- Ернұр Ерматұлы, осы жылдағы басты өзгерістердің бірі – жаңа Салық кодексінің күшіне енуі. Бұл құжаттың бизнес үшін тиімділігі неде?

- Кодекс шағын және орта бизнесті дамытуды көздейді. Аграрлық сектор, геологиялық барлау мен жерді пайдалану, өндіріс пен инвестиция салаларына қатысты өзгерістер қарастырылған. Айталық, шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтар үшін бірыңғай жер салығы сақталады. Бірақ 2020 жылдан бастап жалпылай декларациялау енгізілуіне байланысты салық салу объектілерін қайта қарау ұсынылады. Яғни, салық жер телімінің бағалау құнына негізделмей, айналымның 0,5 пайыздық мөлшерлемесі деңгейінде бекітіледі. Ал ағымдағы жүктемені сақтау үшін әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қорына аударылатын ақы көлемінің азаюы есебінен әлеуметтік салық 11 пайыздан 9,5 пайызға дейін төмендетілді. Сондай-ақ, жаңа Салық кодексінде шағын және орта бизнеске талап қою мерзімі 5 жылдан 3 жылға қысқартылды. Байқағандарыңыздай, кәсіпкерлердің өз ісін жүргізуі үшін заңдық тұрғыдан мүмкіндігінше мол жағдай жасалды.

- Ал қандай жеңілдіктер алынып тасталды?

- Тиімділігі жоқ жеңілдіктер мен бірқатар төлем күшін жоймақ. Мәселен, бұдан былай аукциондардан алым алынбайды, кеме жолдарын пайдаланғаны үшін ақы төленбейді. Себебі мемлекет бұл салаларда қызмет көрсетпейді және рұқсатнама бермейді. Ойын автоматтарының қызмет көрсетуі, лотерея билеттерін, пошталық төлемдердің мемлекеттік белгілерін сату бойынша табыс айналымына қосылған құн салығынан босату жеңілдігі де болмайды.

- Жасыратыны жоқ, кәсіпкерлердің басым бөлігі салық органдары тарапынан тексерістің көптігін айтып, шағымданып жатады. Осы бағыттағы жұмыс қалай оңтайланбақ?

- Мемлекеттік кірістер органдары мен салық төлеушілер арасындағы әрекеттестік ережелерін айғақтау мақсатында салық процесін басқару қағидалары енгізілді. Салықтық тексерістер жүргізу кезіндегі қос тараптың құқықтары мен міндеттері нақтыланды. Тәуекелдерді басқару жүйесі түбегейлі қайта қаралды. Жоғарыда аталғандарға сәйкес, ынталандыру және бақылау шаралары сараланған түрде жүргізілетін болады.

Тәуекелдер төмен деңгейде болған жағдайда бірқатар жеңілдік қарастырылады. Олардың қатарында салықтық тексерістердің болмауы, есеп тапсыру, қарызды өтеу мерзімін өзгерту, мониторинг жүргізу мүмкіндігі бар. Жалпы, салық саясаты тексерістер санын азайтуға мүдделі. Егер бизнес субъектілері салықтық, кедендік міндеттемелерін уақытылы, толық орындаса, оларға ешқандай қиындық да туындамайды.

Озық әлемдік тәжірибе негізінде «жоғарыдан төмен мониторинг» жүйесі енгізілді. Бұл жүйе аясында жасалатын жеңілдік алдын ала түсіндіру жұмыстарына байланысты. Айталық, өкілетті органның позициясы өзгеру салдарынан салық төлеуде ағаттықтар кетсе, «жоғарыдан төмен мониторингтегі» салық төлеушілер мен инвестициялық жобаны жүзеге асыратын ұйымдарға қатысты айыппұл санкциялары қолданылмайды. Демек, кәсіпкердің ісі неғұрлым алға өрлеп, табысты болса, соғұрлым ынталандыру, жеңілдік жасауға қатысты шаралар көп болмақ.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz