Итжеккенге айдалғаннан сақтасын,
Ит ішпес суға «тойып алғаннан» сақтасын.
Ит байласа тұрғысыз жерге,
Итке ұқсап жіпсіз байланғаннан сақтасын.

Иті бар қызға ұрын барғаннан сақтасын,
Иттей боп еріп, қырындағаннан сақтасын.
Ит терісін басына қаптап,
Ит болып туысқа ырылдағаннан сақтасын.

Итаяқ жалауға сайланғаннан сақтасын,
Ит тірлікпен ауыз майланғанынан сақтасын.
Итіңнің дос болғандығы жақсы,
Итке досыңның айналғанынан сақтасын.

Ит-құсқа жем боп текке өлгеннен сақтасын,
Итбегі итін бөктергеннен сақтасын.
Ит көйлек киіскен құрбы-құрдасты,
Иттің етінен жек көргеннен сақтасын.

Иттен құтқармас қарудан сақтасын,
Иттен жұғатын аурудан сақтасын.
Ит басына іркіт төгілген заманға,
Итіңдеп жетпей қалудан сақтасын.

Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz