Ертістің Павлодар өңірі электр қуатын, көмірдің негізгі бөлігін, ферроқорытпа, алюминий, т.б. өндіріп отырған еліміздің өнеркәсібі дамыған бай өлкесінің қатарында тұр. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына да біздің аймақ қомақты үлес қосып келеді. Көрмеде осынау игіліктердің о бастағы іргетасының қалануы, дамуы жайлы мағлұматтар, аудандармен қалалардың тарихы және бүгінгі тынысы жайлы жазылған 300 кітап көрермен назарына ұсынылды.

Атап айтқанда, көрменің «Тарихы терең, болашағы жарқын өлке» атты бөлімінде облыстың 1938 жылдан бергі қалыптасу тарихы мен Тәуелсіздік алған жылдардан бергі жетістіктерін қамтыған әдебиеттер, «Павлодар - Қазақстанның индустриалды жүрегі» бөлімінде аймақтағы «Қазақстан алюминийі», «Электролиз зауыты», «Ақсу ферроқорытпа зауыты», «Богатырь Көмір» және т.б. ірі өндіріс орындары жайлы жазылған әдебиеттер қойылды. Сонымен қатар «Аграрлы Ертіс өңірі» бөлімінде ауыл шаруашылығы жайлы, Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хақында «Достықтың дархан ұясы» бөлімінде аймағымыздағы ұлттық мәдени орталықтарының құрылуы, Қ.Даржұман атындағы ұлттық жаңғыру мектебі жайлы мәліметтер мен кітаптар келушілерге ұсынылды.

Біздің облыс - қазақтың ұлттық рухания-тына - ғылым, әдебиет, мәдениет және өнеріне аса қомақты үлес қосқан әйгілі таланттар өсіп-өнген өңір. Кешегі Алаш партиясының құрамында қазақтың Тәуелсіздігін көксеген, соның жолында күрескен біртуарлар - Әбікей, Қаныш Сәтбаевтар, Ш.Айманов, С.Торайғыров, Ж.Бектұров, Е.Бекмаханов, т.б. шыққан. Көрмедегі «Рухани байлық мекені» атты бөлімнен әйгілі тұлғалар жайлы мәліметтер мен шығармалар, фотосуреттер орын алды.

Ұлы Отан соғысына аттанып бара жатқан павлодарлық қыз-жігіттердің фотосуреттері, майданнан жазылған хаттар, жауынгер өлеңдері, құжаттар, т.б. заттар келушілердің назарын аударды. Иә, сарғайған дүниеде замана толғанысы, сол кез адамдарының қиын-қыстау тағдыры жатыр. Оларға бейжай қарау мүмкін емес...

Көрменің ашылу салтанатында облыс мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлзира Баширова құттықтау сөз сөйлеп:

- Еліміздің географиялық картасында Павлодар облысының пайда болғанына 80 жыл толды. Мерейтойда аймағымыз бастан кешкен ірі-ірі оқиғаларды, еңбек сіңірген адамдарды еске алып, есімдерін жаңғырту - бір ғанибет. Өткенді, өңіріміздің даму тарихын білу - бәрімізге міндет әрі парыз, - деді ол сөзінде.

Көрменің ашылу салтанатына қатысқан әр салада еңбек еткен еңбек ардагерлері - облыс құрдастары да қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

С.ТАУҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz