Қазіргі әлем өзгерді. Қарап көрсеңіз, есептілік, қадағалау, бақылаудың барлығы автоматты, цифрлы жүйеге өтіп кеткен. Қазір кеңселердегі бухгалтерлік бөлімдерден ескі заманның экспонаты – «есепшот» құралдарын таба алмайтынымыз секілді, енді бірер жылдан соң калькулятор құралдарын пайдалану да модадан шығып үлгеретіні анық. Жадымыз жасанды болып барады. Бірақ сол жадыға көшпесек, көштің соңында қаламыз. Әлемдік статистикалық мәліметтерге құлақ түріңіз, дамыған мемлекеттерде интернеттік экономиканың өсуі жылына кемі 15-25 пайызға жетіп отыр. Мұндай көрсеткіш экономиканың өзге бірде-бір саласында кездеспейді. Жаһандық мәліметтердің 90 пайызы соңғы екі жылдың ішінде ғана құрылыпты. Ал олардың 99 пайызы цифрланған. Әлем бойынша 35 миллиардтан астам құрылғы әлгі мәліметтерді түрлендіріп, күн сайын бір-бірімен алмасып отырады. Цифрланған құрылғылардың саны жер бетіндегі халықтың санынан 5 есеге көп. Яғни, әрбір 5 құрылғы 1 адам үшін жұмыс істейді. Демек, сіз бұл үрдіске қатыспасаңыз, айналаңыздағы 4 адамның бірі әлгі құрылғыны игере алады. Ал тетігін білу - сізді басқару деген сөз. Ендеше, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның цифрлану дәуіріне көшу туралы ойлары мен пайымдары келешектің көкжиегін меңзеп тұрғанына көзіміз одан әрі жете түседі.

Былтыр Үкімет «Цифрлы Қазақстан» бағдар-ламасын қабылдады. Байыптасақ, көбіміз үшін мүлде таңсық дүние болып көрінетін жаңашылдыққа ену экономикалық өсімге әкеледі. Себебі цифрлы технология неғұрлым жақсы дамыған мемлекеттер баю үстінде. Бұған дейін әлем экономикасын мұнай билесе, ендігі кезекте цифрлану оның орнын алмастырады деп болжайды сарапшылар. Байқап отырғанымыздай, бұл бағыт бойынша қазір дамыған мемлекеттер жарысқа түсіп кеткен. Әр ел бұл үрдісте жеке-дара бірегей соқпақ салуда. Әрі өмірімізді өзгертетін технологиялардың бірін ғана таңдап алатынын көз көруде. Мысал үшін, Германия тауарлық интернет өнімдерін дамытса, АҚШ - жасанды интеллекті, Швеция - блокчейн, Қытай - 3D баспа, Сауд Арабиясы ауқымды мәліметтер шоғырына ден қойған.

Негізі, бұл үрдісте Қазақстан 50-лікке енеді. Ендігісін Қазақстанның бұл тарапта жөні бөлек болуы шарт әрі ол жан-жақтылыққа негізделеді. Төрт табыс жиынтығынан - экономиканың дәстүрлі салаларын цифрлы трансформациялау, адами капиталды дамыту, мемлекеттік қызметті цифрландыру және соңғысы цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағыттарынан тұратын кешенді бағдарлама бүгінде іске қосылып та үлгерді. Еліміз 2021 жылға дейін бұл бағдарламаны өмірге енгізіп қана қоймай, одан миллиардтаған доллар пайда табуға үйренуі тиіс. Үкімет алға осындай мақсат қойып отыр.

Қазақстанның бүгінде транзиттік әлеуеті зор екендігін ескерсек, бізге e-transport жүйесін енгізу аса ұтымды екен. Бұл дегеніңіз тұтастай отандық транспорттық саланы ғана емес, халықаралық жүк және жолаушылар тасымалын бақылап отыруға мүмкіндік береді. Мәселен, қазір қарапайым ғана қалта телефонында орнатылған арнайы бағдарлама арқылы қала ішіндегі автобустардың қозғалысын онлайн бақылау мүмкіндігіне кез келген тұрғын ие. Келешекте мұндай тетіктер тасымалдың барлық саласын қамтыса, қалыптасқан мәселелер өз-өзінен шешімін табар еді. Қазақстанның бірде-бір саласы «цифрланудан» іргесін аулақ сала алмайды. Себебі оның салдары тұтас экономикаға сынадай қадалуы ғажап емес.

Түйіндей айтсақ, цифрлану бұл - экономика саласындағы үлкен саяхат. Ол әрбір мезгіл сайын жасарып, жаңарып отырады. Бірақ шет-шегі жоқ мүмкіндікке ие. Сол нарықтан өзімізге ыңғайлы орнымызды тауып, IT (айти) - технологияларды игілігімізге бұра білсек, осы күнге дейін біз үшін беймәлім әрі мүлде бөлек басқа әлемнің есігінен именбей аттайтын боламыз.

Мұрат АЯҒАНОВ

saryarka-samaly.kz