысын жүргізетіндей қаржылық жағдайы, қауқары да болмағаны түсінікті. Облыс әкімі Б.Бақауовтың тапсырмасынан кейін Павлодар ауданының әкімі Александр Бабенко мен «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының басшылығы бұл іске бел шеше кірісті. Жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен қарияның үйіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Шатыры ауыстырылып, қабырғалары жөнделді. Үйдің ауласы жөнге келтіріліп, қоршауы жаңартылған.

Қазақтың «Асар» деген салты - осы. Ауыл болып, жұдырықтай жұмылып игілікті іс атқарылды. Шақат ауылдық округінің әкімі Базарбай Әбиевтің айтуынша, жөндеу жұмыстарына әлеуметтік қызметкерлер, жергілікті өрт сөндіру бөлімінің мамандары, көрші-қолаң атсалысқан. Тұрғындар «бұдан былайғы уақытта да әжемізден көмегімізді аямаймыз» деп отыр.

«Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Тезекбаеваның сөзіне сүйенсек, Қайныкес әже қысқа арналған отынмен қамтылған. Осылайша, бүгінде жаны жабырқаулы қарияның көңілі шаттыққа толды.

- Облыс, аудан басшылығына айтар алғысым шексіз. Ауыл тұрғындарына да ризашылығымды білдіремін. Маған жасаған жақсылықтары Алладан қайтсын, - деді Қ.Аққалуева.

Атап өтерлігі, Қайныкес әже кеңес үкіметі тұсында көп жылдар озат сауыншы болып жұмыс жасаған. Ауданда депутат қызметін де атқарыпты.

Оразбек САЯХАТ, Павлодар ауданы.

saryarka-samaly.kz