Атап өтелік, Астана көшесі, 143-үй мекенжайында орналасқан бұл ғимараттың коммуникациялық желілері әбден ескіруіне байланысты осыдан бірер жыл бұрын редакциялардың өзге жерге орын ауыстыруына тура келген. Нысанды заманға сай жөндеу, оны тұтастай журналистер үйіне айналдыру мәселесі біраз уақыт шешілмей келді. Осы мерзім ішінде «Сарыарқа самалының» ұжымы «Ертіс Медиа» ЖШС-нің құрамындағы өзге редакциялармен бірге бірнеше ғимаратқа көшіп, қонды. Тіпті жастар бастамаларын дамыту орталығының жертөлесін паналаған кезеңді де бастан өткерді тілшілер қауымы.

Журналистердің жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселесін облыс басшысы Болат Бақауов әкім орынтағына жайғасқан сәттен-ақ назарына алған еді. Барлық жайтты жан-жақты зерделеп, тілшілердің бұлайша тұрақты қоныссыз жүруі жарамайтын іс екенін айтқан. Оны тарқатудың жолдарын қарастырып, ақыр соңында ескі нысанды күрделі жөндеуден өткізудің шешімін тапты. Осылайша ғимаратқа биыл күзден бастап жөндеу жүргізіліп, сәрсенбінің сәтінде есігін айқара ашты.

- Бұл ғимарат - «Сарыарқа самалы» мен «Звезда Прииртышья» газеттері үшін тарихи орын. Кешегі кеңес өкіметі тұсында, тәуелсіздік жылдарында журналистер ұстаханасы болған жер. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында заманға сай жаңғырып, осындай тамаша кейіпке еніп, жұмыс істеуге барлық қолайлы жағдайлары жасалған зәулім ғимараттың Жаңа жыл мерекесі қарсаңында журналистер игілігіне тапсырылып отырғанына шексіз қуаныштымын. Елдің, өңірдің өмірін оқырманға айна-қатесіз жеткізіп, қоғамдағы мәселелердің шешілуіне ұйытқы болатын ақпарат құралдарына жағдай жасау – бүгінгі заман талабы. Аға буынмен, ардагерлермен кездесулерде олар газет-үнпарақтың өлмейтінін, қазіргі өркениетке сай дамуы тиістігін айтып отырады. Олардың пікірлерімен келісемін. Журналистер қауымының жаңа редакцияларда жақсы көңіл-күймен еңбек етіп, жаңа 2018 жылды ерекше шабытпен қарсы алатынына күмәніміз жоқ, - деді Болат Жұмабекұлы ашылу салтанатында.

Болат Жұмабекұлы басқалармен қатар, ғимараттың 3-ші қабатында орналасқан «Сарыарқа самалы» газетінің редакциясын да аралады. Бас редактор Нұрбол Жайықбаев 90 жылға тақау тарихы бар газеттің өткені мен бүгіні туралы стендті таныстырды.

Облыс басшысы биылғы жылды біздің мемлекетіміз, өңіріміз толайым табыстармен аяқтап отырғанын жеткізді. Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесінен қаншама жерлестеріміз зор әсермен оралды. Көрме аясында бас қалада «Invest in Pavlodar» көрме орталығы жұмыс істеп, шетелдік әлеуетті инвесторларды аймаққа келіп, бизнес бастауға ынтық етті.

Алда – Астана қаласының 20 жылдығы. «Астана-Өскемен» автожолы құрылысында биыл біраз түйткілдер туындап қалғаны аян. Десе де, жол саласындағы мәселелер келер жылы толықтай шешіліп, автобан пайдалануға берілсе, ол да Елорданың тойына тамаша тарту болмақ. Павлодар өңірі бас қаланың 20 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде атап өтетін болады, деді әкім.

Б.Бақауов салтанатты рәсімде жыл қорытындысына орай бірқатар телеарналар мен газеттердің өкілдеріне Алғыс хаттар және арнайы сертификаттар табыс етті. «Ертіс Медиа» ЖШС-нің директоры Асқар Шөмшеков те осындай сый-сыяпатқа ие болды. Ал серіктестіктің ұжымына әкім 300 000 теңгенің сертификатын сыйлады.

Ғимараттың іші-сыртын жаңаша безендіруге облыстық ішкі саясат басқармасы мен облыстық білім беру басқармасының құрылымдық мекемелері, әсіресе, №1 және №2 балалар көркемсурет мектептерінің қызметкерлері мен шәкірттерінің қосқан үлесі зор. «Журналистер үйін» талапқа сай етіп жаңғыртып берген барша азаматтарға ұжымның айтар алғысы шекісіз.

Мұрат АЯҒАНОВ

saryarka-samaly.kz