«Асқақ ордам – Астана!» атты мерекелік кешке жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жеткіншектер, көп балалы отбасылардың балалары және мүмкіндігі шектеулі өрендер мен оқуда озат, спортта жетістіктерге жеткен, шығармашылық пен қоғамдық өмірде белсенді жасөспірімдер шақырылды.

Аталмыш шарада аймақ басшысы Болат Бақауов жеткіншектерді мерекемен құттықтады. Облыс әкімі кеш қонақтарына жаңа жылда армандары орындалып, ел мақтайтын азамат болып өсуін тіледі.

- Бүгінгі күні сіздермен бірге әдемі шыршаның жанында тұрғаныма қуаныштымын. 2017 жыл еліміз үшін табысты әрі берекелі жыл болды. Әр баланың арманы кетіп бара жатқан жылда орындалды деген ойдамын. Келе жатқан Жаңа жыл баршаңызға құтты болсын! 2018 жылда Астананың 20 жылдығын атап өтетін боламыз. Осыған орай сіздер Астана қаласына сапар шегуге мүмкіндік аласыздар, - деді Б.Бақауов.

Әсем әннің ырғағында би билеп, көңілді кештің қонақтарымен түрлі ойындар ойнаған балалар өздерін ертегі әлеміне тап болғандай сезінді. Сондай бақытты балғынның бірі Качир аудандық балалар үйінің тәрбиеленушісі Толғанай Тастенова мұндай кең ауқымда өткен жаңа жылдық кешке алғаш рет қатысып отыр.

- Әкім шыршасына келгеніме өте қуаныштымын. Мереке көңілді өтуде. Жаңа достар да таптым. Бізге осындай мереке сыйлаған Болат Жұмабекұлына ерекше алғыс айтқым келеді. Барша павлодарлықтарды жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Әр шаңырақта бақытты күндері көп болып, балалар ешқашан жыламасын, - деді Толғанай.

Балаларға жаңа жылдық сыйлық ретінде планшет, жұмсақ ойыншықтар, құттықтау қағазы мен тәтті сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар жеткіншектер өздеріне арнайы жайылған дастарқаннан дәм татқаннан кейін «ErtisCinema» кинотеатрынан мульт-фильм көріп, соңынан орталық алаңдағы бас шыршаға барды.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz