Бақытбек БАТКЕЕВ, Павлодар аудандық мәслихатының депутаты:

- Елбасының әкімдерге халыққа есеп беруді міндеттеу туралы тапсырмасы сөз жоқ, жақсы бастама болды. Бірақ кейінгі кезде әкімдердің есеп беру дәстүрі бір сарынға түсіп кеткені жасырын емес. Сондықтан осынау саяси науқан барысында атқарушы билік өкілдері келесідей жайттарды ескеруі тиіс сияқты. Біріншіден, әкімдердің есебіне басым көпшілігі мемлекеттік, бюджеттік сала қызметкерлері қатысады. Демек, әкім есебінің қолдау табатыны талас туғызбайды. Екіншіден, әкімдердің есеп беру шаралары Мемлекет басшысының Жарлығының талабына бағынуы керек. Ең алдымен тұрғындар қойған сұрақтардың барлығы міндетті түрде ресми тіркелуі тиіс. Әрі ол он күннің ішінде әкімдіктің ресми сайтында жарияланып, әр тоқсан сайын оның орындалуына қатысты ақпараттар берілуі қажет. Өкінішке қарай, бұл талаптар көп жағдайда орындалмайды. Себебі, тұрғындардың кейбір мәселелері шешілмек түгілі, айтылған жерінде қалып қояды. Үшіншіден, әрбір әкімнің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуі өткен жылы көтерілген мәселелер мен оның орындалуына қатысты ақпараттан басталуы керек. Өйткені, үлкен қалаларды айтпағанда, аудан, ауылдардың өзінде әкімнің халыққа есеп беруін ұзынсонар баяндама жасау деп түсінетін жағдайға жеттік. Салдарынан тұрғындардың сұрақтарына уақыт қалмай жатады.

Нұрлан РАМАЗАНОВ, мемлекеттік қызмет саласының ардагері, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:

- Әкімдердің халық алдында есеп беру дәстүрі жыл сайын жаңа қарқын алып келе жатыр. Қоғамның бір орында тұралап қалмауы үшін кез келген салада жаңаша үрдістер енгізген дұрыс шығар. Бірақ меніңше, дәл осы әкімдер есебін өткізуде жаңашылдық іздеудің қажеті шамалы. Есеп берудегі ең негізгі мақсат – халықты өткен жылда атқарылған істер бойынша ақпараттандыру. Жұртшылық алдағы жылда атқарылуы тиіс шаруалар туралы мәліметтер алуға мүдделі. Міне, әкімдер тұрғындармен кездесуде осы бағыттарды ескереді. Онымен қоса, халықты толғандырған мәселелерін тыңдайды. Атқарушы билік өкілдері де «ауруын жасырған ауырмай өлетінін» жақсы біледі. Өзім де кезінде әкім қызметін атқардым. Сондықтан әрбір ел басқарып отырған азамат үшін халық алдында ашық, әрі мазмұнды есеп беру – міндет. Бұл ретте, бүгінгі заманның жаңа технологияларының мүмкіндіктері ұтымды пайдаланылса деймін. Мысалы, аудан әкімінің есебіне мүмкіндігінше барлық ауыл тұрғындарын онлайн режимде қатыстыруға тырысу қажет.

Іләл АХМЕДИМай ауданының Құрметті азаматы:

- Әкімдер есебі, бірінші кезекте, халық пікірімен құнды. Сондықтан атқарушы билік өкілдері ашық есеп беруден қашпауы тиіс. Сонда ғана қазіргідей халыққа берілетін орындарды шектеу, сұрақ-жауапқа арнайы дайындалған адамдарды ғана қатыстыру сияқты келеңсіздіктер орын алмас еді. Көп жағдайда әкімдердің есебін алып қарасаңыз, қарапайым халыққа түсініксіз терминдер мен цифрлардан тұратын баяндамаларды тыңдауға мәжбүр боласыз. Адам жаңылатын түрлі арифметикалық сандар келтіріледі. Содан кейін кейбір әкімдер жетістіктерін ғана жеткізіп, кемшіліктерін жасырып қалады. Мұндай есеп халыққа керек пе? Жоқ. Есепті тыңдауға келген халықты алаламай, қоғамның барлық мүшесі де қатыстырылуы қажет. Мысалы, Май ауданы бойынша алар болсақ, соңғы жылдары жергілікті билік «мәселе көтеріп, ашық пікір айтады-ау» деген тұрғындарды есеп беру кездесулерінен шектеуге тырысады. Өкінішке қарай, әр жылдары тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің көпшілігі ұмытылып қалып жатады. Бұл – тиісті бақылаудың жоқтығынан. Осы жайттарға назар аударылса екен дейміз. Меніңше, әкімдер жылына бір рет болса да есеп беру науқаны кезінде халықпен бүкпесіз әңгімелесуі керек.

«Алаңды» үйлестіргенДанияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz