«Алғыс айту» күніне орай ұйымдастырылған игі шараға қала тұрғындарымен бірге облыс әкімі Болат Бақауов қатысты.

- Қазақта «қарғыс алма, алғыс ал» деген жақсы бір ұлағатты сөз бар. Алғыс - елдің сыйлығы. Шынымен де, алғысқа бөленген елдің де, ердің де өсері анық. Өткен жылдан бастап екінші рет тойланып отырған бұл күннің маңызы зор, тарихы тереңде жатыр. Біздің ел - жақсылығын жатынан да аямайтын, бауырмал халық. Осының дәлелі болар, қиын-қыстау кездерде өзге ұлт өкілдеріне бір үзім нанын бөліп беріп, қазіргі таңда 130-дан астам ұлтты бауырына басып отыр. Бүгінгі мереке елімізде тату-тәтті тұрып жатқан барша ұлт өкілдеріне қорған болған Ұлы дала еліне алғыс білдіретін күні деп білемін. Кезінде ағылшын ойшылы Эдуард «Ақылды адам алғыс айтудан жалықпайды» деген екен. Сондықтан бір-бірімізге әркезде жылы сөздерімізді арнап, алғыс айтудан жалықпайық, - деді аймақ басшымы Б.Бақауов.

Мәдени шара барысында Болат Жұмабекұлы бірқатар азаматтарды марапаттады. Мұнда «Дустликхайот» өзбек этномәдени орталығының төрағасы Әлижан Мирахмедов «Қазақстан Респуб-ликасы Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Ватан» әзірбайжан қоғамдық бірлестігінің төрағасы Джафар Махмудов «Халықаралық Невада – Семей антиядролық қозғалысына 25 жыл» мерейтойлық медалін кеуделеріне тақты. Сонымен қатар, «Анагениси» грек этномәдени қоғамдық бірлестігінің хореографы Светлана Дьяченко ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хатына ие болды. Ал, «Қазақстан кәрістері ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Раиса Афанасьеваға облыс әкімінің «Құрмет грамотасы» табыс етілді. «Нұр Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Сауда Билиялова мен «Т.Шевченко» атындағы украина мәдениетінің павлодарлық серіктестігінің мүшесі Анатолий Неумывако облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Айтулы мерекеге орай ұйым-дастырылған кеште әр ұлттың мәдениетінен сыр шертіліп, әні шырқалып, би биленді. Қиын-қыстау кезде бір үйдің адамындай бірлігі жарасып, заманның ауыртпалығын бірге өткерген ұлттардың ұрпақтары бұл жолы да бір сахнаны бөлісіп, татулық пен тұрақтылықтың белгісін көрсетті.

- Өзге ұлт өкілдерін қазақ жеріне депортациялау 1930 жылдан бастау алды. Өте ауыр кезеңді бастан кешірген халыққа қазақ елінің дархандығы мен бауырмалдылығы көмек болды. Үйлеріне кіргізіп, шай-тамағын берді. Тарихтан білесіздер, кейбір ұлттың азаматтарын өлтіріп, әйелдерін абақтыға әкеткен кезде, әлі күнге оңы мен солын танымаған шиеттей балаларды өз бауырларына басып, өсірді. Мұндай жақсылықты ұмытуға болмайды. Біз, Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері, қазақ халқына мәңгі қарыздармыз, - деді «Ватан» әзірбайжан қоғамдық бірлестігінің төрағасы Джафар Махмудов.

Айта кетелік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың 11 ақпан күні Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында Қазақстан халқы Ассамблеяның құрылған күні – 1 наурызды барлық этностарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға «Алғыс айту күні» деп бекіткен болатын.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

 

saryarka-samaly.kz