- Наринэ Гамлетовна, сот-меди-циналық сараптама жасау – ауыртпалығы да, жауапкершілігі де мол қызметтердің бірі. Білуімізше, бұл салада еңбек ететін мамандар аз. Мұның себебі неде?

- Иә, сот-медициналық сараптама – көптеген түсініспеушіліктің басын ашып, бұлтартпас айғақтар келтіретін іс. Ол егжей-тегжейлі сараптауды, зерттеуді талап етеді. Түрлі азаматтық, қылмыстық істер маманның жүргізген тексерісіне негізделеді. Оқиға орнынан табылған саусақ іздері, қан, бейне, аудиожазбалар – бәрі-бәрі осы сараптаманың елегінен өтеді. Мәселен, сол арқылы қанның жәбірленушіге не айыпталушыға тиесілі екенін, ол қанның қашан, қалай пайда болғанын анықтауға мүмкіндік бар. Бұл өз кезегінде әділеттіліктің орнауына ықпал ете алады.

Өкінішке қарай, бұл салада көптеген күрмеулі мәселе бар. Соның бірі – жас мамандардың жетіспеушілігі. Жыл санап тәжірибелі қызметкерлердің қатары сиреп, олардың орнын басар жастар азайып барады. Бұған басты себептердің бірі – еліміздегі бірқатар медициналық оқу орындарында сот медицинасы мамандықтарының жабылуы. Яғни, осы сараптамалық жұмыспен айналысуға ниетті түлектер үшін білім алуға мүмкіндік толыққанды жасалмаған.

- Жалақының аздығы да кері әсерін тигізетінге ұқсайды...

- Әлбетте. Бұған дейін Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыста-рының сот-медициналық сараптама мамандарымен кездескенде де, павлодарлық қызметкерлермен жүздесу барысында да бұл мәселе көтерілді. Мұндағы техникалық персонал 30-50 мың теңге төңірегінде ғана айлық алса, жоғары білімі мен біліктілігі бар қызметкерлердің жалақысы 100 мыңға да жетпейді. Бүгінгі қымбатшылық жайлаған уақытта мұндай сома жүріс-тұрысы мен азық-түлік, коммуналдық төлемдерден қалмайтыны анық. Тіпті, кейбіріне жетпей жатады. Сондықтан айлығы шайлығынан аспайтын мұндай қызметке келуге көбінің құлқы жоқ. Жұмыс істеп жүргендердің өздері күнкөріс үшін жалақысы артық қызметке ауысып жататыны жасырын емес. Бұл өз кезегінде кадр тапшылығына әкеп соғады. Демек, сала қызметкер-лерінің әлеуметтік жағдайы шешілмей, қызмет сапасы артады деу қиын шығар. Айталық, сарапшылар өте қиын жұмысты атқарады. Химиялық заттармен, кейде суық қарулармен жұмыс істеуіне тура келеді. Былайша айтқанда, ауыр психологиялық жүктеме түседі. Осыны ескеріп, қызметкерлерге қосымша ақы төлеу туралы ұсыныс айтылды.

- Ал мұндай орталықтардың материалдық-техникалық қамтылуына берер бағаңыз қандай?

- Бұл жағы да өткір тұр. Бірақ Павлодар облысындағы жағдай көршілес жатқан Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарымен салыстырғанда анағұрлым жақсы. Сонда да жетілдіретін тұс баршылық. Біріншіден, қажетті құралдармен жабдықтау және оларға техникалық қызмет көрсету ақсап жатыр. Сараптама жасайтын құралдар бір-бір данадан ғана болғандықтан, ол істен шықса қиындық туады. Оны уақытша алмастыратын қосымша құралдар жоқ әрі қайта іске қосу үшін Астана, Алматы қалаларынан мамандар шақыруға тура келеді. Екіншіден, ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Бұл бағытта бірқатар іс қолға алыныпты. Бастысы, қызметкерлердің кең, жылы, жайлы жерде жұмыс істеуіне жағдай жасалу керек.

- Осындай түйткілдерді ескеріп, заңнамаға өзгерістер енгізілуі мүмкін бе?

- Біржақты кесіп айту қиын. Жоғарыда аталған олқылықтар – ағымдағы мәселелер. Біздің комитет депутаттары еліміздің түкпір-түкпірін аралап, сот-медициналық сараптама қызметіне қатысты ой-пікірлерді назарға алды. Соларды саралай келе, ҚР Парламенті Мәжілісінде өтетін Үкімет сағатында ұсыныстар енгіземіз. Содан кейін, қажет болған жағдайда, заң жобалары қарастырылуы мүмкін.

- Сұхбатыңызға рақмет!

СұхбаттасқанҚұндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz