- Айгүл Қабдешқызы, бар күш-жігерін әлемдегі тыныштық үшін жұмсайтын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне ағымдағы айда Қазақстан төрағалық етеді. Міндеттің маңызына тоқталсаңыз.

- Қашан да дүниежүзіндегі тыныш-тықты, тұрақтылықты, татулықты қалайтын Қазақстанның ұстанымы дәл осы Қауіпсіздік кеңесімен ұштасып жатыр. Сондықтан біздің еліміздің мұндай мәртебелі міндетті атқаруы заңды деп санаймын. Жалпы, Қазақстан бұл кеңес қызметіне былтыр қаңтардан бастап араласа бастады. Ал Біріккен Ұлттар ұйымына мүше болғанына 25 жыл толды. Айта кетейін, АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция Қауіпсіздік кеңесінің қандай да бір жағдайда тыйым салу құқығына ие тұрақты мүшелері. Одан бөлек, тұрақты емес 10 мемлекет тағы бар. Соның бірі – бізбіз. Ал ағымдағы айда Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде еліміздің бұл органға төрағалық етуі осы бағыттағы «шырқау шыңы» десе болады. Атап өтерлігі, Орталық Азия елдерінің арасынан Қазақстан бірінші болып жауапты кеңеске мүше атанды әрі төрағалық етпек.

Халықаралық бейбітшілік үшін күш салу, меніңше, кез келген елдің мерейін асырады. Бітімгерлік қызмет атқару – абыройдың ісі. Айналаңда тыныштық болғаны кім-кімге де керек-ақ. Төрағалық ету кеңеске мүше елдер арасында бір айдан ауысып отырады. Аз уақыт ішінде әр ел тыныштық үшін тынымды еңбек етуге тырысады.

- Осы орайда, Қазақстан қандай түйткілдерді шешуге қарекет етпек?

- Еліміздің басты ұстанымдарының біріне айналған ядролық қарусыз әлем қалыптастыру мәселесін Қауіпсіздік кеңесінде де көтермек. Бұл жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев адамзатты жаппай жою қаруын таратпауға арналған жоғары деңгейдегі тақырыптық брифингте сөз етеді. Алқалы жиынға әлемнің алпауыт елдерінің басшылары мен министрлері қатысады деп күтілуде. Еліміз неге бұл мәселені таңдады? Меніңше, осы қадаммен әртүрлі саяси көшбасшылар, мемлекеттер арасында сенімді қарым-қатынас қалыптастыруға баса мән беру керек. Себебі, кез келген мәселені шешу үшін алдымен сенімділік орнауы тиіс. Әлемде дәл осы жағы олқы болып тұр. Елбасымыздың қатысуымен аса маңызды аталмыш мәселе талқыланса, оған қоса, министрлер деңгейінде Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдрахмановтың төрағалығымен Ауғанстан мен Орталық Азия елдері арасында өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға арналған пікірталастар жоспарлануда. Төрағалық ететін бір ай ішінде біздің тарапымыздан қаузалатын тағы бір тақырып – Таяу Шығыс жағдайы, оның ішінде палестиналық мәселе. Сонымен бірге, Сирияның ахуалы да назардан тыс қалмайды. Естеріңізде болса, былтыр Астанада Сирияның жағдайына байланысты кезекті кездесу өтті. Біріккен Ұлттар ұйымы бұл жұмыстардың жемісті өткенін атап отыр.

Негізі, ұстанымы мен бағыты бөлек, бір-бірімен кереғар елдер арасына көпір орнату оңай шаруа емес. Кеңестің көздегені - қырғи-қабақ мемлекеттерді ауызбіршілікке шақыру. Жауапкершілік жүгі ауыр, бірақ, маңызы дүниежүзі үшін аса қымбат қызметті мінсіз атқару үшін тынымсыз тірлік қажет. Сыртқы саясат саласында еңбек етіп жүрген азаматтар аталмыш органмен байланысты барынша бекемдеп, нәтижелі еңбек етуге бел буып отыр. Сондықтан әлемдік аренадағы тағы бір міндетімізді абыроймен атқарамыз деген үміттеміз.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Г.ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz