Туған жерге трактормен жетті

Ағымдағы айдың басында облыс орталығында өткен алқалы жиындардың бірінде шетел асып келген қандастарымыздың жағдайын тілге тиек еткен аймақ басшысы олардың әрқайсысымен жүздесетінін айтқан болатын. Өз атамекеніне оралса да, үйреншікті ортасын тастап, мыңдаған шақырым жерге отбасымен қоныс аудару кім-кімге де оңай соқпасы анық. Осы жағдайды ескеріп, облыс әкімі Б.Бақауов тиісті мекемелерге қандастарымызға қолдан келген көмекті аямауды тапсырды және бұл тапсырманың орындалуын өзі қадағалайтынын ескерткен еді. Сол уәдесінің ізімен Болат Жұмабекұлы Успен ауданының Ольгинка ауылында болып, бір топ қандастарымызбен жүздесті.

Атап өтерлігі, тарихи Отанына оралған ағайынды жергілікті жұрт-шылық құшақ жая қарсы алған. Қандастарымыз да бірден бауыр басып кеткен. Бірнеше айдың ішінде үй-жайларын реттеп, кәсіп те бастап кетті.

Облысымызға Қытайдағы қазақтардың көшін бастап келген Адал Хамитханның «балаларымды ата-бабамыздың кіндік қаны тамған мекенімен қауыштырсам» деген арманы болған. Осыдан 5 ай бұрын елімізге қоныс аударып, бүгінде сол арманы орындалған. Оның көшіп келгенінің өзі - бір таңғажайып оқиға. А.Хамитхан жұбайы мен екі баласын автобус арқылы Қазақстанға жіберіп, өзі Қытайда ауыл шаруашылығында пайдаланып жүрген кішкентай тракторына бірнеше отбасының жүгін артып келген. Тракторды қасындағы жолдасы екеуі кезектесіп жүргізіп, бір апта бойы тынбастан жол жүріпті. Шамамен 1 600 шақырым жолды бағындырды. Облыс әкімі Б.Бақауов мұны батылдыққа, туған жерге деген сүйіспеншіліктің шынайы үлгісіне балады.

А.Хамитханның айтуынша, тұрғы-лықты мекен ретінде Павлодар облысының, оның ішінде Успен ауданының таңдалып алынуы тектен-тек емес.

- Бұл өңірдің жері шұрайлы, табиғаты мал өсіруге қолайлы екенін түсіндік. Қытай елінде де Ертіс өзенінің бойында қоныстанған болатынбыз. Өмір бойы ата кәсіппен айналысып келе жатқан біз үшін бұл - таптырмас орын. Бақытымызға орай, атқарушы билік, жергілікті тұрғындар жақсы қарсы алды. Заң мәселесі, қоғамдағы өзге де талаптар бойынша бағыт-бағдар берді. Басқа елден келген соң құжаттарымызды жаңадан істеуге тура келеді. Бұрын мұнда құжат рәсімдеу, азаматтық алу өте қиын деп еститінбіз. Бұл істе де мемлекеттік мекемелер көп көмек көрсетуде. Хал-жағдайымызды ұғысып жатқан атқамінер азамат-тарға алғысымызды айтамыз, - дейді қандасымыз.

Сондай-ақ, А.Хамитхан «Қазақстан бізге не береді деп емес, біз тарихи Отанымызға қандай пайдамызды тигізе аламыз» деп келгенін айтады. Ол көшер алдында Қытайдағы барлық мал - мүлкін сатып жіберген. Сол қаражатқа Ольгинка ауылынан үй, 60-қа жуық қара мал сатып алған. Осылайша, мал шаруашылығын дамытуға бет бұрған.

Жайылымдық жер берілмек

Бүгінде Қытайдан келген қандастардың құжаттары рәсімделіп жатқан көрінеді. Бұл жұмыс біткен соң, әр отбасыға белгілі бір көлемде қаржылай көмек көрсетілмек. Қолдау шарасы мұнымен шектелмейді. Облыс әкімі Ольгинка ауылына қоныс тепкен ағайынға жалпы көлемі 1600 гектар жайылымдық жер беруді тапсырды. Бұл жұмыс алдымыздағы жылдың ақпан айында аяқталуы тиіс. Алғашында әр отбасына шамамен 10 гектар қарастырылған көрінеді. Алайда аймақ басшысы мал шаруашылығын дамытуға ниетті азаматтар үшін оның аздық ететінін баса айтты. Шынымен, бүгінде әр отбасы ондаған бас мал өсіріп отыр. Тіпті, бірнеше отбасы бірігіп шаруа қожалықтарын да құрған.

Бұдан бөлек, жұмыспен қамту мәселесі де оң шешілуде. Мысалы, Қытай елінде он жылдан астам уақыт дәрігерлік қызмет атқарған Пәттігүл Төлеген Ольгинкадағы фельдшерлік-амбулаторлық бөлімшеге жұмысқа орналастырылмақ.

Осыдан бірер уақыт бұрын ауылда төтенше жағдай орын алып, Қаһардан Талаптың үйі өртеніп кеткен. Жаңа ғана қоныс аударған отбасы үшін бұл ауыр соққы болғаны анық. Алайда, аймақ басшылығы бұл мәселені оң шешті. «Нұр Отан» партиясының араласуымен қажетті көлемде қаражат жиналып, Қ.Талапқа жаңа баспана сатып алынды.

Тағы бір мәселе, Ольгинка ауылындағы мектепте қазақ сыныптары жоқ. Биыл облыс әкімінің тапсырмасымен 1-4 аралығында қазақ сыныбы ашылған. Келесі жылдан толығымен қазақ сыныптары ашылатын болады.

Аймақ басшысымен кездесу барысында Қытайдан келген қандастар ауылды жарықтандыру, суармалы егістікті дамытуға қолдау көрсету мәселелерін де қозғады. Болат Жұмабекұлы бұл мәселелер тиісті деңгейде қарастырылатынын жеткізді.

- Менің қолыма қандаста-рымыздың атынан келген бірнеше арыз хат түсті. Бұл - оларға деген қолдау шараларының әлі де тиісті деңгейде жүргізілмей келе жатқанының дәлелі. Атамекеніне оралған ағайындар тіл мәселесінен де қиналатыны сөзсіз. Олар орыс тілін мүлде білмейді. Сондықтан жергілікті мемлекеттік органдар мейлінше қолдау көрсету қажет. Кәсіп бастап, оны жүргізуге қажетті заң талаптарын түсіндіріп, бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды таныстырыңыздар. Бір-екі жыл қолтықтарынан демеп жіберсеңіздер, ары қарай өздері де кәсібін дөңгелетіп кетеді, - деді облыс әкімі Б.Бақауов.

Атап өтерлігі, келесі жылы Қытай елінен тағы бірнеше отбасы Қазақстанға, оның ішінде Павлодар облысына қоныс аудармақ.

Данияр ЖҰМАДІЛ
Успен ауданы.

saryarka-samaly.kz