Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының және Мәжілісінің депутаттарымен кездесті. Аймақ басшысы өткен жылы әлеуметтік-экономикалық сала бойынша атқарылған жұмыстарға, жүзеге асырылған ілкімді істерге тоқталды. Қол жеткізілген жетістіктермен қатар шешімін күткен күрмеулі мәселелер де сөз болды.

Болат Жұмабекұлы халық қалаулыларының облысымызға әрбір сапары барысында белгілі бір саладағы кем-кетік тұстарымызды түзетудің жаңа мүмкіндіктері туатынын ерекше атап өтті. Парламент депутаттарының қолдауы нәтижесінде аймақта көптеген мәселелер оң шешілді. Атап айтсақ, ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту бағытында бұрын-соңды болмаған ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облысымыздың елді мекендерінде барлығы 360 шақырым су құбыры тартылды. Жылдар бойы шешімін таппаған онкологиялық диспансердің құрылысы басталды. Мәжілістегі Павлодар облысынан сайланған депутаттар аталған мәселені Үкімет деңгейінде көтерген болатын. Екібастұз қаласындағы «сақалды құрылысқа» айналған отын энергетикасы саласына қажетті мамандарды даярлайтын оқу орталығына да халық қалаулыларының көмегімен «жан бітті».

Жалпы, 2017 жылы облыс экономикасы дамып, өнеркәсіп саласындағы өсім 106 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығы саласында да республика бойынша ауқымды жетістіктерге қол жеткізілді. Облыс әкімі Б.Бақауовтың айтуынша, өткен кезеңде тұрғын үй, жол құрылысында біршама белестер бағындырылды. Былтыр аймақ бойынша 210 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Бүгінде аудан, қалааралық жолдардың 72 пайызының сапасы жақсы. Алдағы жылы бұл көрсеткішті 90 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Аймақ басшысы алдымызда осы тектес көптеген маңызды бастамалардың тұрғанын атап өтті. Биыл өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға жоғары мән берілмек. Бұл ретте де халық қалаулыларының қолдауы маңызды.

Өз кезегінде мәртебелі меймандар облыстың бүгінгі даму келбетіне оң бағасын берді. Сенатор Манап Көбеновтің айтуынша, аймақтың әр саладағы дамуы көз қуантады.

- Соңғы жылдары облыста ауыз толтырып айтарлық жұмыстардың атқарылғанын көрдік. Әсіресе, тұрғын үй құрылысы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуда. Тірек ауылдар гүлденіп келеді. Ең бастысы, тұрақты экономикалық өсім байқалады. Атап өтерлігі, Павлодар облысы үш жылдық бюджетті сәтімен қорғап, бекітті. Аймақ дамуына қомақты қаржы құйылмақ. Десе де, мәселенің барлығы қаражатпен шешіле қоймайды. Қазына қаржысын ұтымды пайдалана білу маңызды. Алда әлі талай жоспарлар бар. Олардың сәтті жүзеге асуына бірлесіп атсалысатынымызға сенемін, - деді сенатор.

Халық қалаулылары алдағы уақытта да қолдарынан келген көмегін аямайтынын жеткізді. Қазірдің өзінде қандай бағыттарға ерекше мән берілетіні белгілі болып отыр. Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркинаның айтуынша, қоғамдық қабылдау барысында тұрғындар тарапынан дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі жиі көтерілген. Депутаттар алдағы уақытта тиісті министрлік өкілдерімен бірге аталған мәселенің шешімін табуға тырыспақ.

Парламент Мәжілісіндегі тағы бір өкіліміз Айзада Құрманова көші-қон мәселесі бойынша үкіметке депутаттық сауал дайындалып жатқанын айтты. Оның бірі, еліміздің оңтүстік өңірлерінен жұмыссыз азаматтарды солтүстік аймақтарға қоныс аударту жайына қатысты болса, екіншісі, шет мемлекеттерден оралған қандастарымыздың жағдайын күйттейді.

Кездесу барысында депутаттардың назарына бірқатар мәселелер айтылды. Соның бірі - аудандардағы агро-техникалық колледждердің материалдық-техникалық жабдықталуының нашарлығы. Аталмыш оқу орындарында білім беру үрдісінде әлі күнге дейін кеңестік кезеңнен қалған ескі тракторлар мен техникалар пайдаланылады. Мұндай жағдайда ауыл шаруашылығына қажетті сапалы маман даярлау мүмкін емес. Тағы бір мәселе құқық қорғаушыларға қатысты болып отыр. Дәлірек айтқанда, елімізде полиция қатарына қабылдау талаптары тым қатал. Салдарынан аталмыш саладағы кадр тапшылығы мәселесі шешімін таппай келеді. Мысалы, бүгінде аймағымыз бойынша жергілікті полиция қызметінде 200-ден астам құқық қорғаушының орны бос тұр.

Облыстық онкологиялық диспансердің құрылысы басталғанымен, оның құрал-жабдықтарына қарастырылған миллиард-таған қаржы белгілі бір себептермен қысқарып қалған көрінеді. Аймақ басшысы халық қалаулыларын осы мәселеге де назар салуды сұрады.

Сөз соңында облыс әкімі Б.Бақауов қос палата депутаттарының өңірімізге жұмыс сапарлары барысында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер оң шешімін табатынына сенімін білдірді.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz