Жаңа жыл мерекесінің алдындағы түні Успен ауданының 62 жастағы тұрғыны облыс орталығындағы дүкендердің бірінің алдында ұйықтап қалған. Қалаға Жаңа жыл мерекесін тойлау үшін келген болса керек. Бірақ ащы суды асыра сілтеген ол бағытынан жаңылып, далада қалған. Тіпті, өзімен бірге алып жүрген қомақты қаражаты мен ұялы телефонын да жоғалтып алуы мүмкін еді. Абырой болғанда, дер кезінде кездескен тәртіп сақшысы оның алдын алды.

- Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Қайрат Қайырбеков мереке қарсаңында әкімшілік учаскеге тексеріс жүргізіп, мас күйінде ұйықтап жатқан 62 жастағы ер адамды кездестірген. Өз күшімен жүре алмайтын болғандықтан, полиция пунктіне дейін көтеріп апару үшін өтіп бара жатқан адамдардан көмек сұрапты. Мекемеге келіп, құжаттарын тексерген кезде тұрғынның қалтасынан қомақты ақша және ұялы телефоны шығады. Полиция қызметкері ұялы телефонында сақталған қызының нөмірін теріп, оған әкесінің жағдайы туралы хабар берген. Содан кейін полиция бөлімшесіне келген жақындарының қолынан қолхат алып, ер адамның қалтасынан шыққан 845 000 теңгені қайтарып берген, - дейді облыстық ІІД баспасөз қызметінің мамандары. Қазақта «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деген сөз бар. Бірақ Қайрат ондай теріс қылыққа бармады. Ес-түссіз жатқан адамды бөлімшеге жеткізіп қана қоймай, қалтасындағы қомақты қаражатты жақындарының қолына салуы нағыз азаматтықтың белгісі емес пе?!

Кейін Успен ауданының тұрғыны өзіне көмек қолын созған полиция капитаны Қайрат Қайырбековке алғысын білдірді. Ал облыстық ішкі істер департаментінің басшылығы алдағы уақытта полицейді арнайы марапаттауды қарастыруда.

Әзірлеген - Т.САХАБА.

saryarka-samaly.kz