1916-1919 жылдар аралығы бұрынғы Ресей патшалығында, соның ішінде қазақ даласын да кеңінен шарпыған саяси-әскери күрес пен тартысқа толы кезең ретінде тарихқа енгені мәлім. Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1917 жылғы ақпан мен қазан төңкерістері, Алаш қозғалысы, азамат соғысы халықтың өміріне үлкен өзгеріс әкелген жылдар болды. Сол кезеңде, яғни 1917-1920 жылдарда қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының қайраткерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Ғаббасов, М.Тынышбаев, Ә.Ермеков, Е.Омаров, Ш.Құдайбердиев, Ж.Аймауытов, Т.Абайұлы, А.Қозыбағаров, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, т.б. зиялы жастар елінің тәуелсіз ел, іргелі мемлекет болуын аңсады, сол жолда күресті. Торғай, Семей, Орал қалаларында 1917 жылдың сәуірінде съездер өтіп, жергілікті өз мәселелерімен қатар, жалпықазақ съезін шақыру керек деген мәселе көтерді. Ақыры бұл жиын шақырылды. Бұл туралы қазақ арасына кең тарайтын «Сарыарқа» газетінің 1917 жылдың 13 қарашасындағы №20 санында мынадай жеделхат жарияланды:

Орынбордан келген жеделхат

Жедел қажеттілік туғандықтан, біз Жалпықазақ съезін өткізуді дұрыс деп білеміз.

Құрметті ақсақалдар мен білімді жастар, желтоқсан айының бесіне дейін милиция мен біздің халықтың қорғанысы талқыға түсетін Орынбордағы съезге келулеріңізді сұраймыз. 5 желтоқсанға дейін Орынборға халыққа сыйлы адамдар жиналуы керек: әр уезден 2 ақсақал және облыстық комитеттен білімді әрі елге сыйлы адамдар келуі тиіс. Біздің съезбен қатар казак әскерінің де съезі өтеді. Сол жерде тағы біраз сұрақтарды талқылау керек» делініп, мәтін соңына «Бөкейхан, Дулатұлы, Байтұрсынұлы, Бірімжанов, Ғұмарұлы, Досжанов, «Сарыарқа» газеті 1917 жылдың 13 қарашасындағы №20» деп жазылған.

Съезде қазақ зиялылары қараған мемлекеттік құрылым, Қазақ автономиясы, жер мәселесі, халық милициясы, земство, оқу, дін, сот, әйел құқығы мәселесі, Қазақ саяси партиясы, Санкт-Петербургтегі оқу комиссиясына Қазақстаннан өкіл жіберу секілді халықтың әлеуметтік-саяси және экономикалық дамуына қатысты 14 мәселе талқыланды. Съезд қаулысында: «Ұлттық жерлі Автономия болсын! Қазақ-қырғыз автономиясы «Алаш» деп аталсын, Алаш автономиясының жер үстіндегі түгі – суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын! Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен уақытша Ұлттық Кеңес құрылсын. Мұның аты Алашорда болсын, Алашорданың уақытша тұратын орны Семей қаласы болсын», - делінді. Бұл хабар «Сарыарқа» атты газетте 1918 жылы 25 қаңтардағы санында жарияланды. Съезд талқысына ұсынылған аталмыш жобаны әзірлеуге Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Е.Омаров, Ғ.Бірімжанов, Е.Тұрмұхамедов және Ғ.Жүндібаев қатысты.

Қазақ зиялылары құрған партияға неге «Алаш» сөзін таңдап алды? Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков: «Алаш зиялыларының өзі «алаш» деген терминді тарихи негіздерге сүйене отырып таңдаған. Алаш - түркі қауымдастығындағы қыпшақ тілдес тайпалардың басын біріктіріп, қазақ қауымдастығының қалыптасуына себепкер болған, үш сан Алаштың басында тұрған тұлға» дейді.

Орынборда өткен ІІ жалпықазақ съезінің тарихи маңызы зор болды. Ел ертеңін ойлаған қазақ зиялылары болашақта құрылуы тиіс ұлттық мемлекеттің негізін қалауға қажетті шешімдер қабылдады. Жалпықазақ съезінде «Қазақ мемлекеті жеке әлде Федеративтік Россияның бір автономиялық бөлігі болғаны жөн бе, әлде қазақтар өз бетімен тәуелсіз ел бола ала ма, әлде тәуелсіздікке басқа халықтармен одақтасқан жағдайда жете ме?» деген сұрақ талқыланды, алайда бұл мәселеде көпшілік нақты пікірге келе алмады. Ал жер мәселесі Құрылтай съезіне қалдырылды. Күн тәртібінде айрықша мәнге ие болған дін, оқу-ағарту, әйел мәселелері және сот жүйесі болды. Бұрынғы ескі сот жүйесі («Халық соты») таратылып, олардың орнына «Қазақ тұрмысына лайық айрықша сот құрылуға» тиіс болды. Оқу-ағарту саласы: «Міндетті бастауыш оқу енгізу», «Бастапқы екі жылда оқу баланың ана тілінде жүргізілуі» керектігі айтылып, тіл мәселесін айрықша назарға алған және білім берудің тегін болуы талап етілген. Сонымен қатар қазақ зиялылары ұлттық мектептерге арналған оқулықтар жазу комиссиясы құрылады. Аса маңызды осы шешім ел болашағы үшін ерте қам жеген Қаныш Сәтбаевтың «Алғашқы қазақша алгебра» оқулығын жазуына түрткі болды. (Бұл туралы «Сарыарқа самалы» газетінде Медеу Сәрсекемен сұхбатта жазған едік. С.М.).

Жалпықазақ съезіне қатысушы делегаттар жер туралы мәселені аса ұқыптылықпен талқылап, 14 тармақтан тұратын шешім қабылдады. Онда: «Қазақ халқы өзіне қарасты жерге орналасып болғанша қазақ жері ешкімге берілмесін» деп көрсетіліп, бұрын қазақтардан алынып қойған жерлерді кері қайтару талап етілді. «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 31 шілде күнгі санында жарияланған съезд қаулысында қазақ халқы өзіне еншілі жерге орналасып болғанша жер ешкімге берілмесін, қазақ даласында жарамды жер аз болғандықтан, қазақ пайдасынан алынып кеткен мынандай жерлер тоқтаусыз қайтарылсын: дворяндық, мал өсіру, сауда-өнеркәсіп, курорт, монас- тырь үшін деп алынған жерлер түгелдей қазақтардың өздеріне қайтарылып берілсін» деп атап көрсетілді. Делегаттар «жер туралы қазақ өз алдына заң жобасын жасасын» деген ұсыныс білдіріп, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының болашақ депутаттарына жиналыста бұл мәселені талқылап, оған депутаттыққа кандидат етіп 81 адамнан тұратын тізімді бекітті. Олардың қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ә.Ермекұлы, Х.Ғаббасұлы, Ж.Ақпаев, А.Тұрлыбаев, А.Сейітов, М.Дулатұлы, А.Бірімжанұлы, С.Қадырбаев, Х.Досмұхамедұлы, Ж.Досмұхамедұлы, М.Тынышбайұлы, Ы.Жайнақов, С.Аманжолов, М.Шоқай, Ә.Кенесарин, Қ.Қожықов, Ғ.Оразаев, Б.Құлманов, У.Танашев секілді белгілі қазақ зиялылары болды. Сондай-ақ, депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылғандардың арасында Г.Н.Потанин, В.Чайкин, Т.Нарботабеков, Ә.Диваев сияқты басқа ұлт өкілдері де бар еді. Олардың бүкілресейлік Құрылтай мәжілісіне «Алаш» партиясының атынан ғана сайлауға түсуге шешім шыққан. Ол кезде алты облыста (Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария) қоныстанған қазаққа Құрылтай жиналысынан 43 орын тиюі мүмкін еді. 43 делегат қазақтың мүддесін қорғап, Ресейдің федеративті құрылымын жақтап, қазақ автономиясын алуға күш салуы тиіс болатын. Алаштанушы Болат Мүрсәлімнің айтуынша, уақыттың тығыздығына байланысты партия бағдарламасының жобасы ғана жарияланып үлгерді. Соған қарамастан, партияның мақсат-мұратын «Қазақ» және «Сарыарқа» сияқты газеттер жан-жақты түсіндірді. Партияның облыстық және уездік бөлімдері құрылды. Ел ішінде үгіт-насихат жүрді. Мысалы, «Сарыарқа» газетінің жазуынша, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев сияқты ұлтшыл қазақ жастары ел ішінде партияның үгітшісі болған. Бірақ, алты облыстың бәрінде бірдей сайлау өтіп үлгермеді. Дегенмен сайлау өткен облыстардың түгелінде дерлік «Алаш» партиясы ең көп дауыс жинаған. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысында осы партия делегаттары Қазақстанда құрылуы тиіс кез келген саяси партияның түп негізінде ұлттық мүдде мен ұлттық талап-тілек жатуы міндетті екенін білген әрі мұны басы ашық мәселе ретінде қарастырған. Бір сөзбен айтқанда, құрылтайға қазақ халқы өзінің жеке партиясымен қатысып, сол партияның атынан автономия сұрау қажет болды. Бір атап өтерлігі, «Алаш» - сол кездегі еуропалық үлгідегі ұлттық демократиялық партия болды. Оның құжаты саналатын бағдарламасының өзі сол тұстағы батыстағы кез келген партияның бағдарламасынан кем болмаған»,- дейді тарихшылар. Алайда Ресейдің Құрылтай мәжілісі күткен уақытта өтпеді. Бұл кезде Ресейде саяси қайшылықтар қатты ушығып тұрған еді. Атап айтқанда, 1917 жылдың ақпанында Ақпан төңкерісі болып, Ресейдің патша үкіметі орнынан тайдырылды. Орнына А.Керенский басқарған Уақытша үкімет келді. Осындай ішкі қайшылықтар сол жылы үлкен төңкеріске әкелді, 1917 жылдың 25 қазанында (жаңа күнтізбе бойынша 7 қараша күні) Қазақ төңкерісі бұрқ етті, Уақытша үкімет құлады. Билікке большевиктер келіп, 1918 жылдың 5 қаңтарында басталған Мәжіліс Лениннің тікелей тапсырмасымен таратылды. Өйткені, бұл Мәжіліске сайланған 707 депутаттың 175-і ғана большевиктер болды, билікке қанды жолмен келген оларға бұндай мәжілістің түкке керегі жоқ болатын. 18 қаңтарда Орынборды большевиктер басып алды, сөйтіп, автономия жарияланбай қалды. Бұл жағдайды Ахмет Байтұрсынов 1919 жылы «Жизнь национальностей» журналында «Киргизы и революция» атты мақаласында былай деп жазды: «Қазақтарға ақпан революциясы соншалықты түсініксіз көрінді... Россияның орталық аудандарында большевиктер қозғалысының қалай өткендігі қазақтарға белгісіз, шет аймақтарда барлық жерде зорлау, қиянат жасау және ерекше диктаторлық үкімет билігімен қатар жүргізілді. Егер бұрын патша чиновниктері аталған адамдар тобы қазақтарды ешбір шектеусіз езіп-жаншыған болса, енді мұндай әрекеттерді... большевиктер – коммунистердің тобы жүргізіп отыр».

Сөйтіп, Ресей мемлекетінің жалпы Құрылтайында Алашорданы Ұлт Кеңесінің үкіметі ретінде ресми түрде танытпақ болып, зор үміт артылған мақсат орындалмады...

«Құрылтай Жиналысы таратылған соң, «Алаш» партиясының ісін жалғастырудың да мәні қалмаған. Бұл кезде қазақтың мүддесін қорғау үшін саяси сахнаға Алашорда үкіметі шыққан еді», - дейді алаштанушы Болат Мүрсәлім.

Алашорда үкіметінің Шығыс бөлігі Семей қаласына 1918 жылдың қаңтар айында орналасты. Ертіс өзенінің сол жағалауындағы қазіргі Жаңасемей қаласы (бұрын Заречная Слободка деп аталған) 1927 жылға дейін Алаш қаласы деп аталып келді. Оның төрағасы болып саяси қайраткер Әлихан Бөкейханов сайланады. Алаштың ақ туын көтергендердің қатарында Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтан бастап М.Әуезов, М.Тынышпаев, Х.Ғаббасов, Ж.Аймауытов, М.Тұрғанбаев, Ж.Ақбаев, Қ.Сәтбаев, т.б. ұлт мүддесі үшін аянбай қызмет етті. Алашорда үкіметінің құрамында жерлесіміз Әбікей Сәтбаев та болды.

Алашорда өз кезегінде заңдық күші бар бірқатар қаулы-қарар қабылдады. Алаш автономиясының қарулы жасақтарын, І Алаш атты әскер полкін, Алаш милициясын құрады. Бұл жылдарда ел болашағы үшін күрескен басылымдар жарыққа шықты. Соның бірі «Сарыарқа» газеті болды. Газет жұмысына Райымжан Мәрсеков тікелей басшылық жасады. Басылым беттерінде Алашорда үкіметінің қаулы-қарарлары, алаш жаңалықтары, өнер мен мәдениет туралы мақалалар жарияланып тұрды. Газетке саяси және мәдениет қайраткерлері, оның ішінде павлодарлық жерлестеріміз С.Торайғыров, С.Дөнентаев, Ж.Аймауытов көптеген мақалаларын жария- лап тұрды.

Жер, автономия, ана тілі, ағарту, ұлттық әскер, ауылшаруашылық экономикасы, билік мәселелеріне барынша күш салған қайраткерлер барлық істе қазақ халқының мүддесін көздеді.

Ақпан төңкерісінен кейін 1919 жылдың ортасында алаш қозғалысы дағдарысқа тап болды. Өйткені қазақтың тәуелсіздігін мойындағысы келмеген қызылдар да, ақтар да Ресейдің астарлы саясатын ұстанды. Қазақ зиялылары қалайда олардың тілін тауып, ұлттық қауіпсіздікті сақтауға ұмтылды. Жер, шекара, мемлекеттік тіл, билік құрылымы мәселелеріне барынша күш салып, автономия республика дәрежесіне қол жеткізді. Алайда кеңестік тәртіп, саясат Алаш көшбасшыларын барынша қудалады, қатыгездікпен жазалау науқаны 1927 жылдың желтоқсан айында басталды. Кеңестік сұрқия саясат оларды саяси қылмыскер деп айыптады. Өйткені Алашорда үкіметінің саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани және ағартушылық мұраты кеңестік биліктің мүддесіне сай болмай шықты. Сондықтан тоталитарлық жүйе қазақ зиялыларын, Алашордаға қатысы бар барлық азаматтарды отбасы, бала-шағасымен бірге жаныштап, көздерін жойып жіберуді мақсат етті. Оны орындады да.

Мемлекет қайраткері, ұлт азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алаш автономиялы үкіметінің төрағасы, ғалым, публицист Әлихан Бөкейханов 1937 жылы 27 қыркүйекте ату жазасына кесілді. Мемлекет қайраткері, ақын, публицист, ғалым Орынборда шығып тұрған «Қазақ» газетінің редакторы болған Ахмет Байтұрсынов 1937 жылдың желтоқсанында атылды. Сол секілді Міржақып Дулатов, Халел Ғаббасов, Жүсіпбек Аймауытов та ату жазасына кесілді. Жазықсыз жазаланған ұлт қайраткерлері арада 55-60 жыл уақыт өткен соң ақталды. Ал Әлімхан Ермеков репрессияға ұшырап, сталиндік лагерьде азап шегіп, 1955 жылға дейін түрмеде отырған. 1957 жылы қарашада ақталды. Міне, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен алашордашылар шеккен азап осындай еді...

Ұмытылмас

Алаш партиясының мүшесі болған Баянауыл ауданының тумасы Барлыбаев Ахметолла Ақтайұлы жайлы (1880-1937 жж.) мәлімет өте аз. Жерлесіміз жайлы аз ғана ақпаратты Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжден (бұрынғы Мұғалімдер семинариясы) алдық.

Семейдің мұғалімдер семинариясының түлегі, Алаш қайраткері, педагог, заңгер А.Барлыбаев 1911-1917 жылдары Павлодардағы 2 сыныпты орыс-қазақ училищесінде Қаныш Сәтбаев, Жүсіпбек Аймауытовқа сабақ берген екен. Ол бүкілқазақтық тұңғыш Құрылтайға қатысқан, сот мүшесі болған, Түрксіб темір жолы Кеңестік халық комитетінің прокуроры (1920-1937 жж.) қызметін атқарған аса білімді азамат 1937 жылдың құрбаны болыпты.

Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz