- Еркін аға, жуырда ғана «Көкжалдар» кинокартинасын ел ағаларының назарына ұсынып үлгердіңіз. Құтты болсын! Әңгімеміздің әлқиссасын «Көкжалдардан» бастасақ...

- Бұл фильмді түсіруге 1 жылдан астам уақытымыз кетті. Басты рөлді жас актер Жандос Исаев сомдады. Түсірілім бастан- аяқ Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданының ең көрікті жері - Ақсу-Жабағылы қорығында жүргізілді. Мұнда біз қазақтың кешегісі мен бүгінін байланыстыра отырып, фильм кейіпкерлері арқылы қазақтың көкжалды кие тұтатынын көрсеткіміз келді. Сонымен қатар Түркі тектес халықтар, әсіресе қазақтар көк бөрінің ұрпағымыз дейді. Қазіргі таңда жастарымыз батысқа еліктеп, жасыратыны жоқ, жігіттеріміз тым нәзік болып кетті. Тектегі қайсарлық, бір-біріне деген адалдық пен бауырмалдық қасиетімізден айырылып барамыз. Осыны негізге ала отырып түсірілген фильм болатын.

- Кез келген режиссер түсіретін фильмінің басты рөлін танымал актерлерге ұсынатыны жасырын емес. Ал сіз бұл қағиданы бұздыңыз деуге болады. Жандос Исаевтың есімі қазақ киноөнерінде бұрын-соңды аталмаған. Осы орайда, басты кейіпкеріңізге тоқталып өтсеңіз. Көңіліңізден шықты ма?

- Жандос өзінің актерлік шеберлігін жан-жақты аша білді. Ол бұған дейін 4 жылдан аса «каскадерлік» салада жұмыс істеп жүрген. Бірнеше кинофильмде қосымша рөлдерде ойнағаны болмаса, басты кейіпкерді сомдаған емес. Әрине, танымал артистерді таңдап алуыма болар еді. Бірақ бұл жолы «бір оқпен екі қоян атқым» келді. Яғни жаңадан өнер әлеміне аяқ басқан жастарды да танытуды мақсат еттім.

«Көкжалдар» фильмінің қиыншылығы да сол, мұнда адамдармен емес, қасқырлармен жұмыс жүргіздік. Жандос қасқырлармен жұмыс істеуді Алматы қаласындағы кинологиядан үйреніп шықты. Бөрілермен таң атқаннан кеш батқанға дейін бірге жүріп, бірге тамақтанып, бірге ұйықтады да. Жабайы «қасқыр адам» бейнесін жасау - өте қиын жұмыс. Актеріміздің жарақат алған кездері де болды. Кинода тек Жандостың рөлін түсіруге 1 ай уақыт кетті. Ал басты рөлді сомдаған жас актер өзіне жүктелген міндетті артығымен орындап шықты.

- Осы орайда фильмнің тағы бір құпиясын ашсаңыз. Яғни, цирк әлемінде аң патшасы арыстаннан бастап қоянға дейін өнер көрсетеді. Ал қасқырды ешқашан көрмеппіз. Сонда қасқырды да қолға үйретуге болғаны ғой...

- Жоқ, қасқыр - ешқашан қолға үйренбейтін аң. Расымен де, осы күнге дейін цирктен қасқырды ешкім көрмеген, көрмейді де! Себебі бөрілер - аңдардың ішіндегі ең ақылдысы, намысшылы әрі айлакері. Олар - ешқашан бұйрыққа бағынбайтын, алайда өз үйірі үшін барын салатын мақұлықтар. «Көкжалдар» фильмінде жабайы қасқыр жоқ. Мұнда қасқыр мен иттің будандасқан түрі, яғни қасқыр тектес иттер ойнады.

- Әңгімемізді жалпы қазақ киносына қарай бұрсақ. Өзбек, қырғыз ағайындардың шығарып жатқан киноларында өз ұлтының салт-дәстүріне, тiліне, дiніне, мәдениетіне деген құрметі ерекше. Ал бізде қалай?

- Жасыратыны жоқ, қазақ киносының дәрежесі әлі күнге «бас бармақпен» көрсететіндей болған жоқ. Бірақ менің алғаш кино әлеміне келген кезбен салыстырғанда, анағұрлым алға жылжу мен өсу бар. Өз басым қазақ киносы жоқ дегендерге таң қаламын. Бізде не бар? Міне, осы кабинетте көріп отырсыз, телефон, теледидар, компьютер, мына үстіңіздегі киіміңіз бізде шыға ма? Жоқ әрине, шетелдікі. Терезеден қараңыз, жүрген машиналар арасынан отандық автокөлікті таба алмайсыз. Енді қараңыз, басқа салалармен салыстырғанда, киноиндустрияның осындай қарқынмен дамуына тәубе дейік. Ақан Сатаевтың «Жау жүрек мың бала» фильмінің өзі неге тұрады?! Қазір шыны керек, түсіріліп жатқан кинолардың санынан шатасатын болдық. Себебі әр телеарна өз беттерінше сериал, кино түсіріп жатыр. Солардың бәрін көруге уақытым жетпейтін күйге жеттім. Осы дүниелерді көре тұра, «киноиндустрия дамымай жатыр» деп қалай айтамыз?! Бірақ мұның екінші жағы бар екенін ескерген жөн. Бұл картиналардың барлығы сапалы, халықтың көңілінен шығып жатыр деп айтуға келмейді. Сан болса, сапа болады деген қағида бар. Құдай қаласа, осы қарқынмен жүре берсе, тағы 5-6 жылда сол Өзбек, қырғыз кинофильмдерін жолда қалдырарымыз хақ.

- Сапа туралы айтып қалдыңыз. Сонда жақсы кино түсіру үшін не керек? «Біріншіден, екіншіден» деп атап берсеңіз...

- Әлемдік кино мамандары «жақсы кино шығу үшін, бірінші, жақсы сценарий керек» дейді, екінші «тағы жақсы сценарий керек» дейді, үшінші «тағы да жақсы сценарий керек» дейді. Бірақ олар өз сөздеріне өздері қарсы шығады. Себебі «Егер актерлар сәтті таңдалса, ол – киноның жарты жетістігі», «Қандай мықты сценарий жазылмасын, қандай әлемдік жұлдыздарды алып кел, режиссердің басы істемесе, одан сәтті кино шығара алмайды» деген қағидалы сөздер бар. Сондықтан сценариің де, таңдалған актерлерің де, ең бастысы, режиссер да соған сәйкес болуы тиіс. Оған қоса қаражатың жеткілікті болғаны дұрыс.

- Қай жанрда түсірілген фильм көп пайда әкелді деп ойлайсыз?

- Фильмнің табыс әкелуі немесе әкелмеуі фильм жанрына байланысты емес. Киноның қызық болып, халық көңілінен шығуында. Қазақстанда шағын бюджетті фильмдер ғана табыс әкелуі мүмкін. Бізді халықтың, кинотеатрлардың аздығына байланысты және фильмдердің «қарақшылық» жолмен тарауына байланысты кино өз шығынын ақтамай жатады. Киноның бюджеті 1-2 миллион доллардан астам болса, шығынды Қазақстан нарығында қайтару екіталай. Осы жерде айта кетейін, түсірген кинодан ақша табу мен үшін мақсат емес. Білесіз бе, егер менің киномнан көрермен өзіне қажетті бір нәрсе алып, көкейіне түйсе, сол мен үшін жетістік. Ол мен алатын ақшадан артық дер едім.

- Сіз фильм түсірмеген жанр кемде-кем шығар. Көп режиссердің батылы бара бермейтін қорқынышты киноны да сіз түсірдіңіз. «М-Агентті» айтып отырмын.

- Менің режиссерлігіммен жарық көрген «Жетімдер» кинофильмін көрген адамдардың ішінен көзіне жас алмағанын байқаған жоқпын. Одан соң «Ашаршылық» («Голодомор») деректі фильмін жарыққа шығардым. Ол да бүкіл залды жылатты. Осыдан кейін маған «Мен енді көрерменді қорқытайыншы» деген ой келді. Қолымнан келе ме, жоқ па деп ойландым. Қолымнан келді де.

Бүгіндері интернет қатты дамып келеді. Оның пайдасы да жоқ емес. Бірақ интернетті қате жолға да пайдаланып, сол арқылы күдікті адамдармен танысып, болашағына балта шабылып жатқан қаншама жастарымыз бар. Міне, біз осындай жағдайларды осы фильмде көрсетуге тырыстық. Яғни кез келген жамандықтың өзіңе қайта келетіндігін айтуға тырыстық. Бір қызығы, монтаждаушы мамандарымыз түнде жұмыс жасаудан бас тартты. «М-агент» кинофильмі IX «Евразия» кинобайқауында «Динамикалық қазақша кино» бағдарламасы бойынша көрсетілген. Фильмнің бюджет қоры 250 мың долларды құрайды. Мұнда басты рөлді танымал актриса Гүлшарат Жұбаева сомдады.

- Алдағы уақытта қазақ киносын тағы қандай туындымен толтырмақсыз?

- Болашаққа деген жоспар өте көп. Алайда бүкіл елге жар салғаннан гөрі үн-түнсіз жасап, дайын дүниені «міне, көріп, бағасын беріңіздер» дегеннен артығы жоқ.

- Алтын уақытыңызды қиып, ашық әңгімелескеніңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін.

СұхбаттасқанҚарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz