- Нұрболат, «Жекпе-жек» жобасында үлкен сахнада талай жыл бойы өнер көрсетіп жүрген тәжірибелі әншілер - Кенжебек Жанәбілов, Ғаділбек Жанай, Серік Ибрагимов, Дастан Оразбековтерді шаң қаптырып, Қайрат Нұртаспен бірге ақтық бәсекеге дейін жеттіңіз. Сынға түсуден қаймыққан жоқсыз ба? Жалпы, бұл жоба сізге не берді?

- Сәйгүлік бәйгеде шыңдалады ғой. Осы уақытқа дейін 50-ге жуық республикалық байқауға қатысып, басым бөлігінде бірінші орын мен бас жүлдені еншілеппін. Сол сияқты бұл жобаға қатысу арқылы ұтпасам, ұтылған жоқпын. Біріншіден, ел ағалары, кәсіби әншілер – Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Тоқтар Серіков, Саят Медеуовтердің бағасын, батасын алу бақыты бұйырды. Есімі еліміздегі 18 миллион халыққа ғана емес, алыс және жақын шетелдерге де тараған Қайрат Нұртаспен қатар финалға жету ерлік деп білемін. Өнерге аяқ басқанына 3 жыл ғана болған Нұрболаттың үлкен сахнада 10 жылдық тәжірибесі бар Қайраттан үйренгені, түйгені көп. Жекпе-жек қорытындысына келер болсақ, Қайраттың жеңіске жететіні шүбәсіз еді. Біз үзеңгілес, құрдас болсақ та, ол 16 жасында «Арман» әнімен танылған кезде мен үлкен сахнаны былай қойғанда, республикалық байқауларға да қатыспаған едім. Екіншіден, танымалдылығым артты деп нық сеніммен айта аламын. Жоба кезінде де, ол аяқталған соң да әндерімді іздеп жүріп тыңдайтын жандардың қатары көбейді. Үшіншіден, жанды дауыста, түрлі жанрда ән айта алатын мүмкіндігімді көрсеттім. Бір сөзбен айтқанда, тыңдарман қауым менің әуені ырғақты әндерді ғана емес, халық композиторларының туындыларын да орындай алатынымды байқады.

- Жасыратыны жоқ, бүгінде жас әншілердің көпшілігі «техникалық жағдай жасалмаған», «аппаратураның сапасы сын көтермейді» дегенді сылтауратып, жанды дауыста өтетін концерттерден бас тартып жатады. Бұған қатысты алып-қосарыңыз...

- Әріптестерімді қостай да, даттай да алмаймын. Мен – ауыл сахнасында дәстүрлі әндерді айтып өскен баламын. Ал ауылда жөні түзу қайбір музыкалық аппаратура бар дейсіз?! Ешқандай музыкалық құралдарсыз-ақ өнерімізді ортаға салып, шыңдалдық. Сондықтан барған жерімде «маған мынадай аппаратура, мынадай микрофон керек!» деп талап қоя алмаймын. Мақсатым – өнерімді сыйлап келген халық алдында шынайы болу. Оған қоса, байқауларда фонограмма қолданылмайды, қазылар алқасын жанды дауыста шырқаған әніңмен ғана таңдай қақтыра аласың. Ұстазым «жаман микрофон болмайды, жаман әнші болады» деген қағиданы бойымызға сіңіргендіктен болар, жанды дауыста өтетін бағдарламаларға, концерттерге қуана-қуана барамын.

- Кімнен тәлім алдыңыз? Қандай мамандық иесісіз?

- Қазіргі уақытта төрткіл дүниені тамсандырып, таң қалдырып жүрген Димаш Құдайберген екеуіміз - Марат Әйтеновтің шәкірттеріміз. Ұстазымыз бізге әншіліктің қыр-сырын үйретті. Ал жоғары білімді Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының кәсіби ән салу және музыка факультетінде алдым. Кейін Алматыға келген соң эстрадалық вокал бойынша сабақтарға қатыстым. Осы бағыттағы білімімді жетілдіре түскім келеді. Себебі продюсерсіз әнші біліммен ғана алға баса алады.

- Демек, «Ақылбек Жеменей – Нұрболат Абдуллиннің продюсері» деген ақпарат шындыққа жанаспай ма?

- Менің продюсерім жоқ. Ақылбек Жеменей ақыл айтып, бағыт бергені рас. Бірақ бұл - продюсерлік қызмет емес, ағалық қамқорлық.

- Байқауымызша, актерлік мамандықты да оқымағансыз. Десе де, көрермен пікіріне құлақ ассақ, «Шалғайдағы оқиға» телехикаясында Елдостың, «Көзайым» телехикаясында Сұлтанның рөлін сәтті алып шыққанға ұқсайсыз. Мұның сыры неде?

- Иә, мен кәсіби актер емеспін. Әйтсе де, жүктелген кейіпкердің бейнесін сомдау, оның болмысын, ой-пікірін көрерменге жеткізу, сол арқылы өскелең ұрпаққа тәрбие беру, ненің дұрыс, ал ненің бұрыс екенін көрсету жаныма жақын, маған ұнайды. Сөз жоқ, актерлік қызмет көп ізденіс пен терең білімді қажет етеді. Қалың көрерменнің «Көзайым» телехикаясында сомдаған рөліме оң бағасын беріп жатқаны үшін зор алғыс білдіремін. Егер жұрт Сұлтанды жек көрсе, мен қуанамын. Әлі күнге дейін көшеде кезігіп қалған жандардың кейбірі, әлеуметтік желіні пайдаланушылардың біраз бөлігі «сен оңбағансың», «бауырыңа қастық қылғаның қай сасқаның?», «жек көремін сені» сынды пікірлер білдіріп жатады (күліп). Демек, көгілдір экран алдына жиналған қауымды сәл де болса сендіре алғаным. Бірақ Сұлтан екеуіміздің түріміз ұқсағанмен, мінезіміз мүлде үйлеспейді. Негізі, мен - тұйықтау адаммын. Сондықтан табиғатыма жат, мінез-құлқымыз қарама-қайшы Сұлтанды сомдау маған оңайға соққан жоқ. Түсірілімге дейін де, түсірілім кезінде де барынша ізденіп, оның өз ойын көзқараспен, ишарат-белгімен білдіруін, әр қимыл-әрекетін жүктелген тапсырмаға сәйкес жеткізуге талпындым. Актерлік қырымды ұштай түсу үшін шетелде білім алуым керек деп ұйғардым.

- Неге шекара аспақпыз? Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасына көңіліңіз толмай ма?

- Мәселе онда емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «шетелде білім алып, оны туған елдің игілігі үшін пайдаланыңдар» деген сөзі бар. Өзге мемлекетке қу қара басымның қамы үшін емес, шекараның арғы жағында білім алуға мүмкіндігі жоқ жастар үшін, отандық кинематографияның өркендеуі үшін барғым келеді. Шетелдік шеберлік сыныптарында актерлік, режиссерлікті оқып, алған білімімді бауырларыммен бөлісуді армандаймын. Қазақ киносының дамуына үлес қосуды, жаңашылдық енгізуді қалаймын.

- Бүгінгі қазақстандық кинематографияға не жетпейді деп ойлайсыз?

- Заманауи Қыз Жібек пен Төлеген жетпейді. Әлбетте, марқұм Құман аға мен Меруерт апамыздың өнеріне таласым жоқ. Алайда жаһандану заманындағы ХХІ ғасырда жастарды сара жолға бағыттап, бойларына ұлттық құндылықтың нәрін сіңдіретін, тәлім-тәрбие құралы болар туындылар керек-ақ. Әйтпегенде, соңғы уақытта тастанды бала, жалғызбасты ана сынды өзекті өртер оқиғалар саны көбейіп кетті. Солардың алдын алу үшін осы заманға сай Жібек пен Төлегеннің бейнесі керек сияқты. Көпшілікпен кездесіп, «қандай рөлді сомдағанымды қалайсыздар?» деп сұрағанымда «сені махаббат туралы драма немесе мелодрамадан көргіміз келеді» деген пікірді жиі естимін. Халық пікіріне құлақ аспаса болмайды. Сондықтан алдағы уақытта бұл тілегін орындау үшін тырысып бағамын.

- Сұхбатыңызға рақмет! Өнеріңіз өрлеп, шығармашылығыңыз шыңдала берсін!

СұхбаттасқанҚұндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz