Асхат Нұрмағанбетов, Павлодар қаласы:

- Атаулы әлеуметтік көмекке келер жылы қандай өзгерістер енгізіледі?

Жанар Бейсенова:

- 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек жүйесі енгізіледі. Бірыңғай жәрдемақы бүгінгі күнге дейін беріліп келген 3 түрлі өтемақының орнын алмастыратын болады. Бұл мақсаттарды орындау үшін, біріншіден, қазіргі таңда көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға берілетін үш түрлі жәрдемақы, яғни азаматтардың табысына қарамастан республикалық бюджеттен тағайындалатын арнаулы жәрдемақы, отбасылардың табысына қарай анықталатын және жергілікті бюджеттен төленетін балалар жәрдемақысы мен атаулы әлеуметтік көмек біріктіріліп, бір атаулы әлеуметтік көмек ретінде берілетін болады. Егер бүгінде азаматтар осы үш жәрдемақыны алу үшін үш пакет құжат даярлап, үш түрлі мекемеге баратын болса, енді жаңа жүйе аясында бір пакет құжат әзірлеп, бір мекемеге, яғни жұмыспен қамту орталығына барады. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік шартты және шартсыз ақшалай көмек ретінде төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайыздан аз кірісі бар азаматтарға немесе отбасыларға тағайындалады.

Тілші сауалы:

- Мұндағы шартты және шартсыз атаулы әлеуметтік көмекті оқырман-дарға кеңінен түсіндіріп өтсеңіз...

Жанар Бейсенова:

- Шартты атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері бар аз қамтылған отбасыларға немесе еңбекке жарамды аз қамтылған азаматтарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына олардың міндетті түрде қатысуымен ұсынылады.

Шартсыз атаулы әлеуметтік көмек отбасының құрамында еңбекке жарамды мүшелері жоқ немесе еңбекке жарамды тұлғаны жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын (1 және 2 топ мүгедектері, 2 айдан асатын мерзімге уақытша еңбекке жарамсыздық деңгейіндегі аурудың болуы, 7 жасқа дейінгі балаға, мүгедек балаға, 1 және 2 топ мүгедегіне, басқалардың көмегі мен күтіміне мұқтаж қарт адамдарға күтім көрсету) аз қамтылған отбасыларға беріледі.

Болат Сұрағанов, Ертіс ауданы:

- Зейнетақы қорындағы жинақты алу үшін қайда бару керек. Және ол үшін қандай құжаттар әзірлеу керек?

Нұржамал Дүйсенова:

- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Қазақстан Республикасы бойынша кез келген бөлімшесіне немесе дербес қызмет көрсету орталығына барып өтініш бере алады. Павлодар өңірі бойынша әр аудан орталығы мен қалаларда дербес қызмет көрсету орталықтары мен бөлімшелер қызмет етеді. Зейнетақы жинақтарын алу үшін Павлодар қаласы бойынша 2 бөлімше бар. Қайырбаев көшесі, 34-үй, Есенәлиев көшесі, 1-үйге баруға болады. Зейнет жасына толған тұрғындар тек қана екі куәлікпен бізге келе алады. Ол жеке басын куәландыратын жеке куәлік пен төлемді жасайтын есепшоты болуы керек.

Гүлмира Жанатхан, Ақсу қаласы:

- Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек кімдерге беріледі?

Жанар Бейсенова:

- Жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50%-ға төмен отбасыларға немесе азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалады.

Тілші сауалы:

- Қандай жағдайда балалар үшін жәрдемақы төленеді?

Жанар Бейсенова:

- Жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек аз қамтамасыз етілген отбасыларға қазіргі уақытта беріліп отырған келесі үш әлеуметтік төлемді біріктіретін бірыңғай жәрдемақы болып табылады: Отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен 40%-ға төмен болған жағдайда отбасының әр мүшесіне берілетін атаулы әлеуметтік көмек; Отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен 60 %-ға төмен болған жағдайда 18 жасқа дейінгі балаларға тағайындалатын балалар жәрдемақысы, оның мөлшері осы жылы 1,05 АЕК немесе 2 383 теңгені құрайды; Кәмелеттік жасқа толмаған төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға табысына қарамастан берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы.

Осылайша, жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек аталған үш төлемнің орнына төленетін болады және оның мөлшері осы үш төлемнің жиынтық сомасынан артық болады.

Тілші сауалы:

- Атаулы әлеуметтік көмек қандай жағдайда берілмейді?

Жанар Бейсенова:

- Атаулы әлеуметтік көмек мыналарға: Біріншіден, жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен асатын адамдарға (отбасыларға);

екіншіден, кәмелетке толмаған балаларды, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін ұйымдарда, жоғары оқу орындарында күндізгі оқу нысанында оқитын балаларды қоспағанда, олар оқу орындарын бітіретін уақытқа дейін кәмелетке толғаннан кейін (бірақ жиырма үш жастан аспайтын) еңбекке қабілетті мүшелері жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысудан бас тартқан отбасыларға;

үшіншіден, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін жалған ақпарат пен анық емес (қолдан жасалған) құжаттарды ұсынған адамдарға (отбасыларға) тағайындалмайды.

Базарбай Солтан, Качир ауданы:

- 1 шілдеден бастап зейнетақыға жиналған ақшаны ай сайын ғана алады екенбіз. Бұрын жиналған қаржыны 2 рет бөліп беретін. Неге бұлай?

Нұржамал Дүйсенова:

- Сұрағыңыз өте орынды. Бүгінгі күні 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін зейнетақы заңнамасына (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларын және зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесін бекіту туралы» №1042 қаулысы) сәйкес зейнетақы төлемдері белгіленген кесте бойынша ай сайын, тоқсан сайын, жыл сайын жүзеге асырылады. Ал 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы заңнамасындағы бірқатар өзгерістер күшіне енеді. Бұл өзгерістерге сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан берілетін зейнетақы төлемдерін есептеу тәртібі мен оларды алу кестесі өзгеріске ұшырайды.

Осылайша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері тек ай сайын ғана жүзеге асырылатын болады. Егер Қорға жүгінген күні зейнетақы жинақтарының сомасы ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаған болса, оларды толығымен алуға мүмкіндік бар. 2018 жылы бұл сома: 33 745 x12 = 404 940 теңгені құрайды. Бұл сомадан артық қаражаттың барлығы тек ай сайын төленеді. БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері Үкімет Қаулысымен бекітілген, Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес, зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде айқындалады.

Қайыркелді Мырзаханов,Екібастұз қаласы:

- Мен жуықта зейнетке шықтым. Зейнетақы жинағын алайын десем, 70 мың теңге салық төле дейді. Бұл қаншалықты заңды?

Нұржамал Дүйсенова:

- Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің 160-бабына сәйкес БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері төлем көзінен салық салынатын табысқа жатады. Сондай–ақ аталған кодекстің 157-бабына сәйкес, салық салуға жататын табыстың жеке табыс салығы салынбайтын мөлшерін жеке тұлға үшін күнтізбелік жылда республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшері құрайды.

Сондықтан да егер алушының салық бойынша жеңілдіктері (орнатылған мүгедектігі, мүгедек балалары, т.с.с.) болмаса, оның зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы мен ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінің айырмасынан 10% мөлшерінде жеке табыс салығы ұсталынуы заңды әрі орынды болып табылады.

Тілші сауалы:

- Зейнетақы жинақтарының табыс-тылығы инфляция деңгейінен төмен болатын болса, мемлекеттен көмек бола ма?

Нұржамал Дүйсенова:

- Инвестициялаудан түсетін табыстың инфляция деңгейінен жоғары немесе төмен болуы мүмкін. Осыған орай нақты жинақ пен салынған жарна сомасы арасында айырмашылық пайда болады. Бұл зейнетақы төлемдерін алуға құқық берілген кезден бастап қана төленеді. Адам зейнетке шыққан кезде оның жеке зейнетақы шотындағы табыстылықтың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңіндегі инфляция деңгейіне қатынасы есептеледі. Егер зейнетақы жинақтарының табыстылығы инфляция деңгейінен төмен болатын болса, мемлекет бұл айырмашылықты өтейді. Зейнетақы активтерін сақтау кепілдігі барлық жинақтың БЖЗҚ-ға шоғырландырылуы арқылы да қамтамасыз етіледі.

Алма Күлімхан, Успен ауданы:

- Өткен айда әкеміз өмірден өтті. Ол кісінің қордағы жинағын қалай алуға болады?

Нұржамал Дүйсенова:

- Заң бойынша зейнетақы төлемдерін 2 мәселе бойынша шешуге болады. Ол жерлеуге арналған, және мұрагерлерге арналған бөлімі бар. Мұндағы жерлеуге арналған жинақты алу үшін БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне барып, өтініш толтыруы керек. Бұл ақша 5 жұмыс күнінде беріледі. Оны алу үшін қайтыс болуын растайтын құжаты, банк шоты, алушының жеке куәлігі болуы керек. Осы жинақты қайтыс болған адамның бірінші кезекте жары, балалары, сосын туыстары ала алады. Кейбір жағдайларда артында мүлдем мұрагері жоқ адамдардың жинағы қалуы мүмкін. Жерлеу көлемі 52,4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 118000 теңге беріледі. Жинақтаушының жинағында жерлеуге бөлінген артық сома қалатын болса, оны мұрагері алады. Ол үшін мұрагерге тиісті құжаттарымен келуі керек. 6 ай ішінде ол адамдар нотариус арқылы тиісті құжаттарды куәландырып, жинақты ала алады. Осы мерзім аралығында аталған адам расымен де өмірден өткен адамның мұрагері ме, одан өзге мұрагер жоқ па деген тәрізді зерттеулер жүргізетін боламыз.

Айткен Хамиева, Павлодар қаласы:

- 35 жылдық еңбек өтілім бар. 2005 жылы зейнетке шықтым. Ең төменгі зейнетақы көлемінде. Еңбек өтілім есептелмеді. Оны қалай есептетуге болады?

Нұржамал Дүйсенова:

- Сұрағыңыз түсінікті. Рақмет. Аталған мәселе бойынша сізге уәкілетті органға, яғни бүгінгі күні «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (бұрынғы зейнетақы төлемдерін жасау мемлекеттік орталығына) жүгіну қажет. Павлодар қаласындағы мекенжайы: Жеңіс алаңы, 17-үй.

Түйін:

2018 жылы енгізілетін зейнетақы жинақтары мен атаулы әлеуметтік көмектегі өзгерістер өңір тұрғындарының білгісі келетін мәселелері баршылық екен. Біз ұйымдастырған «Тікелей желі» арқылы көпшілік бірқатар сауалдарына жауап алды.

Сонымен, 2018 жылы енгізілетін атаулы әлеуметтік көмек екі қолға бір күрек таппай жүрген жандарға жұмыс тауып берумен қатар қосымша шағын бизнесін дамытуға мүмкіндік бермек. Ал «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы» зейнетақы жинақтарының сақталуына толықтай мемлекеттік кепілдік барын айтты.

«Тікелей желіні» жүргізген – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz