Павлодар өңірінде кәсіп ашып, ісін бастауды қалаған шетелдіктер алдымен ғаламтордан мағлұмат іздейтіні айдан анық. Бірақ мұнда мардымды ақпарат бар деуге келмейді. Агенттіктің өткен жылғы жұмысын саралаған облыс әкімі Болат Бақауов сайт жұмысын сынға алды. Бұл ресурста инвестициялық жобалар туралы барлық ақпарат жіпке тізілгендей болуы тиіс. Жобаның құны, мақсаты, қайда жүзеге асатыны, қандай мемлекеттік қолдау көрсетілетіні, шығыны қанша уақыттан кейін ақталатыны – бәрі көзге көрініп тұруы керек. Іс жүзінде оның бірі де жоқ. Сайттың уақытылы жаңартылмайтыны тағы бар. Мәселен, Қалқамандағы элеваторды сатып алу үшін инвестор керек екені туралы хабарландыру әлі күнге дейін тұр. Ал оны осыдан біраз уақыт бұрын ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі сатып алған еді. Тіпті, сайттағы кей жобалардың жанында «Фурманов көшесі», «Май ауданы, Успен ауылы» сынды қисынға келмейтін мәліметтер бар.

- Түрлі ақпараттық кітапшалар таратумен жұмыс бітпейді. Бірінші кезекте сайт жұмысын мықтап қолға алу керек. Павлодар облысында кәсіп ашуға ниетті адам осы ресурстан барлық мәліметті алып, қызығушылығы артып, біздің өңірде ісін бастауы қажет. Ал сайттың мына сиқынан соң бізге инвестор келеді деу қиын. Себебі оны қанағаттандырар ақпарат жоқ, - деді Б.Бақауов.

Бұл ретте аймақ басшысы агенттік қызметкерлерінің жұмы-сын да саралады. Мекеме директорының міндетін атқарушы Әнуар Мұқышевтің айтуынша, штат бойынша 12 адам жұмыс істейді. Барлығы дерлік бірнеше тілді меңгерген, біліктілігі жоғары мамандар. Болат Жұмабекұлының пайымынша, оларға барлық жағдай жасалғанмен, жүктелген міндетті өз деңгейінде атқара алмай отыр.

- Агенттік жұмысын жүргізу үшін ай сайын 2 млн. теңге бөлінеді. Басшылық қызметтегілердің жалақысы – 250 мың теңге, жобалар бойынша кеңесшінің айлығы – 180 мың теңге. Сөйте тұра, өнімді еңбек байқалмайды, - деп сынады Б.Бақауов.

Оған қоса, агенттіктің мойнында 17 млн. теңгеден астам берешек бар. Қаражаттың басым бөлігі іссапар шығындарын өтеуге жұмсалатын көрінеді. Әйтсе де, сол іссапарлардан ауыз толтырып айтарлық нәтиже жоқ. Жаз уақытында мамандардың көбі Астанаға ағылып, ЭКСПО-2017 көрмесі жанынан құрылған облыстың инвестициялық орталығында жұмыс істегенмен, содан шыққан әлеуеті жоғары жобалар некен-саяқ. Бұл ретте облыс әкімі Болат Жұмабекұлы 2 жыл аралығында жасалған 46 меморандумның екеуі ғана жүзеге асқанын атап өтті. Ал биылғы жоспар туралы сұрағанында, агенттік өкілдері нақты жауап бере алмады. Жиынды түйіндеген аймақ басшысы инвестиция-лар тартуға жауапты мекеменің жұмысы көңіл көншітпейтінін айтты.

- Агенттіктің жұмысы бағалауға да келмейді. Осы уақытқа дейін атқарылған шаралар ішінен іліп алуға тұрары жоқ. Себебі қызметкерлер бұл жұмысты түсінбейді, білмейді немесе істегілері келмейді. Сондықтан бірінші тоқсаннан кейін қайта жиын өткізіп, жұмысты тағы да саралайтын боламыз. Сол кезде «бізге Инвестиция-лар тарту бойынша агенттік керек пе, жоқ па?» деген сауалға жауап аламыз деп ойлаймын, - деп қорытындылады Б.Бақауов.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz