Биылғы жылдың маусым айында Шұға ауылында ес білгеннен бірге өскен ескі досым, бесінші сыныпқа дейін бірге оқыған Жұқа (шын аты Қайырбай) Тәшімовпен кездесіп, балалық шақты еске түсіріп, әңгіме тиегін ағыттық. Ауылдың Есімбай (би болған), Ішпек, Қайыргелді, Ержан сияқты ақылгөй қариялары мен Қожан, Ахметжан, Құсниден сияқты оқуы терең моллаларын, Қасым, Төлеубай (қасқа Төлеубай), Қайыркелді, Нұрқай сияқты шалт қимылды шалдарымызды, әрі молла, әрі тәуіп болған Аябай, әрі тәуіп, әрі зергер Төлеулі аталарымызды, нақ зергерлер Мұқан, Кенжетай мен оның ағасы етікші Рымжанды еске түсірдік.

Аудан орталығы Куйбышевтен (Краснокутск) 100 шақырым жырақта, алты ай қыста үй үстінен қар басып қалатын түкпірдегі 40-50 үйлі шағын Шұғаның сол кездегі тұрмыс-тіршілігі көз алдымызға келді. Ауыл ақсақалдарының ат қойғыштығы өзгеше еді-ау. Ауылымызда екі Төлеубай болды. Оның бірі қыпшақ, адуын мінезді, шайпау, бақсылығы бар, сөзінің басы әй, қасқа деп келетін Төлеубай атамыз «қасқа Төлеубай» атанды. Екі Сейілхан бар. Біреуі - мысық Сейілхан. Оның себебі, ауылдан басқа жерге баратынын ешкімге айтпай, жанға сездірмей, үндемей жылыстап шығып кетеді екен. Екіншісі - мұжық аяқ Сейілхан. Бір аязда бақайын үсіріп алған, содан мұжық аяқ Сейілхан атанған. Бір мезет, әсіресе, қыс айында ауданмен, совхозбен байланыс үзілетін ауылдың адамдарын емдейтін емші-тәуіптерін еске түсірдік. Мен Жұқаға өзінен бір жас кіші Сәдуов Қабденнің аяғын сындырғанын еске түсірдім. Оқиға былай болған еді. Қасым ата мен Тәшім атаның үйі арасына қар таудай болып үйіліп қалды. Сол қатқан қардың үстінде алты жастағы Жұқа мен Қабден күресе кетті. Жұқа сол алты жасының кезінде қорадағы бар малды бір өзі жайлайды. Жиырма метрдей жердегі жылқышы Төлеубайдың құдығынан екі шелек суды ентікпей әкелетін мығым денелі, шымыр бала болып өсті. Қабден де осал емес. Бірақ Жұқаның денесінің ауырлығынан болар, Қабденнің тілерсек сүйегі сынып кетіпті. Қабденнің әкесі Жақан шанаға атын жегіп, баласын ауылдан 10 шақырым жердегі Қарақоғада тұратын сынықшы Қуан атаға апарып, сынған сүйектерді орнына салғызып келіп еді...

Өткенді еске алып, орталықпен қарым-қатынас жасайтын, радио, телефоны жоқ шалғайдағы ауылда емдейтін емшіміз, шана, арба жасайтын шеберлеріміз, қос қолынан өнер тамған зергерлерді еске түсірдік. Бүгінгі күні ондай қасиет қонған адамдар жоқтың қасы екен дестік.

Жұқа: - Сол кезде сен көп болса 5-тен асқан кезің. Сол оқиғаны қалай ұмытпағансың? - деп таңданды. Сөзден сөз шығып аулымыз Аякең деп атап кеткен Аябай атамызды еске алдық. Мен Жұқаға тағы да білгіштеніп: - Аякең тамыр ұстайтын, шөптен дәрі жасайтын. Тігіншілік өнері бар еді. Ою ойып, сырмақ сырып жатқанын көзім көрді, - дедім. Жұқа да қарап қалмай: - Мен Аябайдың атасы бола ма, әлде әкесі бола ма, тәуіп, емші Шамығұлдың бір адамға операция (ота) жасағанын көзім көрді, - дегені. Мен оған: Аякеңнің әкесі Жолдыбай емес пе, ұмыттың ба? Ауылдағы Шолоховтың дяд Щукары іспетті Ұлы Отан соғысына қатысқан Шаймердан атамызға жұрт өлең шығарыңызшы, Шаке, десе: «Жолдыбаев Аябай, қой сояды аямай» дегенін ұмыттың ба?

- Иә, есіме түсті. Онда атасы болды. Қысқасы, мен Шамығұл тәуіптің бір адамға ота жасағанын көзіммен көрдім. Мені әкемнің әкесі Тәшім жастай бауырына басып, бала қылып алады. Мен Зекеннің баласы екенімді атам қайтыс болған соң бір-ақ білдім ғой. Оны өзің білесің. Нешеде екенімді білмеймін. Шамасы төрт-бес жастағы кезім. Біздің үйге тақтай төсек үстіне ауырып келген адам жатты. Сол адамды емдеуге Шамығұл емші келді. Әлі есімде. Үстінде жағасыз ақ көйлек. Шашы аппақ, күмістей жалтырайды. Қырма сақалы да аппақ. Емші сырқаттың қасына келіп, пышағымен кіндіктен сәл жоғары тұстан тілді де, сырқаттың ішінен әлденелерді алғандай болды. Шашыраған қанды көрмедім, мүмкін аңдамадым.

Мен Жұқаның Шамығұл емші туралы дерегіне сенер-сен-бесімді білмей қалдым.

- Рас па, Жұқа? – деймін.

- Мен өтірік айтушы ма едім, - дейді Жұқа. Иә, Жұқаның жастай-ынан артық-ауыс сөзі болған емес. Үй шаруасына тиянақты, оқуға ерекше зерек, салмақты бала болатын. Сурет салғанды қатты ұнататын. Кітаптағы суретті бір қараса болғаны, әрі қарай өзі жалғастырып әкететін. 3-4-сыныпта Жұқа екеуіміз Абайдың, Жамбылдың, Ыбырайдың портреттерін жарыса, бәсекелесе көшіріп салатынбыз. Айтайын дегенім, Жұқаның есте сақтау қабілеті мықты еді. Сондықтан Жұқаның Шамығұл емші туралы айтқанына сендім. Оның үстіне, осыдан он бес, жиырма жыл бұрын «Ана тілі» газетіне Батыс Қазақстанда ертеректе Шамығұл сияқты бір тәуіптің адамның басына ота жасағаны туралы мақаланы оқып таң қалғанмын.

Сөз басында айтқан Аябай атамыз Қосайдар қыпшақтың Сабығыр тұқымынан тарайды. Маған аталас жақын адам. Сәйпен деген жалғыз баласы бертін осы Екібастұз қаласында қайтыс болды. Шамығұл аталары туралы Сәйпеннің балалары білетін болар деп, қызы Қайша, ұлы Қайыркенмен әңгімелестім.

- Нағашы атамыз Барлыбайұлы Шамығұлдың қай жылы туғанын білмеймін. Бейіті Қаражарда. Менің атам Аябай Шамығұлдың жалғыз қызы Нәсіпке үйленген. Нәсіптен - әкеміз Сәйпен. Сәйпен әкеміздің төрт-бес айлығында шешесі Нәсіп қайтыс болады да, жас сәбиді әкесі Аябай күтеді. Сәби бала емшек сұрап жылай беретін көрінеді. Сонда атамыз Аябай Жыламасын деп баланың аузына саусағын тыға қояды екен.

- Әкелерің сора берген соң, бір қолымның саусағы семіп қалды, - деп атамыз сұқ саусағын көрсететін. Күйеу баласы қиыншылық көріп жүрген соң, Шамығұл нағашымыз Ұмсынға үйлендіреді. Негізі әкеміз Сәйпен нағашы атасы Шамығұлдың қолында тәрбиеленген. Әкем Сәйпеннің айтуынша, үйдегі қазақы үстел үстінде құран кітабы ашық жатады екен. Атамызға бір құдайдан дауа сұрап басы ауырып, балтыры сыздағандарды айтпағанда, ішкі құрылысы, асқазаны, өкпесі ауырғандар, мертіккендер, есінен танғандар келеді екен. Атамыздың адам түгілі кейде жан-жануарларға да шапағаты тиетін көрінеді. Бұл туралы «Отарқа» газетіне Зайырбаев Саметтің дерегі берілді. Менің әкемнің айтуынша, Зайырбай деген жігіт ағасы тұқымы ерекше екі тазы ит ұстайды. Соның бірі аңсырап далаға шығып кеткенде, қопа ішіне қойылған қақпанға түсіп, аяғын сындырып алады. Шамығұл атамыздың сырқаттанып жүрген кезі екен. Кешкілік ауыл ақсақалдарының ортасында отырған Шамығұл атамыздың үйіне үш аяқтап тазы ит кіріп, бауырымен жылжып атамыздың алдына жата қалады. Шамығұл атамыз тазының сынған сүйегін орнына салып, сипап, аяғын таңып береді. Тазыға ертең келме. Келесі күні кел дейді. Айтқан күні тазы тағы келеді. Емші атамыз ем-домын жасап: - Енді келме, жазыласың, - деп қоя береді. Әкемнің тағы бір айтқаны мынадай: - Нағашы атам қайтқанда мен он жастан асқан баламын. Сәуір айы. Өлеңті өзені тасып жатқан мезгіл. Мәйітті өзеннің ар жағындағы зират-қорымға қоюға алып шыққанда тасып жатқан өзен тартылып, өзеннің ар жағына шығуға мүмкіндік туды. Нағашы атам Шамығұлдың руы - Қанжығалы. Оның ішінде Ескене Жаназар. Ал өз атам Аябай 1950 жылдары Қаражар, Жаңаталап, Шұға колхоздары біріктірілгенде Шұға ауылына көшіп келіп, Шамығұл нағашымнан үйренгені бойынша ауырған адамдардың тамырын ұстап, шөптен, оның ішінде күшала жемісінен (көп жылдық шөптесін өсімдік) дәрі жасап береді екен. Тіпті сынапты өлтіріп (заласыздандырып) пайдаланған кездері болған.

Кезінде Ақкөл-Жайылма жеріне танымал болған, бойына ерекше қасиет қонған тәуіп, халық емшісі Барлыбайұлы Шамығұл туралы беймәлім деректерді білу үшін Екібастұз, Ақкөл баурайында туған, бүгінгі еңбек ардагері Зайыркелді Мейрамов ақсақалды сөзге тарттық.

- Шамығұл кім еді деп сұрасаң, айтайын, ескіше айтсақ, өз заманының ғалымы, Алла қасиет берген тәуібі, бүгінгіше айтсақ, хирург. Біздің бала кезімізде Зура Қасымжанова деген әйелдің кеудесі ісіп, мастит болғанда емшегін тіліп операция жасапты. Ауруы асқынған Шәпи деген адамды емдепті. Аққуды байқамай атып алып, киесіне ұшырап, аяғынан жүре алмай қалған Мәкен Ахметов деген кісіні ауруынан айықтырыпты. Әке-шешем айтқан дерек осындай. Мені де емдеді. Алты-жеті жастағы кезім. Тамағымның астындағы без шошып, жағым ісіп кетті. Бетіме ірің жайылып қатты азап шектім. Біз ол кезде Талдықамыс (бұрынғы Екібастұз совхозының №1 фермасы) деген жерде тұратынбыз. Әкем ат-шанамен Қаражарда отырған Шамығұл атамызға алып келді. Шамығұл емші жараны пышақпен тіліп, жара үстіне алмас (хлорлы сынап) салыпты. Сынаптың бір бөлігі сусып кеуде тұсыма түсіп кетіпті. Оны мен білмеймін. Шана үстінде әкеме: Әке, кеуде тұсым шаншып тұр деп айта беремін. Әкем шыда дейді. Міне, Шамығұл емшінің қасиетін дәлелдейтін дерек, айғақ, белгі - менің сол жақ тамағымның астындағы тыртық. Кеуде тұсымда бір тиынның көлеміндей күйген таңба бар, - деп Зайыркелді ағамыз тамақ астындағы ұзындығы 10 см тыртықты көрсетті.

Социалистік Еңбек Ері Бөкен Қызғарин де Шамығұл емшіні 1947 жылы көріпті. – Әкем Қызғара 1947 жылы әскерден демалысқа келді. Сол кезде мен 6 жастамын. Куйбышев аудандық партия комитетінің бала-шағасы, кәрі әке-шешесі бар, жергілікті жерде қалдыруларыңызды сұраймыз деген қолдау хатымен әкемді әскерден босатты. Деректі сол хат сақтаулы, - дейді Екібастұз өңіріне танымал ақсақал.

Ақкөл ауылының бұрынғы тұрғыны Сатыпалды Әсембаев та Шамығұлды білетін болып шықты.

- 1-сыныпта оқып жүрген кезім. Бұл шамамен 1952-1953 жылдар. Бір күні әкем Әсембай: - Желкем тартып, басым ауыратынды шығарды. Мен мына Қаражардағы Шамығұл емшіге барып келейін, - деп атына мініп, кетіп қалды. Кешке қарай әкем келді. Емшіден көңілді оралды. - Шамығұл басымнан қан алды. Қолы жеңіл екен. Алдына отырғызды да, қолымен басымды маңдай тұстан желкеге қарай, самай тұстан төмен қарай бірнеше екшеп сипап отырды. Қолы тиген жер жып-жылы боп кетеді.

– Шырағым, салқын тиген екен. Басыңды жылы ұстау керек. Құлағыңды, желкеңді басып тұратын түлкі тымақ кигенің дұрыс, - деп кеңес беріп отырғанда шүйде тұсым, құлақтан жоғары самай тұсым шым еткендей болды. Енді байқадым, оң қолымен ұшына қан тиген бәкісін шүберекпен сүртіп тұр екен. Үйге барғасын шашыңды ұстарамен тықыр қылып алдыр. Сонан соң мына мен жасап берген сынап дәрімен басыңды кешке қарай сүртіп отыр. Таусылғанша сүрт. Бұл сынаптың зияны жоқ. Уытын кетірдім, - деді. Әкем Шамығұл емші жасап берген дәріні қанша күн екенін білмеймін, бірталай басына жағып жүрді. Сол дәрімен жазылып кетті, - деп Сатыпалды қажы әңгімесін аяқтады.

Шұға ауылының тумасы Талап Рүстембеков те Шамығұлды әкесі Рүстембектің айтуы бойынша біледі екен. – Әкем Рүстембек Шамығұлды үнемі есіне алып: - Ондай емшілер енді болмайтын шығар. Бірде Шамығұлдың алдына қатты күйзеліске ұшыраған жігітті алып келді. Қазақтар ондайларды жын шалып кетті дейді. Сол адамды Шамығұл дұғамен жазды. Сырқаттарға күшаладан дәрі жасап беретін еді, - дейтін.

Міне, біздің өңірімізде арнайы білімі бар дәрігерлер болмай тұрған кезде Алланың жазуымен, қасиет беруімен халық арасынан шыққан ерекше қасиет қонған адамдар халықты емдей білген, Ауруларын жазып, дендеріне шипа берген. Солардың бірі – Шамығұл Барлыбайұлы. Оның жолын ұстанған әрі имандылықты уағыздаған - оның күйеу баласы Аябай Жолдыбаев. Аякең салқын тиіп, буын сүйегі қақсап, тыныштық бермеген менің шешеме күшаладан дәрі жасап беріп, емдегенін білемін. Сол дәріні шешем бір мезгіл суға пісірілген картопқа да қосып, маған дәмін татырған еді.

Күшала – көп жылдық өсімдік. Көбінесе оңтүстік өңірде өседі. Тұқымы домалақ немесе сопақша. Қолдана білсе өкпе, ревматизм, бруцеллез, артрит ауруларына ем. Тура мағынасында алмас негізінен табиғатта кездесетін ең қатты минерал. Ал қазақтар емге қолданатын алмас хлорлы сынап (хлористая ртуть) немесе пішіні ромб тәріздес түссіз кристалдар, немесе сынаптан жасалған техника мен медицинада қолданылатын улы ақ ұнтақ дәрі.

Бойына ерекше қасиет қонған емшілерді халық ғалым деп тегін атамаған. Олардың улы шөптерден табиғи минералдардан, кристалдардан, түрлі топырақ түзілімдерінен дәрі дайындай білуі - бізге жұмбақ. Шамығұл емшінің емшараларына пайдаланған шөптері мен өзге де заттары зерттеуге тұрарлық. Дала медицинасының ауқымдылығы, оның кереметтілігі бүгінде талайды таңдай қақтыруда. Сондықтан ертедегі қазақ медицинасының асылдарын су бетіне шығарсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Жұмағали ҚОҒАБАЙҚазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

saryarka-samaly.kz