Біз бен тебен - серігі

Таң шапағымен таласа тұрып, қас қарайғанша біз бен тебенді жанына серік қылатын етікшілердікі - нағыз еңбек. Келісесіз ғой?

Жасыратыны жоқ, етікшілік кәсіпке мұрнын шүйіре қарайтындар бар. «Кедейдің кербезінен сақта» дегендей, екі қолға бір күрек таба алмай отырып, етікші болудан арланатындар аз емес. Бірақ кейіпкеріміз Әнуарбек Жұмабаев өз кәсібін нағыз табыстың көзі деп санайды. Көпшілік қырын қарайтын кәсіп түрі болса да, күнделікті нәпақасын біз бен тебеннің арқасында айырып отыр.

Әнуарбек Айдарханұлы 1965 жылы Павлодар ауданына қарасты Шақат ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебін бітірген соң бірден әскерге аттанады. Отан алдындағы борышын өтеп, елге оралған соң анасына қолғабыс етеді. Бауырларын жеткізу үшін ерте еңбекке араласты. Айтуынша, бірде өзінің аяқ киімін жөндету үшін бір шеберханаға барып, әзербайжан азаматымен танысады. Осылайша шеберханаға күнделікті бара жүріп, аяқ киім тігуге деген құлшынысы ояна бастайды. Бастапқыда бірнеше жыл бойы түрлі шаруаның басын бір шалған Әнуарбек Айдарханұлы ойлана келе, өзінің жаны қалаған кәсіпке бет бұрады. Содан бері осы кәсіпті нәсіп етіп, еңбектеніп келеді.

- Менің осы кәсіпті меңгеруіме әзербайжан азаматының ықпалы зор болды. Ол өз кәсібінің жілігін шағып, майын ішкен шебер еді. Жеке шеберханасы бар болатын. Алғашында қызығушылық танытып, кейін осы салаға машықтандым. Осылайша бар өмірімді осы кәсіпке арнап, нәсібімді тауып жүрмін. Оған еш өкінбеймін. Керісінше, екінің бірінің қолынан келе бермейтін тиянақтылықты, шеберлікті, шыдамдылықты талап ететін етікші жұмысының қыр-сырын игергенімді мақтан тұтамын, - дейді ол.

Оның етікші кәсібін игергеніне 20 жылдан астам уақыт болыпты. Бүгінде Павлодар қаласының қақ ортасындағы шағын орынды жалға алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. «Кәсіпті алып кету үшін ең бастысы ынта мен жігер керек» дегенді алға тартады.

Әнуарбек - аяқ киім жөндеудің хас шебері. Ол осы кәсіптен табыс табуға болатынын дәлелдеп жүр. Мұндағы ең арзан қызмет құны 200 теңге болса, жұмыстың қиындығына қарай ең қымбаты - 6-7 мың теңге. Айтуынша, аяқ киімді жөндеуге қажетті құрал-жабдықтарға айтарлықтай қаржы жұмсалмайды. Тек әрбір қажетті затты молынан алып қойса, біразға жетеді. Қолындағы бар құрал-саймандарды, тігін машинасы мен станоктарды пайдаланады. Көбі - қолдың жұмысы. Қазіргі шеберханасын осыдан 3 жыл бұрын жалға ала бастаған. Оған дейін 2-Павлодарда етік жөндеуге арналған дүңгіршегі болған. Қазір әке жолын қуған тұңғыш ұлы Тимур сол дүңгіршекте етік тігумен айналысады.

Төзім мен ептілікті талап етеді

Әнуарбек Айдарханұлының шеберханасына арнайы бас сұқтық. Бөлменің бір шетіндегі сөрелерде аяқ киімнің түр-түрі тұр. Етікшінің алдында аяқ киім тігуге, жөндеуге керекті құрал-сайман орналасқан. Бір қабырғасында толығымен етік тігуге қажетті материалдар ілініп тұр. Күніне оған жиырмаға жуық тұтынушы аяқ киімін жөндетуге келеді. Қол қусырып, қарап отыратын күндеріміз де болады, дейді ол. Жөндеуге тапсырылған аяқ киімдердің көптігі сонша, етікшінің отыратын жері көрінбей қалған. Міне, осындай жайсыздықтарға қарамастан, етікші шеберханасына келген тұтынушыларды әрдайым жылы шыраймен қарсы алып, көңілін табуға тырысады. Әріптестері де Әнуарбектің осы қасиеттеріне және өз кәсібін жетік білетініне сүйсіне қарайды. Ең бастысы, олардыкі – адал еңбек.

«Ерінбеген етікші болады, ұялмаған өлеңші болады» деген халық тәмсілі кейіпкеріміз тура Әнуарбек үшін айтылғандай. Өйткені етікшілік тек тиянақтылықты ғана емес, аса шыдамдылықты да қажет етеді. Әу баста шебердің ісіне сын айтып, реніш білдіретін «қырсық» клиенттер де көп болған. Иә, етікші болу – еріккеннің емес, тіпті, екінің бірінің қолынан келе бермейтін кәсіп түрі. Көш жүре түзеледі дегендей, ісіне машықтанған азамат кейінгі уақытта, керісінше, алғыс айтып кететіндердің қатары артқанын айтады. Елдің ықыласына бөлену - мен үшін бір ғанибет, дейді ол.

- Тұтынушы әртүрлі болады. Бірі жөнделген аяқ киімді ұнатса, бірі «мына жері дұрыс тігілмеген, қайта жасап беріңіз деп тұрып алады. Ал кейбір адамдар жөнделген аяқ киімдерін «мынау менің аяқ киімім бе?» деп таң қалып жатады. Мұндайда тұтынушының көңілінен шығып жатса, іштей қуанып қаламыз. Ал әлгіндей қырсығып тұрып алатын адамдарға амал жоқ, қайта жасап беріп жатамыз. Бірақ біз өз ісіміздің дұрыс жасалғанын біліп тұрамыз. Өйткені қай аяқ киімді қалай жөндеудің әдіс-тәсілін меңгеріп алғанбыз, - дейді етікші.

Сұлуынан жылуы

Етікшінің шеберханасында жиналған аяқ киімнің түр-түрі тізіліп тұр. «Мынау Ресейдікі, мынау Түркиянікі, мынау Қытайдікі» деп сөрелерінде самсап тұрған аяқ киімдердің бірқатарын қолмен нұсқап шықты шебер. Сонысына қарай сапасы да әрқилы. Қазіргі базар қытай тауарларынан аяқ алып жүргісіз. Солардың ішінде ең жақсысын таңдап алдым дегеніңізбен, оны да бір жылдан артық кию мүмкін емес, дейді ол.

Етікшінің айтуынша, қазіргі етіктердің көбі сапасыз. Бұрынғы етіктердің ұлтарағының астында жұп-жұқа қабаттан арнайы жасалған қатты зат болған екен. Ол аяқты майтабан болудан және жағымсыз иіс шығудан сақтайды. Қазіргі сапасыз аяқ киімдер денсаулыққа өте зиян. Себебі олардың көбі аяққа қонымды келе бермейді. Ұлтарағы, табаны өте жұмсақ аяқ киімдер майтабан, буын ауруларын тудырады. Аяқ киім әдемі көрінуі үшін өндірушілер терінің астына паралон салады екен. Бұл материал ауа өткізбейтін болғандықтан, аяқты терлетіп, түрлі аурулардың тууына себепші болады.

Иә, еліміздегі сауда орындарын Қытай тауарынсыз елестету мүмкін емес. Өндіру жағына келгенде алдына жан салмайтын Қытай қазір бізге өз өнімдерін молынан ұсынып отыр. Әзірге киіміміздің бүтіндігі мен аяғымыздың жылылығын шығыстағы көршіміздің қолына сеніп тапсыра тұруға тура келеді. Әлемде 10 млрд. жұп аяқ киім өндірілді деп есептесек, соның 6 миллиарды қытайдікі болып шығады екен. Бұл көрсеткіш сол елдің аяқ киім нарығындағы әлеуетін айтып тұр. Олардың тауарын тұтынуда біздің ел де ешкімге дес бермей келеді.

Арланбаған абзал

«Біз бен тебен ұстау қолдан келмейді» деп, қол қусырып қарап отыруға болмайды. Шебер осыны тілге тиек етті. Жасыратыны жоқ, қазір жұмыссыздық мәселесі - күйіп тұрған тақырып. Қайсыбір саланың да алғашқыда қиындығы болады. Бірақ салаға сіңіп кету де әрбір адамның ниетіне, талпынысына байланысты. Етікші болуға намыстанып, «одан да жұмыссыз жүргенім жақсы» дейтін адамдарға кейіпкеріміздің ұстанымы ой салары анық. Түсінгендерге, әрине. Тарихқа көз жүгіртсек, етікші кәсібі қай кезде де бағаланған. Мәселен, Еуропада Сальваторе Феррагамо, Паскуале Фабрицио сынды етікшілердің есімі тарихқа алтын әріппен жазылған. Олай болатыны, Сальваторе Феррагамо қарапайым етік-шіден аяқ киім тігетін зауыттың бастығына айналған. Бүгінде Италияда Феррагамоның мұражайы бар. Ал Паскуале Фабрицио болса, Мадонна, Риана, Анджелина Джоли сынды америкалық әйгілілердің аяқ киімін тігіп, байлығын еселеп отыр. Тіпті, кәрі құрлықта «жұлдыздар қаншалықты танымал болса, олардың етікшілері де танымал болып, жұлдызға айналады» деген түсінік қалыптасқан. Бұдан шығатын қорытынды, қай іс болмасын, оның ішінде етікші қашанда керек әрі керемет кәсіп иесі болып қалады.

P.S. Біз етікші Әнуарбек Жұмабаевтың бойынан өз ісіне деген құлшынысын байқадық. Қол-аяғы балғадай, еңбекке жарамды бола тұра, көшеде көрінгенге алақан жайып, тіленіп жүрген кей азаматтар осындай кәсіп иелерінен үлгі алса дейміз. Десе де, кербездік кернеген кедейдің қолы етікшілікке бара қоюы екіталай. Әйтпесе, бұл кәсіпке жоғары білімнің де қажеті жоқ. Қарапайым ине мен біз осындай қаншама отбасының нәпақасы болып отыр.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz