Облыстық «Сарыарқа самалы» газетіндегі балалар мен жасөспірімдерге арналған «Айналайын» қосымшасының тұрақты түрде шыға бастағанына биыл 20 жыл толмақ.

Қазақта: «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген сөз бар. Тоқсаныншы жылдардың соңына қарай облысымыздың шығармашыл балалары үшін қолға алынған «Айналайынның» бұл күнде үлкен бір газеттің жүгін көтерген белді басылымға айналғаны қуантады. (Бұл өзімізді мақтағандық емес, жұрт айтқан пікір деп біліңіз). Қазіргі таңда бұл қосымшада балалар шығармашылығына орай, ересектер де жиі жазып, ой бөліседі, жас оқырмандарға ақыл-кеңестерін айтады, «Біз де бала болғанбыз» атты арнайы тақырыпқа естеліктерін жазады.

Иә, «Айналайын» үшін 20 жыл аз уақыт емес. Сол кезде редакциямен хабарласып, газетке қалам тартқан ұл мен қыз бұл күнде ат жалын тартып мінген азаматқа, бойжеткен қызға айналды. Бастысы - «Айналайынның» тұрақты авторларының арасында журналистика мамандығын, тіл-әдебиет саласын таңдаған жастар баршылық. Олардың біразы республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында, мектептерде, арнайы, жоғары оқу орындарында еңбек етеді, студент атанғандары да баршылық. Атап өтейік, Фархат Әміре - қазір Астана «Атамекен» бизнес орталығының сайтында, Рымбек Қабиденов - журналистика мамандығын алды, қазір «НұрОтан» партиясы облыстық филиалында, Әйгерім Сеңгірбаева - журналистика мамандығын таңдап, тіл үйрену мақсатында Сан-Францискоға аттанды, Айдана Қуанышева, Мереке Амантай, Құндыз Қабылденова - «Сарыарқа самалында», Жарқынбек Амантай «Регион» газеттерінде еңбек етуде. Басқа да ондаған авторларымыз осы салаларда өз жолын тапты. 20 жылдың ішінде «Айналайын» аймағы-мыздың журналистер мектебіне айналды.

Аға буын журналистердің айтуына қарағанда газетте балалар шығармашылығына арналған бет ұйымдастырылғанда оның атауын журналист, ақын, танымал қаламгер Қажымұрат Смағұл «Айналайын» деп ат қойып, айдар тағыпты. Содан беріде балаларға арналған арнайы бетті «Сарыарқа самалында» еңбек еткен Фарида Бықай, Айбек Қобдабай, Нұржайна Шодыр, Ақмарал Есімханова, т.б. журналистер жүргізді.

Осы 20 жыл дересінде балалар қосымшасы аймағымызда талай-талай игі істердің ұйытқысы болды. Ауыл, аудан, қалаларда тақырыптық фестивальдар ұйымдастырылды, қорытындысы облыс орталығында өтіп отырды. Қайсыбір жылы Павлодар ауданының әкімдігі «Айналайын» үшін дүбірлі той өткізіп, балалар арасында тайжарыс ұйымдастырды. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі қолөнермен айналысатын балалар арасында облыстық байқау ұйымдастырды. «Айналайын» фестивалі арқылы жыл сайын түрлі байқаулар өтіп, суретші, әнші, биші, ақын, жалпы шығармашыл балалар саны өсті. 2006 жылы қосымшада балалар айтысы ұйымдастырылды. Оған Павлодар ауданынан Алтынбек Мұқышев қатысып, үш бірдей оқушы қызбен айтысқа шықты. Соңынан бұл шара жұмбақ айтыс, қайым айтыс секілді айтыс түрлерін қамтыды. Талапты балалар, әрине, үлкен марапатқа ие болды. Өткен оқу жылында «Айналайын» арқылы Баянауыл ауданы Теңдік ауылының оқушылары мен Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл орта мектебінің оқушылары танысып, ақкөлдіктер Баянауыл жайлы, баянауылдық балалар Ақкөл тарихы жайлы жазды. Көктемде Ақкөл ауылы Баянауыл балаларын күтіп алса, күзде Ақкөл оқушылары Баянауылға сапар шекті. Екі ауылдың ата-ана, мұғалімдері үлкен шара ұйымдастырып, балалар өнер көрсетті, мешіттерде Құран оқытылып, аулаға ағаш отырғызылып, музейлерді аралады. Спорттық жарыс өтті. Журналисіміз Алпысбай Хонж:

«Ақкөл мен Теңдік арасы -
Қазақтың дарқан даласы.
Біріне бірі бауыр, дос,
Алаштың әрбір баласы.
Ұйқысын беріп, қайғы алған,
Ұлт үшін айтқан айбарлы ән.
«Айналайыннан» айналдым,
Алтын көпірге айналған»
деп толғанса, Ардақ Қарғожин:

«Баянның елі - Қаныштай дана
туған жер,
Ақкөлдің елі - әнші Естай дара
туған жер.
Баянның елі - Мәшһүрдей ғалым
жыр қылған,
Ақкөлдің елі - Исабек ишан
туған жер!...», - деп осынау кездесуде қос ақын да жыр толғады.

Ана жылдарда қосымша ашылған уақыттан бастап газеттің таралымы күрт өсті. Баласының шығармашылықпен айналысуын қалаған жүздеген ата-ана «Сарыарқа самалын» жаздырып алатын болды.

Қосымшаның тұрақты авторлары Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сүлеймен Баязитов, неміс тілінің маманы, аудармашы екібастұздық Рауза Мұсабаева, орыс тілінің аудармашысы Серік Сатыбалдин, балаларға өнегелі өмір туралы жиі жазатын Зейнеш Рақышқызы, Қайрат Әбен, талай жылдардан бері қосымшаның психолог-кеңесшісі болған ұстаз Жүніс Қажықатов, қазіргі психолог-кеңесші, Қазақстанның Құрметті мұғалімі атағының иегері Бақыт Бейсекеева, т.б. авторларға ең алдымен алғыс білдіреміз.

Әр жылдарда «Айналайынға» жергілікті ақындар мен сазгерлер, бірнеше ән, әнұран жазды, студент жастар, оқушылар, ата-аналар өлеңдер шығарды. Кезінде газетімізбен танысып, жылы лебіз білдірген әйгілі ақын Фариза Оңғарсынова: «Мен кеңестік кезеңде «Пионер» газетінде редактор болдым. Сол жылдарда газетке жиі қалам тартатын балалардың арасынан үлкен журналистер, жазушылар өсіп шықты. Олар нағыз шығармашыл, ұлтжанды азаматтарға айналды. Павлодардың облыстық газетінен жарыққа шығып тұрған «Айналайын» республикалық сол басылымдардан кем емес екен. Ақ жол болсын!»  деген еді. Балалар тақырыбына жиі қалам тартқан белгілі қаламгерлер Мұзафар Әлімбай мен Мүбәрак Жаманбалинов аталарымыз да «Айналайын» қосымшасына игі тілектерін арнаған еді, өздерінің де шығармаларын ұсынды. Мұзафар аға «Айналайынға» бір кітабын сыйға тартқан-ды.

Биылғы жылы «Айналайын» қосымша-сының шыға бастағанына 20 жыл толмақ. Соған орай газет бетінде балалар шығармашылығына арналған бәйгелер, байқаулар ұйымдастырылып, Құрмет тақтасы жасалмақ. Оған тек газет редакциясы ғана емес, басқа да салаларды тарту жоспарға енгізілді.

Баланың да, жастың да, қарттың да қызықтап оқитын, асыға күтетін басылымына айналған «Айналайын» көпшіліктің жүрегіне жол тапқан басылымға айналғаны қуантады. Әрине, газеттің мазмұнын арттыра отырып, жас оқырмандарымызды ұлттық рухани, әдеби-мәдени салаға бағыттап, қызықты материалдар беруді жалғастыра беретін боламыз. Балалардан да қызықты, мазмұнды хаттар күтеміз.

Сөзімізді баянауылдық ақын жігіт (осы өлеңді шығарғанда оқушы еді) Ахмет Ахмадидің өлеңімен түйіндейік:

Арнау

Тұлпарға топқа түспей өсем деген,
Жырыммен болашаққа көшем деген.
Сен едің, «Айналайын», жаршы болған,
Қыранға қанат берген төселмеген.

Санаға ақыл-ойын құйып келген,
Бала көп сені шексіз сүйіп келген.
Сен едің, айналайын, барлығын да,

Көрсеткен асқар-асқар биіктерден!
Мен бүгін өзімше бір толғанайын,
Сен едің жас балаға болған Айым.
Өсірген өремізді биіктерге,
Бір өзіңе мың алғыс, «Айналайын»!

Қазақ көзінің ағы мен қарасындай баласын жақсы көргенде: «айна-а-а-лайын, қоңыр қозым» деп толғанып, маңдайынан иіскеп, елжірейді. «Балалы үй - базар» деген, ендеше, құрметті ата-ана, оқырман қауым, қазақтың әр шаңырағында күлшашары көп болып, отбасын базарға айналдырсын! Балаларыңыздың былдыр-былдыр тілі ана тілінде шығып, сіздерді «Әке, ана» десін, қазақтың өлең-тақпағын жаттасын, шығармашылықпен айналыссын, кітап, газет, журнал оқысын, білім көкжиегі кең болсын. Ал балаңызды игі жақсылыққа бастайтын жолашарды «Айналайын» деп таныңыз! Жазыңыз, жазылыңыз, балаңызды таныстырыңыз! Ал біз Сіздерді күтеміз!

Сая МОЛДАЙЫП, «Айналайын» қосымшасының үйлестірушісі.

saryarka-samaly.kz