Шебер өткен жылы Астанада өткен халықаралық «ЕХРО-2017» көрмесі аясында Астанадағы Павлодар күндеріне қатысып, қонақтарды айрықша өнерімен тәнті еткен болатын.

Бұл көрмеге қолөнер шеберінің ағаштан ойып, қашап жасаған сағат, барометр, бедерлі картиналар мен панно секілді түрлі жанрдағы 36 бұйымы көрермен назарына ұсынылды.

Бала кезінен қолөнерімен айналысқанды ұнатқан Сергей Колокольцев Алтай аймағының Ключи аудан орталығындағы суретшілер мектебін бітіргеннен кейін Семей педагогикалық институтының сурет-графика факультетіне түседі. Өмір бойы шығармашылықпен айналысып, ағаштан ою ойып, түрлі бейнелерді, заттарды бедерлеп келе жатқан шебердің жетістіктері аз емес. Ірі қалаларда оның бірнеше дербес көрмелері өтті, Павлодардағы Көркемөнер музейінде, Астана галереяларында, Алматы, Новосібір және Барнаул қалаларындағы музейлерге картиналары қойылды. 2004-2007 жылдарда «Банк Туран Әлем» АҚ-ның Екібастұз филиалының мекемесінде шебердің дербес көрмесі зор жетістікпен өткен болатын.

- Мен Павлодар облысына шығармашылық сапармен жиі келіп тұрамын. Бұл жақта мен өнерді бағалай білетін көпшілікке танылдым. Алдағы уақытта шығармашылықпен айналысуды жалғастыра беремін. Бала кезден армандаған өнерім биікке жетелеп келеді, - дейді Сергей Колокольцев.

Ағаштан ою-өрнекті мүсін, басқа да заттар жасау қиын, көп еңбектенуді, ізденуді талап ететін шығармашылық жұмыс. Алайда, өнердің осынау күрделі әлемінен өз орнын таба білген С.Колокольцев бұл күнде нағыз шығармашылық өнерінің шарықтаған кезеңінде еңбек етуде. Көрмеге ұсынылған «Бәйтерек», «Салтанат», «Армандар орындалады», «Айсұлудың әні», «Көкпар» секілді қазақтың ұлттық руханиятына арналған бұйымдары көрмеге келушілердің назарын аударуда.

С.ТАУҚЫЗЫ, Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz