Әлемге әйгілі поляк зерттеушісі Адольф Янушкевич өзінің бір жазбасында: «Қазақтың ойлау қабілетінің кереметтігіне барған сайын көзім жетті. Әр қазақ өз шаруасын жете түсіндіреді. Тіпті балаларының ақылы ерте толысады» деп жазған. Иә, қазақ халқы ақыл-парасаты мен ой-өресі арқылы талайды таңдандырып-ақ келеді.

Жандос Шәріпұлы 1984 жылы Баян-Өлгей аймағында туған. 2002 жылы аймақ орталығындағы Моңғол-түрік орта мектебін бітірген соң арман қуып, ел астанасы Ұлан-Батырға жол тартты. Моңғолия мемлекеттік университетіне социолог мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 2006 жылы тәмамдаған. Одан кейін 2011 жылы магистрлық диссертация-сын қорғады. Сонымен қатар, 2016 жылы Басқару академиясын мемлекеттік басқару менеджері мамандығы бойынша оқып бітірді. Содан бері мемлекеттік мекемелерде және түрлі ірі жеке компания-ларда лауазымды қызмет атқарып, білімділігімен көзге түсті. Атап айтқанда, 2010-2012 жылдары «Мәдине» компаниясының директоры, 2013-2015 жылдар аралығында мемлекеттік Геологиялық орталық лабораториясы іс басқару орнының басшысы, 2015-2017 жылдары Моңғолия мемлекеті Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік, әкімшілік депертаментінің бастығы болып қызмет етті. Ал өткен жылы ғана Моңғолия президентінің экономика, бюджет мәселелері бойынша кеңесшісі қызметіне тағайындалып, үлкен экономикалық-саяси «сахнада» өз бағын сынауда.

Жандос кейбір шенеуніктер секілді жасынан ақша мен атақтың буына семірген бай-бағландардың да, билікті белден ұстаған шенді-шекпенділердің де баласы емес. Ол - қарапайым қазақ отбасында тәрбиеленіп, әке мен шешенің ақыл-кеңесімен және өзінің талмас еңбекқорлығының арқасында жетілген жігіт.

- Қазақ – бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетін халық. Атақты болмаса да, ақылды болуға, танымал болмаса да, тәрбиелі болуға шақыратын да - біздің жұрт, яғни ата-аналарымыз. Менің әкем мен анам - үлкен лауазымды қызмет атқармағанымен, балаларын жастайынан тәрбиенің уызына қандырған адамдар. Анам біреудің ала жібін аттамай адал еңбек етуді және айналама мейірімді болуды санама сіңірді. Сондай-ақ, туған елге деген сүйіспеншілік пен өз ұлтыма деген жанашырлықты үйретті. Анамның «Тек жүрсең, тоқ жүресің» деген ақылы мен әкемнің «Ел сенімін ақтай біл!» деген өсиеті менің ең басты ұстанымым болып табылады, әлі де ауытқымаймын деп ойлаймын. Жалпы, біздің яғни осы елде тұратын аз қазақтың бір-біріне деген жанашырлығы мен ыстық ықыласы өте жоғары. Мен қайда және қандай қызмет атқарсам да жылулықты алдымен өз қазағымнан сезінемін. Сондықтан қазақ болып туғанымды мақтан етемін және осындағы қандас бауырлары-мыздың қазақ болып қалуына бар күш-жігерімді жұмсаймын, - дейді Жандос Шәріпұлы.

Қандасымыз мемлекеттік қызметтен бөлек бірнеше үкіметтік емес ұйымды басқарған. Яғни, қоғамдық жұмыстарға да жиі араласып тұрады. Атап өтер болсақ, 2004-2006 жылдары Баян-Өлгей аймағының студенттер одағын басқарып, сол өңірдегі жастар мәселесін шешуге атсалысты. 2007-2009 жылдары сауда, өнеркәсіп палата бөлімшесінің хатшысы болып, алғаш экономика саласында бағын сынап көрді. Сондай-ақ, 2010 - 2011 жылдары «Алтай дэвшил хөгжил сан» қоғамдық ұйымының басшысы болса, 2011 жылдан бері Mоңғолиядағы Қазақ ұлттық одағының президенті қызметін қоса атқаруда. Яғни, сол елдегі қазақ диаспорасы өкілдерімен тікелей жұмыс істейді. Жандос ағамыз президент кеңесшісі ретіндегі негізгі міндетімен қатар, сол елдегі бауырластардың мәдени-рухани құндылығының сақталып қалуына да ерекше көңіл бөледі. Себебі шеттегі қазақтың жоғын қазақ жоқтамаса, басқа ешкім түгендеп бермесі анық.

- Бұл бағытта Қазақ елімен тығыз байланыста жұмыс істеуіміз керек. Яғни, ең бірінші мәселе – осы елде өмір сүретін аз қазақтың мәдени-рухани өмірін жақсарту, ұлттық салт-дәстүріміз бен тілімізді және мәдениетімізді сақтап қалу. Сонымен қатар, жастарды оқыту және екі ел арасында тәжірибе алмасу мәселесін нығайтып, жас мамандардың біліктілігін арттыру жағына ерекше көңіл аударудамыз, - дейді.

«Жұмыстан тыс уақытта қандай іспен айналысасыз?» деген сауалымызға:

- Қолым қалт етсе, кітап оқимын. Менің жеке кітапханамда қазақтың тарихына, мәдениетіне қатысты жазылған құнды дүниелер де бар. Сонымен қатар, табиғатты аралап, тауға шығу және атқа міну – менің ең сүйікті демалысым, - деді.

Қайбір жылы Моңғолияның төртінші президенті Миеэгомбын Энхболд Наурыз мерекесі кезінде сол елде тұратын қазақ отбасыларының біріне арнайы барып, киіз үйдің төрінде отырған ақсақалға «Ассалаумағалейкум» деп қазақша сәлем беріп, мерекемен құттықтаған еді. Бұдан біз моңғол елінде тұратын қарындас жұрттың ұлтымыздың салт-дәстүрін берік ұстанатыны арқылы сол ел басшысын тәнті етіп отырғанын аңғарамыз. Ал қандастарымыздың өзге елде жүріп, жергілікті халықпен терезесі тең өмір сүруіне билік басында жүрген қазақ азаматтарының ықпалы зор.

Қазақта «Қол жұмылмай, жылынбайды» деген нақыл сөз бар. Шынымен, бар қазақ бір мүдде жолында жұдырықтай жұмылып тірлік етсе, бізді ешбір жау ала алмайтыны анық. Осы ретте шетте жүрген қандастарымыздың барлығы атажұртқа оралып, Қазақ мемлекетінің өсіп-өркендеуіне үлес қосса, қанеки?! Бірлігіміз бекем болса, сол күнге де жетерміз!

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz