Болат ТАСҚАРИН, Павлодар облыстық ішкі істер департаменті жол полициясының мемлекеттік аға автоинспекторы:

- Жаяу жүргінші мен көлік жүргізушілері жол жүру ережесін тең дәрежеде сақтауға міндетті. Қазіргі таңда көп адамдар жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өтуге ерініп, жолдың арғы бетіне жүгіре жөнеледі. Жүргізушінің көлікті бірден тоқтатуға мүмкіншілігі болмайтынын ескермейді. Сөйтіп өз өмірлеріне қауіп төндіреді. Мысалы, абайсызда көліктің тежегіші істен шығуы мүмкін. Себебі ол - техника. Жедел тоқтауға мүмкіндік бола бермейді. Салдарынан оқыс оқиға орын алады. Павлодар қаласында орталық әмбебап дүкенінің жанында жерасты жолы орнатылған. Торайғыр көшесінен Кутузов және Естай көшелеріне дейінгі жолдарда арнайы қоршаулар бар. Міне, шаһарда жұртшылық көп қатынайтын көшелерде аталмыш дүниелер орнатылса, жол-көлік оқиғасы азаяр еді. Жол апаты кезінде жаяу жүргінші жарақат алып, өміріне қауіп төнсе, жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалады. Бұл ретте айыпталушыға қатысты сот алды тергеу амалдары жүргізіледі. Оның тағдыры қорғаушының қолында болады. Сондықтан іс сотқа жеткізілсе, жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізген жөн.

Нұржан БЕЙБІТБЕК, Павлодар қалалық сотының судьясы:

- Жол апатының орын алуына жаяу жүргінші кінәлі болса, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Егер жол-көлік оқиғасы салдарынан қайтыс болған жағдайда, көлік жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалады. Бұл ретте ол абайсызда қағып кеткені үшін жауап береді. Тіпті, жол апаты жаяу жүргіншінің тарапынан орын алып, дене жарақатын алса да көлік жүргізуші жауапқа тартылуы тиіс. Ал қылмыстық іс барысында жаяу жүргіншінің әрекеті де ескеріледі. Сондықтан қоғамда жаяу жүргіншілердің жауапкершілігін арттыру - маңызды мәселе. Тұрғындар кез келген жол апатына көлік жүргізушісі кінәлі деп біледі. Сондықтан тәртіп сақшылары белгіленбеген жерден жолды кесіп өткен әр адамға айыппұл салғаны жөн. Бұқаралық ақпарат өкілдері жұртшылықты жаяу жүргіншілердің жазаланғаны жайында мәліметтермен жиі құлағдар етсе, көпшілік ойланар еді. Қоғамдық ұйымдар жол жүру ережелері жайлы үгіт-насихатты тұрақты жүргізсе, бір нәтиже шығары анық.

Қайрат ҚҰЛМАҒАНБЕТ, көлік жүргізушісі:

- Көлік тізгіндегеніме 25 жыл болды. Шыны керек, әрбір 20-30 метр аралықта жаяу жүргіншіге арналған жолақ болса да, адамдар жолды кесіп өтеді. Тіпті, баласын жетектеп, оңды-солды ағылып жатқан көліктердің арасынан жүгіріп өтетіндерге не айтасың? Абайсызда қағып кетсең, қылмыстық жауапкершілікке тартыласың. Себебі тәртіп сақшылары қандай жағдай болсын жүргізушіні айыпты деп табады. Шыны керек, жолдың арғы бетіне адам жүгіріп өтіп бара жатқан кезде техниканы тоқтату қиын. Оған қарағанда адам тез тоқтайды. Былтыр мас жаяу жүргінші белгіленбеген жерден өтемін деп көлік қағып, опат болды. Тергеуші марқұмның туыстары «қарсылығымыз жоқ» деп арыз жазбаса, істі жаба алмайтындарын айтады. Судья екі тарапты бейбіт келісімге шақырып, жүргізушіден жерлеу рәсіміне кеткен шығынды төлеуін сұрайды. Алайда жүргізушіні кінәлі деп танып отырған қайтыс болған адамның туыстары 5 мың АҚШ долларын талап етті. Қажетті мөлшердегі қаржыны төлей алмайтындығын айтқан айыпталушы 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл - бір ғана оқиға. Осылайша жүздеген азамат темір торға қамалуда. Онымен қоса, моральдік шығын көлемін өтейді. Сондықтан жүргізуші құқын қорғайтын арнайы заң қажет деп санаймын.

«Алаңды» үйлестірген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz