Болат Жұмабекұлы өз сөзінде Универсиадаға қатысқан павлодарлық спортшылардың аяқ алысын жіті бақылағанын атап өтті. Сондай-ақ, ел қоржынына 5 жүлде салған Анна Шевченконың табандылығына тәнті болғанын жеткізді. Б.Бақауов ел намысын абыроймен қорғаған жергілікті спортшыларға алғыс айтты. Өз кезегінде спортшы қыз да әрбір жарыс-тан кейін арнайы телефон шалып, қуанышына ортақтасқан Болат Жұмабекұлына ризашылығын білдірді.

А.Шевченко Универсиададан кейін Эстония және Финляндия елдерінде өткен жаһандық жарыстарға қатысты. Оның ендігі мақсаты – келер жылы Корея Республикасында ұйымдастырылатын қысқы Олимпиадаға жолдама алу. Сондықтан ол төрт жылдықтың басты додасына тыңғылықты дайындықты бастайды.

Естеріңізге сала кетейік, Универсиадада Павлодар облысынан 10 спортшы өнер көрсетті. Олар шаңғы жарысы, биатлон, шайбалы хоккей спортынан сынға түсіп, 11 жүлде ұтып алды.

Облыс әкімі Б.Бақауов Универсиадада жүлде иеленген өзге спортшылармен және олардың бапкерлерімен 1 сәуір күні, қысқы жарыстар маусымы аяқталған соң кездесетінін айтты.

 

Фархат ӘМІРЕНОВ

saryarka-samaly.kz