Ғасырлар бойы құпия сақталып келген тарихи сырдың ашылуына атсалысып жүргендердің бірі – Ақшиман ауылының тумасы Нұрбек Жұмаділов. Оның мамандығы тарихшы да, өлкетанушы да, археолог та емес. Дегенмен, туған жердің тарихи құпиясына деген қызығушылықтың арқасында көнеден қалған құнды жәдігерлер жинаумен айналысуда. Бүгінде оның жеке мұражайында 16-17 ғасырларда қолданылған 80-нен астам көне бұйымдар сақтаулы тұр.

- Май ауданына қарасты Ақшиман өңірінің тарихы тереңде жатыр. Бұл даланың әр тасына батыр бабаларымыздың ізі түсіп, топырағына қаны сіңген. Мұнда 16-17 ғасырларда қазақ халқы үшін аса маңызды тарихи оқиғалар орын алып, шешуші шайқастар болғаны тарихтан белгілі. Одан кейінгі патшалық және кеңестік кезеңде де бұл жерде үлкен нысандар болды. Оны ұмытпауымыз керек. Егер, осы мәселеге шындап көңіл аударып, іздестіру жұмыстарын жүргізетін болса, Ақшиман өңіріндегі Қалмаққырылған тауының арасынан сол кезден қалған көне заттарды көптеп кездестіруге болады. Мен тарихи жәдігерлерді жинауды 1992 жылдан бастадым. Содан бері көптеген садақтың оқтары, жебенің ұштары мен ат әбзелдерінің қалдықтары табылды. Меніңше ол қазақ даласында болған жаугершілік заманнан белгі береді. Сонымен қатар, тағы бір сапарымда алты атар тапанша қаруына салатын оқтың сырты, Патша үкіметінің тұсында атақты генерал-губернаторлар пайдаланған әтірдің шыны құтылары мен Кузнецев көпестің фарфор ыдысының сынығын тапқан болатынмын. Сыртында 1887 жылы жасалғаны және Сурев деген адамға сыйға берілгендігі жазылыпты. Бұл – 2003 жылы қолыма түсті. Ал, тапанша оқтарын 2016 жылы Ақсай маңынан таптым. Сондай-ақ, қазақ қыздарының күміс алқалары мен білезіктері және қас жұлғыштары да бар. Бұларды Еселбайдың ескі жұртынан кездестірдім. Мұндай заттар әрине сол кездегі қазақ аруының бейнесін көзге елестетеді және ұлт мәдениетінен сыр шертеді. Бұдан басқа 1872 жылы шыққан орыс монеталары мен қолдан соғылған шегелер де бар. Мұны осыдан екі жыл бұрын Түйежапырақ тауынан таптым,- дейді Нұрбек Жұмаділов.

Нұрбек аға Ақшиман орта мектебінде технология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Май ауданының Ақшиман өңірінде Сарыарқа даласының тағдырын шешкен үлкен шайқастар болғанын өзінің шәкірттеріне үнемі айтып жүреді.

- Бұл менің жүрек қалауымнан туындаған іс. Мақсатым – атақ-абырой жинау немесе қандай да бір пайдаға кенелу емес. Қазақтың Тәуелсіздігі үшін болған қанды қырғында талай ержүрек бабаларымыздың жанпида еткенін жас ұрпақ санасына сіңіру және осы алқаптан табылған заттарды соларға мұра ретінде қалдыру. Кейбір жәдігерлерге қомақты ақша ұсынып, сатып алғысы келгендер де болды. Бірақ, ұлт мұрасын ақшаға сатуға менің ар-намысым барған жоқ. Менің ойымша темір бұйымдарының қалдықтары жер астында да бар. Оны іздестіру үшін арнайы техника керек. Болашақта осыны қолға алу керек, - дейді ол.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz