С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың бөлім меңгерушісі Жазгүл Қажыбаеваның сөзінше, сабақ айына бір рет өткізіледі. Оған қатысамын деушілерге шектеу жоқ. Яғни, колледж және жоғары оқу орын студенттері мен мектеп оқушыларына, сондай-ақ, жалпы кітапхана оқырмандарына есік ашық.

- Бұл – кітапхана директоры Шолпан Баянқызының бастамасымен қолға алынған жоба. Мақсатымыз – оқырмандарға латын әліпбиінің тарихы жөнінде мағлұмат беру, оның бүгінгі қазақ қоғамына қажеттілігін түсіндіру. Сонымен қатар, үкімет бекіткен соңғы нұсқасы бойынша оқу мен жазу ережелері де үйретіледі. Менің ойымша, осы үйірмеге қатысып, ғалымдардың дәрісін тыңдаған жастарымыз кейін латын графикасы түбегейлі қолданысқа енгізілген кезде бірден меңгеріп кетеді деген үміттеміз, - дейді Жазгүл Кеңесқызы.

Латын әліпбиіне арналған үйірмені жүргізушілердің бірі – филология ғылым-дарының кандидаты, профессор Рыскүл Шакаманова.

- Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев латын графикасына көшу туралы қаулы қабылдады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жетілдіріле береді. Қазірден бастап халықтың санасына сіңіріп, көзін үйрете беруіміз керек. Осы ретте облыстық кітапхана жанынан құрылып жатқан үйірменің маңызы зор деп ойлаймын. Бірлесіп жұмыс істеуге әзірмін. Әсіресе, оқырмандарға әліпбидің емле-ережесінен бұрын тарихы мен біздің қазақ қоғамына қажеттілігін түсіндіру абзал. Сонымен қатар, кезінде, яғни 1929-1940 жылдары аралығында қалай қолданылғанын айту қажет. Содан кейін, қазақ тілінің төл дыбыс-тарын фонетикалық заңдылықтар бойынша үйретеміз, - дейді Рыскүл Шакаманова.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz