Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов бір сөзінде: «Баяғыда үлкендер «шашта қасиет бар, ол жуып, күтілмесе, ұзатылғасын көзден жаулық арқылы көлегейленбесе, қасиет қайтады» деп айтатын. Кейде оңашада осыны ойлағанда қорқамын, қазақ бар қасиетінен айырылып қалатындай», - дегені бар.

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегенді желеу етіп, бүгінгі күні әйел қауымы - жас та, жасамыс та орамалдан ада болдық. Бұрым қиылды, шаш аяқ астында қалды. «Жетпіс жыл елді билеген, орыстандырған кеңестік идеологияның тәрбиесі еді, оқу бітірдік, қызметтеміз» деп сыныққа сылтау айтудың өзі «дәстүрге» айналғалы қашан?!

Ғұрып тұрғысынан

«Қыз Жібекті ойласаң нең кетеді, ахау, Орамалы тұрады бес жорға» деп, ақ жаулықты ән-жырға қосқан қазақ үшін орамалдың құны тым қымбат, қадірлі еді. Ата-баба дәстүрінде ер-азаматтың бас киімін қандай кие тұтса, әйел-ананың орамал-жаулығының қадірі одан кем емес-ті. Ел мен ел, ру мен ру немесе азаматтар арасындағы дау-жанжал қатты өршігенде, қарт ана орамалын екі жақтың ортасына тастағанда немесе желекті жас келін азаматтардың ортасына барып сәлем салғанда, жанжалдасқандар үнсіз тарқаған. Яғни ананың басындағы орамал мен ақ сүтінің киесіне тоқтасқан. Ананың сүті демекші, қазақ-қалмақ соғысында қазақ ауылдарын шауып келе жатқан қалмақ қонтайшысының алдынан жұртта қалған ана шығып, өзінің ақ сүтіне илеп, пісірген нанды орамалының үстіне салып, қолбасшыға ұсынып тұрып: «Дәм тат, наннан үлкен емессің» депті. Нанның үзімін аузына салып, дәмін талғаған қонтайшы: «Ойпыр-ау, бұл қандай нан, дәмі ерекше ғой?» дегенде, әйел: «Мұны ақ сүтіме илеп, пісірген едім» депті. Сонда жан-жағын жайпап келе жатқан қонтайшы үн-түнсіз әскерін ертіп, шегініп кеткен деседі. Қаныпезер қас жаудың өзі ананың орамалы мен ақ сүтінің алдында бас иіп, ал ақылды әйел осынау қасиетімен ауыл-елін жаудан аман сақтап қалған деседі...

Әлбетте, ұлтымыз үшін орамалға қатысты дәстүр-ғұрып баршылық. Ақ түсті орамал қуаныш пен жақсылықты аңғартады. Қаралы шаңырақтың әйел-қыздары басына қара түсті орамал салған. Марқұмды жоқтаушы әйелдер қара орамалмен бірге екі ұшы қайтарыла байланған орамал да тартады екен. Мұны орамалды «кері тарту» салты деген. Ер балалар сәндік үшін шыт байлаған, (орамал) оны «байламша» деп атаған. Қарт аналарға матамен қосып орамал сыйлаған, содан «Орамал тон болмайды, жол болады» деген сипатты сөз қалыптасқан. Роза Әлқожаның «Мен сыйға тартқан орамал» әніндегі «Орамал, сірә, тон емес, Жастық-тан қалған ол елес...» деген өлең жолдары қандай?!

Шетінде шай орамал, күміс жүзік,

Қуантқан сүйген жардың сөзі келді, - деп ертедегі жігіттер өлең-әнге қосқан, бұрышына жүзік түйілген кестелі орамал да махаббат сезімін білдірудің дәнекері болған. Сондай-ақ, ұзатылған қыздан төркініне орамалға түйілген құстұмсық жүзік сәлемдеме келсе, ата-анасы қызының барған жерде жағдайының жақсы екенін осыдан біліп, қуанған.

Қазақта орамалға қатысты ойын түрлері көп. Батыс жақта «Орамал» атты ойын бар. Орамалға түйген ақшаны атпен алып қашады. «Орамал тастамақ» деген ойында жігіт не қыз дөңгелене отырғандарды айналып жүріп, қалаған адамның сыртынан орамал тастап ойнайтын болған. Бағзыда «Орамал жүгіртпек» деген де ойын ойналған. Қазақтың кей өңірлерінде келін әкелерде жігіт жағы «Орамал той» жасағанда жақындары орамал деп мата, мал, ақша, т.б. заттар апарады екен. Міне, қазақ қадір тұтқан орамалдың бұдан басқа да қасиеті баршылық.

Дін тұрғысынан

Біздің қазақ Құран қағидасын салтпен сабақтастырып, ою-өрнекпен көркемдеп, жаулық кимешекті төл киімге айналдыра білген. Мұсылман жұрты үшін орамал тарту парыз саналды, бұл - Жаратқанның ең қымбат сыйлығы деседі. Құранда әйел адамның киетін киім оның дене бітімін қатты кескіндемейтіндей кеңдікте, жүзі, екі қолы, тобықтың төменгі жағынан тыс басқа барлық жерлерін жабатындай болуы шарт дейді. Осы тұрғыдан алғанда орамал тағу, ұзын киім кию - әйел адамның нәзік болмысы мен әдемілігін арам пиғылдан, сұқ көзден сақтайтын қорған, оның мейірімділік, нәзіктік, ар-ұяттылық сияқты асыл қасиеттерін танытар нышан. Қысқаша айтқанда, әйелдердің басын жауып, ұзын киім киюі - Құранның тікелей бұйрығы! Сондықтан ашық-шашық киінбеуді ислам діні әйелді қорғау, абырой-беделін көтеру мақсатында бұйырған. Діни түсінік бойынша орамалсыз жүрген әйелдің иманы басынан қырық қадам алыс жүреді деп есептелген. Иә, кеңес үкіметі орнағанға дейін қазақта орамалсыз жүрген әйел заты болмаған. Әр аймақтың ауа райына тән өзіндік киім кию дәстүрі, соған орай әйелдердің орамал, желек, сәукелесі белгілі бір үлгiде тiгiлген. Қазақтың «Есті қыз етегін қымтап ұстайды» деуі де бекер емес. Бір атап өтер жәйт, орамал салу үлгісі тек мұсылман әйеліне ғана емес, өзге діндегілерге де тән. Мысалы, бұл үрдіс жөйіт (еврей) пен христиан дiнiнде, кәрiс пен жапон секiлдi елдерде де бар. Оларда орамал әйелдің болмысын толықтырып тұратын киімнің құрамдас бөлігіне айналған. Еврей діні бойынша, орамал тағу әйелдің әлеуметтік жағдайын білдіретін болған. Сондықтан төменгі таптағы әйелдер жоғарғы таптағы әйелдердің қатарында көріну үшін орамал тағуға тырысқан. Орамал тағу тектіліктің нышаны саналғандықтан, байырғы Израильде зинақор әйелдердің орамал тағуына рұқсат берілмеген дейді. Еуропадағы жөйіт әйелдер ХІХ ғасырға дейін орамал тағып, кейін сол қоғам рұқсат бермей, басты ашып жүруге мәжбүрлегендіктен, орамал орнына парик киген екен.

Зерттеушілер орамалдың шығу тарихын сөз еткенде, «ең алғаш қай елдің әйелдері тарта бастады?» деген сауалға Қытай мен Рим елдерін атайды. Ол жақта жел мен шаңнан қорғану, түрлі аурулардан сақтану үшін орамалмен оранған екен. Ал ежелгі Египет қолжазбаларына қарағанда мысырлық әйелдер төртбұрышты орамалдарды иықтарына іліп жүрген. Католиктің ата заңдарында да шіркеуде әйелдерді бастарына орамал тағуға міндеттейтін арнайы баптар бар.

Міне, орамалды тек біздің қазақ қана емес, әлемнің бірқатар елдері де кие тұтқан, қадірлеген, ертеде әйелдердің жалаңбас жүрулеріне қатаң тыйым салған. Ал қазір орамал салынбайтын болды. Есесіне, шаш қиылды немесе ұзын шашты жайып жіберу «үлгісі» қалыптасты. Шашты жайып жіберу жаман ырым, жамандық, қаралы хабар шақыру деп саналады. Өкініштісі, қазір оны ескеріп жатқан ешкім жоқ.

Денсаулық тұрғысынан

Негізінде, медициналық тұрғыдан алып қарағанда, шаштың магниті зор. Сондықтан адамның шашы ауадағы шаң, ластың бәрін тартып алады. Ал әйел ас дайындап, дастарқан жасап, дәм ұсынатындықтан тазалық үшін шашты орап жүру, яғни орамал тарту міндет, әрі бала емізетін әйелдің басында да орамал болуы шарт. Бұл да тазалық үшін әрине, денсаулық үшін аса қажет. Емізулі баласы бар әйел орамалсыз бала емізсе, шайтан шаштың қайызғағын баланың аузына салып жібереді деген наным бар. Ондай бала есейгенде мәңгүрт болып, анадан безеді, қайырымсыз болады деп ұққан. Бір өкініштісі, қазір жас балалы келіншектердің көпшілігі оған мән бермей, ұялы телефонымен отырып-ақ, бала емізе беретін болды. Кейбір нан сатушылар, асханада ас пісіріп, ас таратушылардың жалаңбас, кейбірінің шашын жайып жіберіп жүре беретініне көз үйренді. Бұрын қалай еді? Бұрын қолаң шашты бойжеткендердің басына тақия, бұрымына арнайы шашқап кигізетін. Бұл тіл-көзден сақтаудың, шаң-тозаңнан қорғаудың бір амалы еді...

Түйін:

Сексенінші жылдардың ортасында алматылық студенттер мен әскердегі жастар арасында қытайлық қазақ ақын Кәкей Жанжұнұлының сөзіне жазылған М.Меңкешовтың «Анаға хат» деген сағыныш пен мұңға толы әдемі әні кең тараған еді. «Ақ күмістей ақ шұға, Алау атып жаулығың, Апа, халің жақсы ма, Мықты ма, денсаулығың...» деп келетін өлең сөзі ауыл-елге, әрине, анаға деген мөлдір сағынышты маздататын. Ауылда көкжиектен әрі асқан қара жол бойына көзі талғанша күн сала қарап, алысқа кеткен баласын елеңдей күтіп, ақ орамалын жел желпіген анаңның бейнесі елестеп, ауыл жақ қол бұлғаушы еді. Осы ән қазақы әлемді бір тербеп, ұлттық сананы желпіп өткендей еді. Қазір сахналардан сирек естілетін болды. Орамал мен жаулықтай бұл ән де ұмыт қалып барады...

 

Сая МОЛДАЙЫП

 

 

«Қойын дәптер» қолыңызда болсын!

Аймағымызға белгілі публицист, «Ертіс Медиа» ЖШС директорының орынбасары, әріптесіміз Жұмабек Сманов «Қойын дәптер» атты кітабының тұсауын кесті.

Тұсаукесердің ерекшелігі, қаламгердің 45 жасқа келу мерейтойымен қатар келуінде болды. Кітапқа автордың өлеңдері, әр жылдардағы мақалалары, сүбелі сұхбаттары және эсселері енгізілген.

– Әр адамның өзіне есеп беретін уақыты болады. Қырықтың қырқасынан қыр асқан шығармыз, бірақ бағындырар белестеріміз әлі алда деген ойдамын. Менің бүгінгі күнге жетуіме жол ашқан аяулы анам екендігі анық. Сондықтан бұл алғашқы кітабымды да биыл 80 жасқа толатын анама арнадым, - деді Жұмабек Оркенұлы.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Арман Қани мен Ғалымбек Жұматов туындының тұсауын кесіп, жылы лебіздерін жеткізіп, пікірлерімен бөлісті.

Жұмабек Сманов өңір жұртшылығына журналистикалық қабілетімен қатар ақындық өнерімен де танымал. Оның өлеңдерінің тақырыбы да сан алуан. Ақын егемендік, туған жер, ата-ана, жастық шақ сынды тақырыптарды қаузаған. Ол жастық шағында айтулы айтысқа қатысып, бірқатар аламандарда жүлде салған.

Әріптесіміз Жұмабек Оркенұлын мерейтойымен және тұңғыш кітабының жарыққа шығуымен шын жүректен құттықтаймыз! Баянды ұзақ ғұмыр, мол шығармашылық табыстар тілейміз!

 

Жарқынбек АМАНТАЙ

 

saryarka-samaly.kz