1969 жылы Нарынқол халық театры Москвадағы Бүкілодақтық Халық Шаруашылық көрмесінде оншақты күн концерт беруге жолдама алып, біраз жастармен бірге барып, өнер көрсеттік. Кейін, 1970 жылы Алматы шет ел тілдері институтына түстім. Еліміздің әр түкпірінен келген тобымыз ерекше белсенді, талантты жастарға толы еді. Олар - Ораз Тәттібаев, Әлия Райымқұлова, Айнажан Үкібаева, тағы басқалар театр, концерт залдарында талай өнер майталмандарының өнерін қызықтадық. Институтта да түрлі сайыс, іс-шараларды ұйымдастырудың бел ортасында жүрдім. Жұбан Молдағалиевтың «Мен Қазақпын» поэмасынан үзінді оқып, студенттердің көркем өнерпаздар байқауында жеңімпаз болып, сонау Украинадағы Горловка қаласында Студент жастар форумына делегат болып қатыстым. Сол кездегі жастардың ұлттық өнерге, қазақтың белгілі өнер иелері, қаламгерлер шығармашылығына деген қызығушылығымыз шексіз еді.

Әлі есімде, Қаскелең қаласындағы Абай атындағы орта мектепте іс-тәжірибелік практикадан өткенде қызықты кездесулер ұйымдастырдық. Сол кездегі балаларға арналған республикалық «Балдырған» журналының редакторы Мұзафар Әлімбаевты оқушылармен кездесуге шақырмақ болдық. Жетпісінші жылдардың басында Мұзафар ағаның шығармашылығымен танымал болған, әндері де ел арасына кеңінен тараған кезең еді. Редакцияға барсақ, сол жерде композитор Әсет Бейсеуов аға екеуі қуаныш үстінде отыр екен. Мұзафар ағаның «Маралдым» әні Қазақстан композиторлар одағында бекітіліпті. Маралды - ағаның туған жері, өскен елі. «...Топырағыңнан нәр алдым, Көзіндейсің сен маған, Атам менен анамның» деген жолдары Маралдыға арналған. Бұл ән кейін Алты алаштың баласына кеңінен тарап, әркімге туған жер қасиетін ұқтыратын, сағынышыңды қозғайтын тамаша бір шедеврге айналды емес пе?!

Қос таланттың осынау қуанышына куә болғанымызға өзіміз де мәз болдық. Мұзафар аға біздің шақыруымызды қабылдап, келіскен күні екеуі мектепке келді. Бұл - 1974 жылдың 10 қазаны еді. Мектеп ұжымы, оқушылары тегіс жиналды. Кездесуде Мұзафар аға да, Әсет аға да ағынан жарылып, шығармашылықтарымен бөлісті. Мұзафар аға Ұлы Отан соғысына қай жерден, қалай аттанғанын, сұрапыл соғыста от кеше жүріп, шығармашылықты, әдебиетті ұмытпағанын айтты, бейбіт өмірдегі тіршілігін, еңбек жолын әңгімелеп, өз өлеңдерін оқыды. Майдангер ағаның туған елі мен жеріне деген махаббатын естіп, тәнті болдық. Жастарға үлкен өнеге боларлық әңгімелері қандай?! Ал композитор Әсет аға - ақындармен жұмысы жайлы сыр шертіп, біздерді өз әндерімен таныстырып, бірге ән салдырып кешімізді қызықты, мазмұнды етті. Осы кездесуден ағалардан қолтаңба алдым. Мұзафар аға өзінің «Балдәурен, шіркін, балалық» атты кітабына: «Әстерхан қарындасыма! Елге сіңірген еңбегіңмен бағың жансын!» Мұзафар. 4.10.74. деп қол қойып берді. Ағаның қолтаңбасы, айтқан әңгімесі өмірімде ерекше орын алды, берген батасы қабыл болды. Тағдырдың жазуымен мен Павлодар қаласының тұрғыны, кезінде Мұзафар ағамыздың жұбайын жақсы білетін, сол жылдары педагогикалық училищеде оқыған Күлғайша Сағынбайқызының келіні болдым. Ол кісі де ағамызды жылылықпен есіне алып отыратын. Өзім Екібастұз, Павлодар қалаларында 40 жылдан астам еңбек етіп, бағым жанды, талай марапаттарға ие болдым, ардақты келін, 3 баланың анасы, немерелердің әжесімін. Мені өмір бойы ақын-жазушылар шығармашылығы қызықтырып келеді. Сол ағалардың ақыл-кеңесі, тәрбиелік мәні зор өлең шумақтары мен әдемі шымшыма әзіл сөздерін үнемі оқып тұрамын, ұмытпай, реті келгенде айта жүремін.

Мұзафар ағаның дүниеден озғанына да қырық күн болды. Жаныңыз жаннатта болсын асыл аға, ер аға МҰЗАҒА!

Берік Уәлидің әніндегі мына сөздер Мұзафар ағамызға қатысты секілді.

Өлмейтіндер «Өлді деуге келмейтіндер!
Өлең болып, өмірді тербетіңдер!
Өмірге екі келмейтіндер...

Әстерхан ШОЙЫНБАЕВА, ардагер ұстаз,Павлодар қаласы.

saryarka-samaly.kz