Әуелде бұқаралық ақпарат құралдары уағыз айтушы адам - Ризабек Батталұлын Қазақстанның бір мешітінің имамы деп жариялады. Кейін белгілі болғандай, ол Нұр Мүбәрак университетінің қызметкері болып шықты.

Бейнежазбада әлгі азамат тәмам ер адамдардың алдында сөз сөйлеп, ислам талаптары бойынша жазықты болған әйелдердің сазайын тартқызудың жолдарын тәтпіштейді. Алдымен қазақ атамыздың қамшысының төрде ілулі тұру себебіне «терең ой» жүгіртіп, әрі қарай әйелді бетіне қол тигізбей, сүйегіне де зақым келтірмей ұрудың тәсілдеріне көшеді. Уағызшының ынта-эмоциясына қарап, аталған тақырыпқа ерекше қызығушылықпен келгенін байқайсыз. Ер-азамат үшін әйелден артық жауыз жоқтай, барлық сәтсіздіктер солардың кесірінен деп ойлап қалуға да болады. Бірақ қазіргідей зайырлы, өркениетті қоғамда әлгіндей насихаттың қалай қабылданатынын алдын ала болжауға болады.

Сол болжам расталды, әйелді ұрудың жолдарын ұсынған азаматтың әрекетін қызу талқыға салушылар қарасы көп болды. Қай-қайсысы болмасын, уағыз айтушының теріс әрекетіне наразылық білдіріп, қазақ ешқашан да анасын, әйелін, қызын, қарындасын ұрып-соқпаған халық екенін еске салды.

Аталған тақырыпқа қатысты пікір білдірушінің бірі - Павлодар қаласы конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры Гүлназ Раздықова. Ол әлгіндей әрекетті надандыққа балайды.

- Желіде уағызшының әйелді қалай «дұрыстап ұрып-соғу» қажеттігін айтқан бейнежазбасын көрдім. Мұқият түрде, ешқандай да беті-еті көгеріп қалмасын деп үйретіп жатыр екен. Мен ешқашанда әйел мен ер адамның тең құқығын көздеуші немесе ислам дініне кереғар көзқараста болған емеспін. Бірақ осындай мазмұндағы бейнежазбаларды көргенде, кәдімгідей негативті көңіл-күйде қаламын. Бәлкім, бұл менің ең алдымен әйел және мұсылман екеніме байланысты болар. Осы орайда көкейімде бірнеше сұрақ туындайды. Бірінші, интеллектуалды және өркениетті ислам діні қайда? Ондай дін нәзік жандыларға құрмет көрсету, көмектесу секілді насихаттар айтпаушы ма еді? Пайғамбардың көмекшілерінің арасында әйелдер де болған. Тарих оны жақсы біледі. Ислам діні қазіргі әлемді өркениетті етті, әлеуметтік, отбасылық жағдайларды тұрақтандырды. Жоқ, біз қайтадан орта ғасырларға көшкіміз келеді. Екіншіден, мұндай тақырыптың көтерілуі - надандықтың белгісі. Ислам әлемі тек әйелді еш жерін көгертпей ұрып-соғуға келіп тіреле ме? Басқа тақырып қалмады ма? Сұраушының тілегі осы болса, уағызшы соны қанағаттандырып отыр. Үшіншіден, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетуге, оны насихаттауға «жер бетіндегі» заңдар еш рұқсат бермейді. Төртіншіден, күш көрсету тәртіпті қамтамасыз етудің тиімді құралы емес. Егер ер азаматты жары, сүйіктісі, қарындасы, тағы басқа әйелдер тыңдамаса, оның өз басының қадірі кемігені. Ондайда ешқандай тәсіл көмектеспейді, - дейді желі қолданушы.

Желідегі жөнсіздік тек әйел адамдардың емес, дін тақырыбын кеңінен зерттеп жүрген ғалымдардың да сөз саптауына себеп болды. Белгілі дінтанушы ғалым Мұртаза Бұлұтай өзінің әлеуметтік желідегі аккаунтында былай деп жазды:

- Кім ол сонда, сенің Құдай қосқан жарыңды сабап, ұруыңа араласатын, ерлі-байлының жанұя мәселесіне қол сұғатын деп бір сәт неге ойламайсыңдар?! Мен мұсылман елдерінің талайында болған, талай сандырақ уағызды естіген адаммын. Кейбір уағызшылар сенің әйеліңмен төсек қатынасыңның қалай болатынына дейін айтып береді, масқара! Неге осы күнгі өзекті мәселелер туралы білімді, парасатты уағыз айтылмайды?! Ылғи айтатындары хұрафи әңгімелер, керітартпа нақылдар, абсурд мәселелер, осымен дінді кірлетіп жатқандар сол ұрдажық дүмбілез уағызшылар ма жоқ әлде сол кірге қарсы тазартқыш рөлін атқаруға мәжбүр болған мен сияқтылар ма?» - дейді автор.

«Дін және ұлт» секілді діни тақырыпта жазылған кітаптар мен ғылыми-публицистикалық мақалалардың авторы Мұртаза Жүнісұлы «ұру», «соғу» сөзінің қайдан шыққанына дейін тәтпіштеп берген. Оның жазуынша, Құрандағы «дараба» етістігінің 20-дан астам мағынасы бар, «ұру» соның бірі ғана. Қазақ тіліндегі «соғу» етістігі осыған ұқсайды. Соғу сөзінің де көптеген мағынасы бар ғой, басты мағынасы ұру дегенмен, әр сөйлемде әр түрлі мағына беруі мүмкін. Жел соқты, темірді соқты, үй соқты, телефон соқты, әңгімені соқты, соғым, соқпақ, соғыс, т.б. - бәрі де осы соғу етістігінің мағыналары ғой. Ал дәл мағынасын анықтау үшін сөйлемге, мәтінге қарау керек. «Ұру» деп бірден ұру мағынасын жерден жеті қоян тапқандай қуана беретіндер неге осы ақыл айту, үгіттеу мағыналарын бергісі келмейді?! Әлде әйеліңе ақыл айт, кеңесіп көр деп аударса, аяттың мағынасы кеміп қала ма, жоқ әлде Алланың құдіреті азайып кете ме?! Әйелдеріңді ұрыңдар деп аудару Аллаға көбірек лайықты деп ойлайсыңдар ма?! Ұрып-соқса, Аллаға көбірек жағады, дін қаттырақ болады деп ойлайсыңдар ма?! Құранда әйелдерге жексұрын сипаттар берілмеген, еркек пен әйел - тең құқықты, тең дәрежелі, -
деп түсінік береді қайраткер ғалым.

Әуелде бейнежазбадағы уағызшы әлдебір мешіттің имамы деп көрсетілгенінен кейін, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Ағабек Қонарбайұлы мәліметті теріске шығарып, ресми түсініктеме берді.

«Ризабек Батталұлының: «Әйелді әркез ұрып тұруға болады», - деген уағызына қатысты түсініктеме сұраған әріптестеріме мынадай мәселелерді мәлімдеймін: Біріншіден, әлеуметтік желіде тараған бейнематериал осыдан үш жыл бұрын таспаға жазылған. Осы видео қазір қандай «қажеттіліктің» негізінде қайта жарияланып жатқанын өз басым түсінбедім. Ризабек Батталұлы осыған дейін имамдық қызметте болмаған. Ақпараттық-насихат тобының мүшесі ретінде жамағат тарапынан түскен сауалға азаматтық көзқарасын білдірген. Бүгінде Алматыдағы «Нұр Мүбәрак» университетінде қызмет етіп жүрген Р.Батталұлын «имам» деп атау - тілшілер тарапынан кеткен қате ақпарат, деген ҚМДБ өкілі кез келген уағызшының шариғаттағы шетін, нәзік мәселені өз танымы мен табиғатына салып түсіндіруіне жол берілмейтінін атады. Сол себепті, қазіргі кезде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы уағыз айтудың әдебі мен тәртібіне қатысты арнайы Ереженің жобасын әзірлеуде. Тәртіп Ережесі уағыз айтудың бірыңғай жүйесін қалып-тастыруға ықпал етеді, - деді А.Қонарбайұлы.

Бүгінде қоғамда көптеген мәселелер діни тұрғыдан да талқыланып, қабылданатынын айту керек. Өкінішке қарай, түсінді-рушінің бәрі зайырлылықтың, өркениеттіліктің өрінен табылып отырмағанына осы жағдай мысал. Хакім Абай айтқандай, «Сөз түзелсе, тыңдаушы түзелер». Бір үміт – ҚМДБ уәде етіп отырған уағыз айтудың бірыңғай жүйесінде.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz