- Ардақ Тәтімбекұлы, баршаға белгілі, 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің ең ірі архивтерінен қазақтың төл тарихына қатысты құжаттар алынып, ретке келтірілді, ал «Рухани жаңғыру» соның заңды жалғасы іспетті. Бұл орайда не тындырылды, биыл қандай жоба қолға алынбақ?

- «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы нақты алты жоба белгіленсе, соның екеуі - атап айтайын, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» пен «Қазақстанның киелі жерлері» арнайы жобалары. Бірінші аталған жоба бйынша біраз іс-шаралар жүзеге асты. Өткен күзде Нью-Йорктан Жұмат Шаниннің скрипкашы немересі Арман Мырзағалиев, италиялық белгілі маэстро, импрессарио Леонардо Куадринидің концерттері өтті және И.Байзақов атындағы облыстық филармонияның симфониялық оркестрі осы қаңтар айында сол елге барып, өнер көрсетпек.

- Иә, бұл сапарға шақырып отырған да Куадрини ғой. Өнер сапары сәтті болсын!

- Рақмет! Оркестріміз Италияның 7 қаласында 22 концерт қояды деп жоспарлануда. Ал «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы бойынша еліміздің Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығына 78 объект енген киелі орындардың тізімі жіберілді. Оның 5-еуі - республикалық, 73-і - жергілікті маңызы бар орындар. Қазір әрбір киелі орын бойынша ақпарат әзірленуде. Бұл жұмыс 1 маусымға дейін аяқталуы тиіс. Жалпы, облыс бойынша аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру үшін «Рухани қазына» жобасы негізге алынды. Мақсат – халық санасында тарихи жаңғыруды дамыта отырып, киелі орындардың мәдени-географиялық белдеуін анықтау, қазақ мәдениетін таныту. «Рухани қазына» жобасы бойынша «Туған жер – туған ел», «Қасиетті Қазақстан» және «Қазақстанның мәдени жетістіктері» атты үш бағыт негізге алынды.

- Нақтырақ айтқанда...

- Нақтырақ айтқанда, «Туған жер – туған ел» бағыты бойынша жыл сайын ұйымдастырылатын ұлттық мәдениет пен салт-дәстүр, құндылықтар қамтылатын «Ұлы Дала елі» этнофестивалі, «Ертіс-Баян жұлдыздары» классикалық жанры мен эстрада артистерінің және павлодарлық өнер иелерінің концерті, «Өрлеу» ауылдық жерлердегі мәдениет ошақтарының құрылысы, күрделі жөндеу сынды іс-шаралар. Мәселен, өткен жылы Лебяжі ауданындағы Мерғалым ауылында клуб ашылды. Оның құрылысына 117 млн. теңге жұмсалды. Ағымдағы жылы облыстан 5 ауылдық клубқа қаржы бөлу қарастырылды. Ал өткен жылы қалалық және ауылдық жерлердегі 16 мәдениет ошағына күрделі жөндеу жасалды. Үстіміздегі жылы облыстық бюджет комиссиясы 6 ауылдық мәдениет ошағына жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін мақұлдады.

- Бәрекелді, осы жобалар іске асса, ауылдық жерлердегі мәдениет ошақта-рының жұмысы жанданып, көпшіліктің ұлттық мәдениет пен өнерден сусындауына зор мүмкіндік жасалады дейсіз ғой...

- Иә, әрине. Мәселен, биыл 6 ауылдық клубқа күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы бөлу қарастырылды. «Өнер айдыны» жобасы бойынша барлық қалалық, аудандық жерлерде вокалды музыкалық аспаптар ансамбльдері мен Павлодар қаласындағы екі жоғары оқу орнында биылғы бірінші жартыжылдықта филармония құрылмақ. Бірқатар аудан орталықтарында эстрада ансамбльдері жұмыс істей бастады. «Ертіс Promenade» жобасы бойынша Павлодар қаласындағы төменгі жағажайда амфитеатр және Катаев-Ломов көшелерінің қиылысында демеушілердің көмегімен 1200 орындық «Концерт - холл» концерт залының құрылысын бастау көзделіп отыр. Мұнда И.Байзақов атындағы облыстық филармония орналасады деп белгіленуде. Павлодар қаласындағы Усолка шағынауданында этноауыл салу қолға алынады. Сондай-ақ, облыс орталығындағы Кутузов-Шөкин көшелерінің қиылысындағы бос тұрған ғимаратта «Табиғи тарих музейін» ашу көзделіп отыр. «Тарихыңды танып біл», «Руханият ошағы», «Ертіс Cinema», «Ертіс Promenade» секілді жобалар бойынша да атқарылатын іс-шаралар белгіленді. Мәселен, «Руханият ошағы» жобасы бойынша кітапханалардың жұмысын модернизациялау, коворкинг-кітапхана орталығына айналдыру, ол үшін рухани ошақтарды компьютермен, заманауи техникалық құралдармен қамтамасыз ету, кітап, газет-журналдар үшін РАБИС жүйесін енгізу секілді жұмыстар қолға алынады. Ал «Қасиетті Қазақстан» базалық бағыты бойынша археологиялық қазба жұмыстарына арналған «Тарих сыры», «Асыл мұра» атты этнографиялық экспедиция, облыстың сакралды орындарына арналған «Жаңғырған жәдігерлер», өнерімізді насихаттау мақсатында «Шекарасыз мәдениет», «Өнер қырандары» секілді жобалар жүзеге асырылмақ. Осының барлығы халқымыздың рухани құндылығын жаңғыртуға арналмақ. Рухани құндылық - елдің мәңгілік берік тұғыры, бұл – біздің тарихымыз, мәдениетіміз бен өнеріміз, салт-дәстүріміз!

- Ардақ Тәтімбекұлы, биыл Павлодар облысының құрылғанына 80 жыл толмақ. Осы мерейтойға орай аймағымызда қандай мәдени шаралар ұйымдастырылады? Солардың ең бастысы қандай?

- Әрине, Павлодар облысының тарихы терең, республикамыздағы ең ірі өндірісті аймақтың қатарынан саналады. Сондықтан облыстың 80 жылдығын кең көлемде атап өту, осы жылдар ішінде атқарылған істер, қол жеткізген табыстар, тарихи оқиғаларды халық санасында жаңғырту ниетімен бірқатар шаралар ұйымдастыру белгіленді. Қаңтар айынан бастап әр ай сайын әр аудан, қалада осы мерейтой кеңінен қамтылып, аталып өтпек. Ең негізгі мерекелік шараны тамыз айында өтетін «Ұлы Дала елі» этнофестивалінде ұйымдастыру көзделіп отыр.

- Рақмет, Ардақ Тәтімбекұлы! Істеріңізге сәттілік тілейміз, биылғы жыл аймағымыз үшін берекелі, мерекелі болсын!

СұхбаттасқанСая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz