Жергілікті полиция қызметі табиғатты қорғау инспекциясының аға инспекторы Серік Асылбековтің айтуынша, облыс орталығындағы көптеген мекеме мен кәсіпорындар маңайын қардан тазаламаған. Әсіресе, 1 Май, Кутузов көшелері және 2 Павлодардағы жеке тұр,ын үйлер секторында қар тау-тау болып үйіліп жатыр. Тәртіп сақшысының айтуынша, тиісті ескерту жасағаннан кейін жауапты тұлға 10-15 күн ішінде арнайы техника жалдап, маңайындағы жерді ақ ұлпадан арылтуы қажет.

Рейд барысында тиісті учаскелерді қардан тазалау шараларын уақытылы қолға алмаған дүкендер, дәмханалар, сауда орындары мен басқарушы компаниялар анықталды. 1 Май көшесіндегі «Технодом» сауда орталығының басшылығына дүкенге қарасты аумақта қарды дер кезінде тазаламағаны үшін ескерту жасалды.

Тәртіп сақшысы ауласынан шығарылған қарды жолға үйіп тастайтын тұрғындардың әрекетіне де тоқталды. Әсіресе, 1 Май көшесі бойындағы жеке тұрғын үйлер секторының тұрғындары қарды трамвай жолына үйіп тастап, қолайсыздық туғызуда.

- Әр мекеме, әр азамат өз аумағындағы қарды тазалауы тиіс. Сонымен қатар, Кутузов пен 1 Май көшесінің тұрғындарынан қарды трамвай жолына жинамауды сұраймыз. Бізге трамвай басқармасының мамандары шағым түсіруде. Жолдағы қар вагон қозғалысына кедергі келтіріп, оқыс оқиғаға себепкер болуы мүмкін, - дейді С.Асылбеков.

Айта кетейік, әзірге полиция қызметкерлері 2016 жылдың 6 ақпанындағы ереже өзінің заңды күшін тоқтатқандықтан, әкімшілік жауапкершілікке тарта алмайды. Қазір еліміз бойынша енгізілетін республикалық жаңа нормалар қаралу үстінде.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz