Өңірдің емес, тұтас елдің намысы сыналар сайыста Қазақстан атынан кез келген спортшының өнер көрсетуге хақысы бар, әрине. Хақысы бар дейміз-ау, бұл міндетті ғой! Бастысы, бапкердің таңдауы түсіп, жаһандық жарысқа жолдама алған спортшы елдің абыройын асқақтатса болғаны. Біз тілеулеспіз! Әрдайым.

Қостанайлық спортшылардың Павлодар облысының өкілдері ретінде Олимпиадаға қатысуында тұрған ештеңе де жоқ. Бұл - әлемде кең тараған үрдіс. Кей спортшылар өз Отанының емес, өзге бір елдің туының астында тер төгетінін ескерсек, ел ішіндегі спортшылардың «сапырылысуы» түк емес. Қалыпты жағдай. Бірақ біздің айтпағымыз мүлде бөлек мәселе.

Павлодар – жазғы Олимпия ойындарында жүлде алмаған еліміздегі жалғыз облыс! «Сарыарқа самалы» газеті соңғы бес-алты жылда аталған мәселені терең қаузап, бұқара мен биліктің назарын бұл жағдайға барынша аудартуға тырысып жүргенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Өйткені Қазақстан Тәуелсіз ел атанған 27 жыл ішінде біздің өңірден жазғы Олимпиада жүлдегерінің шықпауы өте ұятты! Бұл – бапкер менен басшыны, спортшы мен жанкүйерді топ ішінде әрдайым төменшіктететін жағдай!

Өңірден Олимп тұғырында тұрар бір талантты спортшының шықпауына кім кінәлі? Намыссыз спортшы ма? Әлде біліксіз бапкер ме? Шынымен де, солай шығар. Бірақ бар кінәні спортшы мен бапкерге арта салу ақталу емес. Бұлай дейтініміз, қаңтар, ақпанда қар жатпайтын Шымкенттің өзінде қысқы спортпен айналысып, әлемдік деңгейге көтерілген спортшылар бар. Мәселен, Қазақстанның қысқы спорттағы саңлақтарының бірі, фристайлшы Жанбота Алдабергенованы алайық. Демек, жұлдыздай жарқыраймын деген спортшыға ештеңе кедергі емес. Тек қолдау керек. Қолдау деп отырғанымыз – әлеуеті жоғары спортшылардың ел ішінде, шетелде өтетін оқу-жаттығу жиындарына баруына мүмкіндік беріп, халықаралық жарыстарға қатысуына жол ашу. Ал бұл – жергілікті атқарушы биліктің, спорт саласына жауапты құзырлы мекеменің ең бір негізгі міндеті.

Жарайды, облыстан жазғы Олимпиада жүлдегерінің шықпауына құлықсыз спортшы мен құнтсыз бапкер кінәлі делік. Бірақ таяқтың екінші ұшы бар ғой. Демек, бұл мәселеде кінәлі тараптың бірі – спортқа жауапты мекеме. Яғни, жергілікті спорт басқармасы. Өйткені өңірдің бапкерлерін таңдап, спортшыларын іріктейтін - аталған мекеме. Жалпы, аймақ спортының бүгіні мен болашағы басқарманың ұстанған бағдары мен бағытына байланысты екенін түсіндіріп жату артық болар.

Біздіңше, облыстық спорт басқармаларының жұмысын бағалаудағы негізгі критерийлердің бірі – аймақ спортшыларының Олимпия ойындарындағы жетістігі. Ал бізде ешқандай жетістік жоқ. Демек, облыстық спорт басқармасының осы уақытқа дейін атқарған жұмысы нәтижесіз деген сөз!

Алты ай қар жататын Павлодар облысының қысқы Олимпиададағы жетістігі де мақтанарлық емес. 1998 жылы Нагано Олимпиадасында конькиші Людмила Прокашева қола жүлде еншілеген. Оның өзіне биыл 20 жыл болыпты. Сонымен тоқтап тұрмыз...

Жалпы, Павлодар солтүстік өңір болғанымен, мұнда қысқы спорттың шаңғы, биатлон секілді жекелеген түрлеріне ғана басымдық берілген. Біздің өңір – қысы қатты болса да, қысқы спорты дами қоймаған аймақ. Оны дамытуға не кедергі? Бұл – бөлек тақырып.

Сонымен, биыл өтетін қысқы Олимпиадаға Павлодар облысының атынан шорт-трекші Денис Никиша, Еркебұлан Шамұханов, Ким Ионг А, Ольга Тихонова қатысады. Өзге аймақтың спортшысы біздің өңірдің атынан сынға түскенде тұрған ештеңе жоқ. Бұл туралы пікірімізді жоғарыда айттық.

Бірақ Павлодарда қайдағы шорт-трек?! Біздің өңірде шорт-трекшілер мүлдем дайындалмайды ғой. Филиалы демей-ақ қояйық, үйірмесі бар ма екен?! Тіпті, жергілікті тұрғындар шорт-трек деген спорттың бар-жоғынан да бейхабар. Егер өзге бір өңірдің шаңғышылары мен биатлоншылары Павлодардың атынан шықса, бұл жағдай біздің назарымызды мүлдем аудармас та еді. Өйткені, Павлодарда шынымен де шаңғышылар мен биатлоншылар дайындалады. База бар. Мектеп қалыптасқан. Ал енді шорт-трекшілерді Олимпиада өтер шақта қатарға қосып алу... «Олимпия ойындарында нәтиже көрсеттік!» деп оңай олжаға кенелуді көздеген облыстық спорт басқармасының кезекті бір сәтсіз қадамы секілді.

Осы орайда, мынадай бір мысал келтірудің жөні келіп тұр. Жеңіл атлет Ольга Софронованы Павлодарда білмейтін адам кемде-кем. Ол – қарағандылық спортшы. Бертін Павлодарға ауысты. Бірақ оның біздің облыстың атынан өнер көрсетуі ешкімнің назарын аудартқан жоқ. Себебі жеңіл атлетика мектебі Павлодарда да бар. Мықты спортшылар да жетерлік. Ольга сол топқа қосылды да, сіңісіп кетті. Ал енді шорт-тректің не екенін де білмейтін өңірдің атынан байрақты бәсекеге шорт-трекшілердің қатысуы... Қабылдау қиын. Өңешке барып тұрып қалған түйір ас сияқты... Айтқан сайын шашала бересің...

Біздіңше, сырттан спортшы алдыру – іс тындыра алмаудың ең соңғы стадиясы! Емі табылмаған науқасты да әбден күдер үзер шақта шетелге апару үшін жанталасады ғой. Бұ да - сондай бір бұлқыныс.

Сырттан келген спортшының бәрі – легио-нер. Ал легионерде намыс болмайды. Құлқын ғана бар! Көздегені – пайда.

Сондай-ақ, сырттан спортшы алдыру – жергілікті жастардың жолын бөгеу!

Зілтемірші Ниджат Рахимовты білесіздер ме? Рио Олимпиадасында алтын алған спортшы. Атырау облысының атынан өнер көрсетіп жүрген Әзербайжан мемлекетінің өкілі. Көбіңіз ұмытып қалдыңыздар, әрине. Біз осы Ниджатты әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаевпен салыстырсақ дейміз. Алғаш-қысы – Олимпиада чемпионы, соңғысы – әлемнің үздігі. Қисынға салсақ, Олимп шыңын бағындырған спортшының абырой-беделі әлем чемпионынан әлдеқайда артық болуы керек. Бірақ бұл жағдайда олай емес. Иә, Ниджаттың Қазақ елінің атын шығарғанына бәрі қуанды. Уақытша ғана. Кейін бәрі ұмытылды. Ал допинг дауына ұрынып, ел көзінен мүлдем алыстап кетсе де, Жасұланды ешкім ұмытпақ емес. Неге бұлай? Оның бір ғана себебі бар: Ниджат – легионер, Жасұлан – өз баламыз, өз бауырымыз. Көз алдымызда өсіп, өз арамыздан шыққан спортшының қадірі қашанда жоғары!

Өзге бір өңірдің, елдің атын жамылып шығып ұтқан жүлденің жылуы болады дегенге өз басым сенбеймін. Әрине, сүйінші хабарға жергілікті халық қуанар. Бірақ жан-жүрегімен қабылдай алмайды. Егер сол жүлдені өз арамызда өскен бір спортшы иеленсе, тұтас халық тік тұрады. Себебін жоғарыда айттым.

Сосын өзге өңірдің атынан шығып, жүлде ұтып алған спортшының өзі де сол медалінің қызық-қуанышын толыққанды сезіне алмайтын секілді.

Бірден айта кетейік, біз Павлодар облысында шорт-трек спортының дамуына қарсы емеспіз! Қайта қос қолды көтеріп тұрып қолдаймыз. Әлемде кең таралған спорт түрімен павлодарлық бүлдіршіндер де айналысса, тамаша емес пе?! Тек, біздің аймақта тиісті мектебінің іргесі қаланбай тұрып, өзге өңірдің шорт-трекшілерінің облыс атынан байрақты жарысқа қатысуы таң қалдырып отыр.

Біз осы мәселеге қатысты өз ойымызды Facebook әлеуметтік желісінде жазған едік. Шағын жазбаға қатысты пікір білдірушілер көбейіп, аталған тақырып елдің қызу талқысына түсті. Осыдан кейін pavlodarnews.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Абзал Қадраш облыстық спорт басқармасынан ресми жауап алды. Тілші сауалына облыстық спорт басқармасы спорт бөлімінің басшысы Олег Кольев жауап беріпті:

«Бізде тұрғылықты мекенжайы бойынша Павлодарда тіркеліп, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып жүрген тек шорт-трекшілер ғана емес, биатлоншылар мен шаңғышылар да бар. Бір ұйымнан екінші бір ұйымға ауысу заңды болып табылады. Барлығы ресми түрде рәсімделген. Шорт-трекшілер Олимпия ойындарында Павлодар өңірінің атынан сынға түсуге өздері ниет білдірді. Біз оларға қажетті жағдайды жасап, қаржылай қолдау көрсетеміз.

Иә, бүгінгі таңда облыста шорт-тректің филиалы да, үйірмесі де жоқ. Павлодар атынан сынға түсетін шорт-трекшілер – Қостанай спорт мектебінің түлектері. Олар біздің өңірде аталған спорт түрінің кеңінен насихатталуына септігін тигізуде. Олар Оңтүстік Кореядан жүлделі оралады деген сенімдеміз.

Қазіргі таңда Павлодарда триатлон, дуатлон, академиялық есу сияқты спорт түрлері енгізілуде. Бұл қатарда шорт-трек те бар. Шорт-трек енді-енді даму үстінде. Сондықтан болашақта жергілікті жерден өз спортшыларымыз өсіп шығады деген үміттеміз. Сондай-ақ шорт-трекшілер үшін қажетті жағдай жасалып, жеке жаттығу базасы ашылуы да мүмкін», – депті Олег Кольев.

Егер шынымен де, біздің өңірде шорт-трек базасы ашылатын болса, бұл – қуанышты жаңалық! Сөз жүзінде қалмаса екен. Тек, мына бір жағдай бізді тағы да көп ойға қалдырып отыр: Олимпиадаға шорт-трекшілердің қатысатыны айтылғанда, жеке спорттық базаның ашылуы мүмкін екендігі туралы сүйінші жаңалық шенеуніктердің аузынан неге шықпады екен?..

Әзірше Оңтүстік Кореяда өтетін Олимпиадаға Павлодар спортшыларынан шаңғышы Анна Шевченко, шорт-трекшілер Денис Никиша мен Ким Ионг А жолдама алды. Сондай-ақ төрт жылда бір келетін дүниежүзілік додаға биатлоншылар Антон Пантов, Дария Климина (Усанова), Максим Браун, Тимур Куц және Александра Сасина, шаңғышылар Ирина Быкова мен Дарья Ряжко, шорт-трекшілер Ольга Тихонова мен Еркебұлан Шамұханов қатысуы мүмкін.

Тақырыпты түйіндей келе айтарымыз, Павлодар спортына серпіліс, өзгеріс керек. Біздіңше, спортшылар да, бапкерлер де, спорт шенеуніктері де бір серпіліп, бағыт пен бағдарды өзгертуге тиіс секілді. Әйтпесе, Олимпиададан олжасыз қайту «дәстүрі» жалғаса бермек.

Фархат ӘМІРЕНОВ, спорт журналисі, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты, арнайы «Сарыарқа самалы» үшін Астана қаласынан.

saryarka-samaly.kz