Актив отырысына қатысқандар стратегиялық құжатты жүзеге асыруға тиесілі міндеттерді бөлісіп, тиісті тапсырмалар алды. Осылайша, Павлодар облысы биылғы Жолдауды жүзеге асыруға кірісіп кетті.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына биылғы Жолдауында ел дамуының 10 негізгі бағытын айқындап бергені белгілі. Актив отырысына төрағалық еткен облыс әкімінің міндетін атқарушы Ұлан Жазылбек солардың әрқайсысына жеке тоқталып, осынау бағыттар бойынша аймағымызда атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.

Жолдауда индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы қажет екені баса айтылған. Өндірісі өркен жайған Павлодар өңірі үшін бұл - ерекше маңызға ие салалардың бірі. Демек, аймағымыздың өндіріс саласына жүктелер міндет те жоғары. Бұл ретте, Ұ.Жазылбектің айтуынша, жергілікті жоғары оқу орындары бәсекеге қабілетті, жоғары білікті IT саласының мамандарын дайындауға мән беруі қажет. Сондай-ақ, биыл «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығы әзірленеді. Оған еліміздің әр өңірінен пилоттық жобалар таңдалып алынбақ. Павлодар облысының өндірістік кәсіпорындары да бұл жобадан тыс қалмауы тиіс.

Өндіріс саласында өнім көлемі мен сапасын арттыру жолында жаңа технологиялардың көмегіне жүгінеміз. Бұл үрдіс мемлекеттік қызмет саласына да қатысты. Облыс әкімінің міндетін атқарушы жақын болашақта тұрғындар түрлі мемлекеттік қызметтерді ұялы телефонда немесе компьютерлерінде бір тетікті басу арқылы алатын деңгейге жету қажет екенін атап өтті. Ол үшін мемлекеттік органдардың ұсынатын қызметін автоматтандыру бағытындағы жұмыстарға баса мән берілмек. Сондықтан цифрландыру саясатын жүзеге асыруға аймақтағы барлық басқармалардың, қала, аудан әкімдерінің белсене қатысуы талап етіледі. Жалпы, облысымызда «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылған цифрландыру кеңсесі жұмыс істеп жатқанын атап өткен жөн.

2030 жылға қарай еліміздегі баламалы энергия үлесін 30 пайызға жеткізу міндеті тұр. Ондағы мақсат – кәсіпорындардың энергия тиімділігін арттыру және энергия үнемдеу. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруда Елорда төрінде өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі «көмекке келді». Аталмыш шара баламалы «таза» энергия саласындағы дамудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Көрме нәтижесінде облысымызда жаңа технологияға негізделген 20 жоба таңдалып алынды. Оның екеуі қазірдің өзінде жүзеге асырыла бастады. Атап айтсақ, Түркия елінің кәсіпкерлерімен бірлесіп, Екібастұз қаласына қарасты Шідерті кентінің маңында энергия өндіруге бағытталған гидрогенераторлық қондырғыларды орнату бойынша жоба қолға алынды. Ал Успен ауданындағы «Галицкое» шаруашылығы 2 жел энергиясы қондырғысын іске қосуда. Алайда мұнымен шектеліп қалуға болмайды. Ұ.Жазылбек тиісті басқарма басшыларына баламалы энергия көзін тауып, дамытуға бағытталған стартап жобаларды жүзеге асыруды тапсырды.

Аграрлық сектор шикізатты қайта өңдеуге, жоғары сапалы өнімді әлемдік нарықтарға шығаруға қайта бағдарлануы тиіс. Бұл бағытта, аграрлық ғылымды дамыту басты назарда болмақ. Павлодар облысының ауыл шаруашылығы өнімі ел көлемінде және көршілес мемлекеттердің нары-ғында сұранысқа ие. Онымен қоса, аймағымыздың географиялық тұрғыдан орналасуы тиімді. Осы басымдықтарды ұтымды пайдалануымыз қажет.

Ұ.Жазылбектің сөзіне сүйенсек, алдағы 3 жылда аймағымыздың барлық жолдары жөндеуден өткізіледі. Жыл сайын аталған салаға бөлінетін қаржы көлемі артып келеді. Тек қала, аудан әкімдері жөндеуді қажет ететін жол бөліктеріне қатысты жобалық құжаттарды уақытылы әзірлесе болғаны. Мысалы, биыл Қалқаман-Баянауыл арасындағы 170 шақырымдық жол жөнделмек.

Аймақта тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Былтыр барлық деңгейдегі қаржыландыру көздерінің есебінен 242 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілсе, биыл бұл көрсеткіш 300 мың шаршы метрді құрамақ. Бұдан бөлек, Ұ.Жазылбек өз баяндамасында Мемлекет басшысының қаржы секторын «қайта жаңғыртуға» қатысты тапсырмасына сәйкес банк жүйесінің барлық жұмысы қайта қаралатынын атап өтті.

Аймағымыздың білім беру, денсаулық сақтау саласын да бірқатар өзгерістер күтіп тұр. Атап айтсақ, ұстаздардың мәртебесін арттыру, үш тілде білім беруді дамыту көзделген. Бизнес, IT-мектеп, технопарктер ашу ісі қолға алынады. Жоғары оқу орындары мен мектептер сұранысқа ие мамандықтар бойынша маман дайындау ісінде бірлесе жұмыс істемек.

Цифрландыру саясатының әсері мемлекеттік басқару ісіне де тиеді. Сол арқылы жемқорлықты ауыздықтауға күш салынбақ. Әсіресе, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жетілдіріле түспек. Бұдан бөлек, туризм саласын дамытуға көптеп инвестиция тарту көзделіп отыр.

Астана қаласында бастау алған «Смарт сити», яғни «Ақылды қала» жобасы Павлодар облысында да жүзеге асырылады. Бұл жобаға қала дамуына қатысты әр сала енгізілмек. Сол арқылы технологиялық және ақпараттық дамудың жаңа кезеңі басталады.

Облыс активінің жиынында сөз сөйлеген өңірдің қоғам белсенділері Мемлекет басшысы ұсынған жаңа бағыттарының өзекті және уақытылы екендігін атап, Елбасы Жолдауын толықтай қолдайтындарын білдірді.

Стратегиялық құжатта кәсіпорын-дардың жұмысын жаңғыртуға, өндірісті автоматтандыруға жоғары мән берілген. Өнеркәсібі дамыған Павлодар өңірі үшін бұл - маңызды бағыт. Облыстық мәслихат депутаты, «Ақсу ферроқорытпа зауыты» АҚ басшысы Сергей Прокопьевтің айтуынша, бүгінде кәсіпорын өзінің кейбір құрал-жабдықтарын автоматты жүйеге көшіруді бастаған. Осылайша, Жолдауда айтылған міндеттерді орындауға әзірліктерін білдіріп отыр.

Кәсіпкер Сейсенхан Смағұлов картоп өндірісін жолға қойған. Биыл өнімінің біраз бөлігін Өзбекстан еліне экспорттапты. Оның айтуынша, еліміздің өзге өңірлерін айтпағанда, жақын шет мемлекеттерде павлодарлық экологиялық таза, сапалы картоп, көкөніс өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Шаруашылық жұмысына соңғы үлгідегі заманауи техника жұмылдырылған. С.Смағұлов ендігі кезекте аграрлық саладағы инновациялық технологияларға иек артатынын айтып отыр.

Жиын барысында сөз алған Павлодар қалалық мәслихатының депутаты, «Сом-ПВ» ЖШС директоры Аурика Дьяк құрылыс саласына жаңа технологияларды енгізудің маңыздылығына, бизнеске мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын кедергісіз алу мәселелеріне ерекше тоқталды. Дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебінің директоры Самал Айтқазина білім беру саласының жаңа сапаға көтеріліп келе жатқанын тілге тиек етті.

- Бүгінде отандық білім беру саласын заман ағымына сәйкестендіру мақсаты тұр алдымызда. Бұл ретте, ұстаздардың біліктілігін арттырып, оқыту үрдісінде жаңа технологиялардың мүмкіндігін пайдалануға тырысудамыз. Виртуалды зертханалар қолданылады. Оқушылардың білімін бағалаудың жаңа жүйесі енгізілді. Білім ордаларын бала санына қарай қаржыландыруға көшеміз. Мектепте робототехника сыныбы жұмыс істейді. Оған оқушылардың 50 пайызы қатысады. Мұнымен шектеліп қалмасымыз анық. Елбасы Жолдауында айқындалған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру бағытында жұмыла еңбек етеміз, - дейді С.Айтқазина.

Шара соңында Ұ.Жазылбек жиналғандарды маңызды құжатта айқындалған мақсат-міндеттерді бірлесе атқаруға үндеді!

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz