Серік РҮСТЕМБЕКОВ, ҚР еңбек сіңірген сәулетшісі:

- Құрылыс қарқынын үдеткен жөн-ақ. Бірақ саны артып, сапасы кері кетпеуі тиіс. Ол үшін ғимараттың қолданысқа берілерге дейінгі әр сатысы үлкен жауапкершілікпен жүзеге асырылуы тиіс. Алдымен, нысан бой көтеретін орынның ерекшелігін зерттейтін ұйымдардың жұмысына талапты күшейткен дұрыс. Әйтпесе, зәулім нысандардың астындағы топырақ қандай салмаққа шыдас беретіні, су тисе қалай өзгеретіні алдын ала жіті тексерілмей, ғимаратты салып тастайды. Оған қоса, жобалаушы ұйымдардың ісінде де шикілік көп. Бұрын мұндай мықты деген 200-ден астам ғана мұндай мекеме болса, бүгінде олардың қатары елімізде 40 мыңның үстінде. Олар лицензия алады, ал оның қандай жолмен қолға тиіп жатқаны тағы күмән тудырады. Бұлай дейтінім, қатарға кеше ғана қосылғандар 1-ші деңгейлі құрылыс жүргізу лицензия-сына ие болғанын көріп жүрміз. Тіпті, мұндай фирманы сатылымға шығарып жатқандарды кездестіргенде кәдімгідей құрылыстың қауіпсіздігіне алаңдаймын. Ендігі кезең – құрылыс жүргізу барысы. Білікті құрылысшылар аз, жол-жөнекей келгендердің жұмысты талапқа сай атқаратыны екіталай. Сонымен қатар, кез келген кәсіпорын табысты көздейді. Сондықтан материалдың арзанына жүгіреді. Жалпы, құрылысты талапқа сай жүргізудің 3 мың ережесі, тиісті технологиясы бар. Олар сақталмаса, сапалы нысан салынбайтыны анық. Енді жұмыстың оңы мен солын анықтауы тиіс қадағалаушы органдарда да кемшілікке «бармақ басты, көз қыстылық» танытып жүргендер кездесетіні жасырын емес. Ал ескі ғимараттарды жаңғырту жұмыстарына келетін болсақ, оларды жөндеу мемлекеттік тапсырыс негізінде тендер арқылы жүргізілді. Онда кім бағаны төмен ұсынса, сол ұтады. Одан соң ұтуға «жәрдемдескендерге» «қолақысын» береді. Сөйтіп жүргенде жөндеу жүргізетін фирманың қолында мардымсыз қаржы қалады. Аз ақшаға арзан материал қолданады, технологиясы сақталмайды, ақыры не болатыны белгілі. Айтпағым, алдымен саладағы жемқорлық жойылуы тиіс. Сонда сапа болады.

Михаил ЖЕЛНОВ, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты:

- Құрылысшы ретінде айтарым, қадағалаудан бұрын, ең алдымен құрылыс жүргізетін мердігерді таңдауда қателікке бой алдырмау керек. Иә, облысымызда биыл тұрғын үй құрылысы көлемін 300 мың шаршы метрге жеткізу көзделіп отыр. Мұндай ауқымды еңсеруге жергілікті құрылыс компаниялары қауқарлы. Сондықтан талай жыл сенімге кірген, жұмысында кінәрат болмаған құрылысшыларға басымдық беру қажет. Мердігер ұйымды таңдардан бұрын олардың қолда бар техникасы мен жұмыс күшіне, мамандарының біліктілігіне мән берген абзал. Сырттан құрылыс фирмаларын тартпауға тырысқан жөн деген ойдамын. Себебі жүрдім-бардым жасайды. Орта жолда бұрыс бағыт алған тұсын қайта ретке келтіру керек болады. Ол қосымша қаржы, уақыт деген сөз. Ал өзіміздің тәжірибесі мол, нарықта өз орнын алған құрылыс компанияларына жобаларды өткізсек, олардың сапасына да алаңдаудың қажеті жоқ.

Шайхислам ТӘКІБАЙҰЛЫ, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Қаламызда зәулім үйлер бой көтеріп жатқанын көргенде көз қуанады. Себебі, қаншама жыл бұрын салынған баспаналар ескірді. Орнына еліміздің дамуымен қатарлас үйлердің салынуы қажет-ақ. Құрылыс көлемінің артқаны, мыңдаған отбасының баспаналы болғанын білдіреді. Бұл – үлкен қуаныш. Мемлекетіміз осыны ескеріп, жыл сайын тұрғын үй құрылысының қарқынын ұлғайтуда. Елбасымыз да Жолдауында осы тұрғыда нақты тапсырма берді. Енді сол халық игілігіне бағытталып жатқан жұмыстар нәтижелі болғанын қалаймыз. Яғни, санымен қатар сапасы да артуы тиіс. Әйтпесе, қазына қаражатына салынған ғимараттар жыл өтпей жатып сыр берсе, бұл - елдігімізге сын. Тұрғындардың көптен күткен қуанышы ұзаққа созылмаса, қаншама жасалған жұмыс зая кетеді. Сол себепті бақылау күшейтілуі тиіс. Мердігер фирмалар өз жауапкершіліктерін сезінетіндей қадағалау әрекеттері қатаң жүргізілсе деймін. Себебі, ғимараттар бір күннің дүниесі емес. Жылдар бойы қызмет ететін нысанның қауіпсіздігі де бірінші орынға қойылуы қажет. Сондықтан сапаға барынша мән берілгені – біздің, түпкі тұтынушылары тұрғындардың талабы.

«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz