Жол үстіндегі жеңілдік

Жыл бастала көлік иелерінің жүзінде жылылық ұялады. 9 қаңтардан бастап елімізде жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұлдар көлемі төмендетілгені мәлім. Бұған дейін кейбір түрі ең төменгі жалақының мөлшерінен асып кететін айыппұлдар айтарлықтай арзандап, жүргізушілер үшін жеңілдіктер пайда болды. Бұл өзгеріс жалпы саны 40-тан аса айыппұл түріне қатысты. Мәселен, бұған дейін қарсы жолаққа шығып кеткендер 1 жылға жүргізуші куәлігінен айырылатын. Ал жаңа заң бойынша 6 айдан кейін көлік тізгіндеуіне рұқсат. Бұған дейін күндіз көліктің шамын жақпағандар шамамен 11 мың теңгедей айып арқалап келсе, енді небары 7 мың теңгесін жұмсайды. Айтпақшы, мұндай кемшілікке жол бергенде кісілігі мол инспектор кездессін деп тілеңіз. Себебі, айыппұлдан бұрын тек ескерту жазып беретін де ереже бар.

Көшеде, ұзын жолда жылдамдықты шектен тыс, яғни 10-20 км/сағаттан асырғандарға, көлікті тыйым салған жерге қойғандарға да салынатын айыппұл 2 есе қысқарды. Бұрын «тұлпарын» мүгедектердің тұрағына қойғандар 113 мың теңге төлеуге мәжбүр болатын. Жаңа заңда айыппұл мөлшері – 24 мың теңге. Ал тәртіп сақшыларына бағынбай, қарсылық танытқандар өзгеріске дейін бірден 1 жылға жүргізуші куәлігінен айырылса, енді 72 мың теңге төлеп, жазадан құтылып кетуіне болады.

Елімізге танымал адвокат Джохар Өтебеков қабылданған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстен тағы бір жағымды жаңалықты жарқ еткізді. Айтуынша, бұдан былай 1 жыл 25 тәуліктен асып кеткен, сұрауы болмаған айыппұлдарды камерадан жоя аласыз. Бұған кодекстің 889 және 890-баптарына енгізілген түзету мүмкіндік береді екен «Полицейлер ондай айыппұлдың көзін жоймасы анық. Сондықтан мойныңызда барын білсеңіз, өтініш беруге тура келеді», – деген кеңес айтып отыр адвокат. Расында 890-баптың 1-тармағына сәйкес заңдық күшіне енген күннен бастап бір жыл бойы орындалмаған болса, айыппұлды төлеу туралы бұйрық орындалмайды. Ал 889-бапта бұйрықты шығарған орган оны орындауды доғарады және азаматты әкімшілік айыппұлдан босатады деп жазылып тұр.

Бұған дейін жүргізуші абайсызда жол ережесін бұзып, онысы инспекторлардың көзіне түсіп қалған жағдайда хаттамамен ресімделген айыппұлды бір аптада 50 пайыз жеңілдікпен төлеуге мүмкіндік алғаны мәлім. Енді бұл жаңашылдық камераға түсіп қалған автокөлік иелері үшін де қолданылмақ. Яғни бір апта ішінде айыппұл төлейтін болсаңыз, 50 пайыз жеңілдік аласыз. Бұл туралы еліміздің әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңісбаев мәлімдеді.

Жаңару жазудан басталады

Бұған дейін айтылып келгендей, қазақ тілін латын графикасына көшіру кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Соның алғашқы сатысы 2018-2020 жылдарға негізделген. Екіншісі 2021-2023 және соңғысы 2024-2025 жылдарға бағытталып отыр. Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жұмысын бастап кетті. Бұған дейін төрт арнайы жұмыс тобының құрамы мен жұмыстарының жоспары талқы-ланып, бекітілді. Атап айтқанда, орфографиялық, әдістемелік, тер-минологиялық және сараптамалық-техникалық жұмыс топтары құрылды. Олар латын графикасын білім жүйесіне біртіндеп енгізудің ережелері мен әдістерін әзірлейді, тілдің терминдік қорын жүйелейді, сондай-ақ, латын графикасын АТ-технологияларға және ақпараттық кеңістікке бейімдеумен айналысады. Бұдан өзге, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы ғылыми-әдістемелік орталықты құру мүмкіндігі қарастырылды.

Жарты жылға кешігесіз

Жаңа жылда барлық көрсеткіштердің өсуіне орай зейнетақы, жәрдемақы төлемдері қайта индекстелді. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдері 8 пайызға, қалған барлық әлеуметтік төлемдер 6 пайызға көтерілді. Мемлекеттік сақтандыру қорынан төленетін төлемдер 16 пайызға өсті. Былтыр ең төменгі зейнетақы көлемі 28 148 теңге болса, биыл 33 745 теңге болды. Базалық зейнетақы былтыр 12 802 теңге болса, 1 шілдеде 14 466, енді биылдан бастап 15 270 теңгеге көтеріліп отыр. Зейнетақы мөлшері былтырғы жыл басында 45 мың теңге болса, 1 қаңтардан бастап 49 019 теңгені құрайды. Бұл - еңбек зейнетақысы мен базалық зейнетақыны қосқандағы ең төменгі зейнетақы көрсеткіші.

1 қаңтардан бастап әйелдердің жасына байланысты өзгерістер бар. 1960 жылы туған әйелдер ендігі заң бойынша 58 жас 6 айда шығады. Төмен етектілердің зейнет жасы биылдан бастап әр жылда 6 айға ұлғайып отырады да, 10 жыл ағымында ер кісілермен қатар зейнеткерлікке 63 жаста шығатын болады. Десе де, зейнетке шығу бойынша кейбір жеңілдіктер сақталып қалды. Мәселен, көп балалы аналар 53 жаста, 1949-1963 жыл аралығында Семей полигонында кемінде 5 жыл тұрған әйелдер 45 жаста, ер адамдар 50-ге толғанда зейнеткерлікке шығады. Оларға жас көтерілуі қолданылмайды.

Тұрғындардың көңілінен шықпай қалған өзгерістің бірі – зейнетке шыққандар үшін тоқсан сайын, жарты жылда және бір жылда төленіп келген бір реттік төлемдер алынып тасталды. Бұл ақша ай сайынғы зейнетақыға қосылып отырады. Ал зейнетақы жинақтарын ертерек немесе бір демде алу бақыты азаматтардың бірнеше санатына ғана бұйырып отыр.

Бұл санатқа ерікті түрде жарна аударғандар, мүмкіндігі шектеулі жандар, шет елге біржола қоныс аударатындар кіреді. Ал қордағы өмір бойы жинаған қаржысы ең төменгі 12 зейнетақыдан аспайтын (биыл бұл 404 940 теңгеге тең) адамдар ғана зейнет жасына жеткен соң жинақталған соманы тұтастай иеленбек.

Әлеуметтік көмек төлеудің де жаңа тәртібі қолданысқа енді. Аз қамтылған көпбалалы отбасыларға төленетін атаулы әлеуметтік көмек бірыңғай жәрдемақы түрінде беріледі. Оған арнайы мемлекеттік және балаларға арналған жәрдемақы, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек біріктіріліп отыр. Атаулы әлеуметтік көмектен бөлек, еңбекке жарамды азаматтардың барлығына білім алуы мен мамандық игеруі, соңынан жұмысқа орналасып, жеке кәсібін ашуы үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмек.

100 долларға да жетпейді...

Биыл айлық есептік көрсеткіштің мөлшері (АЕК) 2405 теңге болып бекітілді. Өткен жылғы көрсеткішпен (2 269 теңге) салыстырғанда, биылғы АЕК мөлшері 136 теңгеге көбейіпті. АЕК еліміздегі зейнетақы, жәрдемақы және өзге де әлеуметтік төлемдерді, сондай-ақ айыппұлдарды, салық төлемдерін есептеу үшін жыл сайын белгіленеді. Осыдан 10 жыл бұл көрсеткіш 1 168 теңгені құраған екен. Содан бері оның мөлшері шамамен жыл сайын 100 теңгеден жоғары көрсеткішке көбейіп отырған көрінеді.

Бірінші қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 28 284 теңгені құрағанын айту керек. АҚШ ақшасына шаққанда, шамамен 85,1 доллар. Былтырғысы 24 459 теңге еді. Ал 2000 жылдың 1 қаңтарында Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері 2 680 теңгеге тең болған екен. Алайда Қазақстандағы жалақының ең төменгі мөлшері (ЖТМ) - Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) ел-деріндегі ең төменгілердің бірі. Бұл жөнінде LS қаржы журналы одаққа мүше елдердің статистика комитеттері мен орталық банк мәліметтеріне сілтеме жасап, хабарлады. «Қазақстан ЕАЭО бойынша соңғы көрсеткіштен бір ғана саты жоғары тұр. ЖТМ әлі де 100 доллардан аз. Бұдан төмен тек Қырғызстанда, ол елде ЖТМ - 17 доллар. Одақ бойынша айтарлықтай жоғары көрсеткіш Ресейде - 164,6 доллар. Беларусьте – 154 доллар, Арменияда – 113,6 доллар»,- деп жазады журнал.

Еркектің екпінін басады

Елімізде педофилдерді химиялық кастрациялау туралы заң күшіне енді. Оны іске асыруға республикалық бюджеттен бақандай 9,5 млн. теңге бөлінген. Жазаның бұл түрі өз тиімділігін бере ме? Әзірге қоғамның пікірі қақ жарылып тұр. Жуықта сарапшылар бұл мәселені «Хабар» арнасынан талқылады. Бірі жаза жеңіл десе, енді бірі әлемдік тәжірибенің тиімділігін алға тартты. Екпе қылмыскердің еркектік екпінін басады. Химиялық жолмен жазалау әдісі АҚШ, Канада, Германия секілді елдерде ертерек қолға алынды. Қазақстан оған мәжбүрліктен барып отыр. Өткен жылдың тек алғашқы 9 айының өзінде кәмелетке толмағандарды зорлау деректері 33 пайызға артқан.

Еліміздегі білікті генетиктердің бірі Алмаз Ибрагимов бұл екпенің еркек денсаулығына кері әсері болатынын айтады. Салмағы түседі, физикалық күші әлсірейді, тіпті психикасы бұзылуы мүмкін. Химиялық кастрацияның тиімділігіне көп ғалымдар күмәнмен қарайды. Дәрі әр 2 апта сайын егіліп отырылуы керек, себебі уыты 14 күнге дейін ғана жетеді екен. - Қолданылатын дәрілер ер адамның либидосын, жыныстық қатынасқа деген ынтасын азайту, басып тастауды көздейді. Психологтардың пікірінше, педофилия – психикалық патология. Оны түбегейлі емдеп шығу мүмкін емес. Жәбірленуші жасөспірімнің де жадына бұл - үлкен соққы, - дейді ғалым.

Төлқұжат рәсімдеу қымбаттады

Жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне орай тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеуге тұру үшін мемлекеттік баж салығын төлеу тоқтатылды. Осы уақытқа дейін бұл қызметтің бағасы 227 теңге болатын. Есесіне шетелдік төлқұжат рәсімдеуге төленетін мемлекеттік баждың мөлшері екі есеге, нақтырақ айтқанда 4-тен 8 АЕК-ке артты. Бұдан былай оның құны - 19 мың 240 теңге. Жылдам жасалған төлқұжат үшін азамат бұрынғыша 1 989 теңге төлейді. Ал жеке куәлігін алу үшін жаңа Салық кодексі бойынша бұрынғы баж көлемі тағайындалды – 0,2 АЕК. Яғни, 2018 жылы 481 теңге болып бекітілді.

Жыл ала келген жаңалықтар осындай. Бастысы, бұл жаңашылдықтар қоғамда қалыптасқан қағидаларды жетілдіріп, оңтайландыру үдесінен шығуды көздейді. Заңдық өзгерістер өмірімізді гүлге толтырып, түтініміздің түзу ұшуына оң ықпал ете берсін әмәнда.

Мұрат АЯҒАНОВ

 

АЙЫППҰЛДАР КЕСТЕСІ

№ Жол ережесінің бұзылу фактісі Айыппұл

1 Жылдамдықты шектік мөлшерден 10-20 км/сағ асырса 5 АЕК – 12 025 теңге

2 Жылдамдықты шектік мөлшерден 20-40 км/сағ асырса 10 АЕК – 24 050 теңге

3 Жүргізуші куәлігі жаныңызда болмаса 5 АЕК – 12 025 теңге

4 Жол бойындағы тыйым салынған жерге автокөлікті қою; жаяу жүргінші жолымен жүру 15 АЕК - 36 075 теңге

5 Аялдама және көлік тұрақтары туралы ережені бұзу 5 АЕК – 12 025 теңге

6 Мүгедектерге арналған орынға көлік қою 10 АЕК – 24 050 теңге

7 Жол жүру ережелерін сақтамау; жаяу жүргіншіге немесе басқа да жол пайдаланушыларына жол бермеу; бағдаршам тыйым салған әрекеттерге бару 10 АЕК – 24 050 теңге Бұл заң бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, 15 АЕК - 36 075 теңге

8 Сақтандыру құжатының мерзімі өтсе немесе жаныңызда болмаса 10 АЕК – 24 050 теңге

9 Көлігіңіз техникалық байқаудан өтпесе 5 АЕК – 12 025 теңге

10 Жол бойындағы белгілер талап ететін ережелерді сақтамау 3 АЕК – 7 215 теңге

11 Рөлде отырып, телефонмен сөйлесу 5 АЕК – 12 025 теңге

 

saryarka-samaly.kz