Оқырманның жанайқайы орынды-ақ. Қазақстанда тұратын кез келген азамат осы елдің заңына бағынуы шарт. Сондықтан мұндай олқылыққа жол берілмеуі керек.

- Жақында ғана Павлодар қаласында Ленин көшесінің атауы Астана болып өзгергеніне қуанып қалған едім. Бірақ біртуар тұлға, академик Қ.Сәтбаев атындағы көше бойындағы жаңадан салынған орталық әмбебап дүкеніне мемлекеттік тілде атау қойылмағаны қалай? Дүкеннің орыс тілінде ЦУМ және ағылшын тіліндегі аудармасы NEW TSUM PAVLODAR деп толықтай жазылған. Мемлекеттік тілдегі нұсқасы жоқ. Орталық әмбебап дүкенінің тым болмаса (ОӘД) қысқартылған нұсқасы сауда үйінің маңдайшасына бұйырмағаны көңілді күпті етеді. Мемлекеттік тілге, ана тілімізге құрметпен қарау әр азаматтың парызы деп білемін. Орын алған олқылықты түзетуді құзіретті орындар қолға алса екен, - дейді зейнеткер Берікбол Сүйеукенов.

Осы мәселе бойынша облыстық тілдерді дамыту басқармасына хабарластық. Бас маман Самат Қошмағұловтың сөзінше, «Орталық әмбебап дүкені» ашыла салысымен нысан басшылығына басқарма тарапынан ескерту жасалған. Ал «Новый ЦУМ» ЖШС-нің директоры Юрий Иванишкинмен тілдескенімізде, ол бұл бағытта жұмыс жасалып жатқанын жеткізді және жақында бар кемшілікті жоямыз деп уәде берді.

- Біз жаңа ғимараттың құрылыс жұмысын әлі аяқтаған жоқпыз. Яғни, сыртқы әрлеу-монтаж жұмыстары жалғасуда. Ал дүкен атауының қазақша жазылмаған себебі мынау: Өздеріңіз білесіздер, қазір елімізде латын әліпбиіне көшу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Міне, сол себептен қазақша нұсқасын латын қарпімен жазамыз ба деген оймен сәл кейінге қалдырғанымыз рас. Бірақ бұл мәселені жеделдетіп шешеміз. Барлығы заңда көрсетілгендей екі тілде жазылатын болады. Ғимараттың сыртқы әрлеу жұмыстарын жасату үшін келісімшартқа отырған алматылық «LED-Монтаж» ЖШС-не тапсырыс бердік. Наурыз айына дейін толықтырамыз, - дейді Юрий Иванишкин.

Иә, мемлекеттік тілге байланысты мұндай олқылықты жеке сауда нысандарынан көптеп кездестіруге болады. «Орталық Әмбебап дүкені» жіберген бұл кемшіліктің түзетілуі біздің назарымызда болады.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz