Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан 1870 жылы Қарқаралы уезінің Әлтеке–Сырым болысы, Желтау баурайындағы Мырзатай қыстауында дүниеге келген, қазақ халқының рухани көсемі, Алаш партиясының және Алашорда үкіметінің төрағасы болды. Ол І Думаға Семей облысынан сайланған. Кадет партиясының мүшесі, алдымен Қарқаралыдағы Зафир молда медресесін, одан кейін төрт жылдық қалалық кәсіптік училищені және техникалық училищені бітірген. 1890 жылы Санкт-Петербургтегі императорлық Орман институтына түседі. Осы жылдарда орыс демократтарымен тығыз араласып, олар Ә.Бөкейханның саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал етеді. 1901 жылы Ә.Бөкейхан императорлық орыс географиялық қоғамының мүшесі болып сайланды. 1905 жылы қазақ даласында алғаш рет саяси талаптар жасап, он бес мыңдай адам қол қойған «Қарқаралы петициясының» ұйымдастырушысы болды. Үкіметке қарсы үгіт жүргізді деген айыппен полиция 1906 жылы қаңтар айында Павлодар абақтысына қамады. Әлихан Бөкейханов жазған хатының көшірмесі Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозициясында сақталған. Осы хатта II Мемлекеттік Думаның депутаты, өңіріміздің тумасы, Темірғалы Нөрекенов туралы да айтылады. Темірғалы Нөрекенов – Семейден. Кәсібі - саудагер, орысша бастауыш мектеп бітірген. Ол - І Думаға қатысқан адам.

ХХ ғасырдың басында орын алған түрлі саяси, геосаяси жағдай әлем халықтарында, оның ішінде мұсылман, түркі халықтарында бірқатар қозғалыстарды тудырды. Осы орайда сол қозғалыстардың бірі бізге қандас, діндес Түркия Республикасындағы оқиғаларға ерекше тоқталып өтуге болады. Міне, сол секілді қазақ зиялыларының «Алаш» қозғалысын құруының осыған ұқсас өзіндік ерекшеліктері болды. Ұлтшылдардың ХХ ғасырдың басында «Оян, қазақ!», «Маса» деп жүрген кездегі ойы «қазақ қалғып кетті» дегенге саяды. Қазақта бағзы заманнан айтылатын «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – алаш!» деген ұлтты беріктей етіп біріктіретін ұран орнындағы сөзі болатын. Сондықтан да ұлт зиялылары, түріктер секілді «алаш» сөзін ұран ретінде, ұлттың атауы дәрежесіне көтергісі келді. Сондықтан да дәл осы кезеңдерде алаш ұғымы жиі қолданысқа түсті. Яғни, «алаш» ұғымының айрықша жаңғыруы Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейханұлы секілді ұлт зиялыларының өмір сүру кезеңімен тікелей байланысты.

Алаштықтар өздерінің әріптестері – түркістандықтармен, кавказдықтармен, украиндармен, беларустармен жұмыла отырып, патша өкіметін құлатуға жұмыс істеді. Патша өкіметін құлата отырып, Еуропа секілді демократияны жолға қоюды мақсат етті. Бұл бағыттағы ең алғашқы ізденіс немесе нәтиже ретінде 1905 жылғы Қазан Манифесін айтуға болады. Бұның құндылығы сол кездегі ұлттар тілінде мектеп ашуға, өз дінін дамытып, ғибадатханалар салуға, баспасөз ашуға рұқсат берілді. Сонымен бірге, Әлихан Бөкейханның 1905 жылы «Ресей бірінші рет және соңғы рет Еуропа болды» деп жазатыны бар.

Қарқаралы петициясы, одан басқа да шаралар Алаштың құрылуын тездетті. Бұл уақытта Ресейде түрлі ұлттар Петерборда жиналып, Республикалықтар партиясы, Еңбекшілер партиясы және Кадеттер (Конституциялық демократиялық партия) партиясы жұмыс істеді. Оған қазақ зиялылары да қатысып, Кадет партиясының құрамында болды. Осы ұйымның қатарында Ә.Бөкейханов да болды. 1917 жылы оның «Мен Кадет партиясынан неге шықтым?» деген мақаласы жарық көрген. Сонда ол «Кадет партиясының бастапқы платформасы дұрыс болғандықтан, қазаққа, біз сияқты жекелеген ұлттарға пайдасы тиер деген ниетпен аталған ұйымға кірдім. Бірақ мынадай қым-қиғаш заманда партия бізді ұлт ретінде ұмытып отыр. Сондықтан да мен бұл партиядан шығып, жеке партия құруға әрекеттенемін», - деп жазады.

Алаш партиясы депутаттығына Семей облысынан Қаныш Сәтбаевтың туысы Әбікей Сәтбаев сайланған. Әбікей Сәтбаевқа Ертіс-Баянауыл өңірінде халық арасында әлеуметтік көмек көрсетуін ұйымдастыруын басқару тапсырылды. 1917 жылы Әлихан Бөкейханов Петербургтан Әбікей Сәтбаевқа хат жолдайды. Осы хатта «жаңадан құрылған Алаш орда мемлекетін қолдау үшін барлық қазақтарға бірігу ...осы билікті қабылдау керек, майдандағы біздің жұмыскерлерге көмек көрсету үшін жауапкершілікпен жұмыстарды атқару... әрқашан халықтың жағдайынан хабардар болуыңыз керек...» деп жазған. Осы үндеу 1917 жылдың №223 «Қазақ» газетінде жарияланған.

Әлихан Бөкейхан Абай Құнанбаевты, Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсаринді «Қазақ» газетінің бетінде насихаттауды ұйымдастырды.

Халқының мүддесі - елі мен жері, ана тілі, ұлт мектептерін ашу секілді аса маңызды мәселелермен айналысып, алдына ұлы мақсат қоя білген Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов қудаланды. Абақтыға жабылды, үйқамақта болды. Өмірінің соңғы жылдарында ол Мәскеуде қызы Лиза, жиені Ескендір үшеуі бірге тұрды. Алайда қайта қамауға алынып, 1937 жылдың 27 қыркүйегінде ату жазасына кесілді. Өмірінің соңғы күніне дейін Әлихан Бөкейханов халқының жоғын жоқтап, қызу күрес жүргізді.

Гүлжайнат ӘЛИЕВА, Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі өлке тарихының ғылыми-зерттеуін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы.

saryarka-samaly.kz