Негізгі мақсат - инвестор табу

Алдыгүні Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осы мәселе егжей-тегжейлі қаралды. Үкімет қаулысы негізінде қабылданған Жекешелендірудің кешенді жоспары 2016-2020 жылдарға арналған. Бірақ оны іске асыруға келгенде біраз түйткілдер туындап отыр. ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың мәлім еткеніндей, барлығы 904 объекті саудаға шығарылуға тиіс, оның 876-сы туралы толық ақпарат gesreestr.kz сайтында орналастырылған. 2 жылда 476 нысан саудаға шығарылып, 376-сы сатылды. Экономиканы қайта жаңғырту мәселелері жөніндегі ұлттық комиссияның шешімі бойынша, 255 объекті қайта құруға немесе таратылуға жатады. Осының бәрін есепке алғанда, кешенді жоспар 71 пайызға орындалды.

Жоспарға сәйкес жекешелендіру бойынша жұмыстар 2018 жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс. Алайда бірқатар мәселелер туындап отыр. Мәселен, сатылуға қойылатын кәсіпорынды ЖШС-ге айналдыру барысында қатысу үлесі бөлшектелініп тасталады. Бұл активті бағалау барысында қиындық келтіреді. Компанияда қатысу үлесін бөлшектеу құқығы тек «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының құрамындағы кәсіпорындарды сатуға дайындауда ғана қолданылу керек. Оның мақсаты – стратегиялық инвестор іздеп табу. Ал басқа жағдайда тек қиындық туғызып келеді. Мәселен, Шығыс Қазақстандағы бір компанияның сауда-саттыққа дайындау ісі 4 айға созылған. Мерзімнің созылып кетуі сауданың нәтижесіз аяқталуына әкеліп соғуда. Тағы бір мәселе – соңғы уақытта қаулы негізінде жекешелендіруге жатқызылған нысандарды тізімнен шығаруға байланысты ұсыныстар енгізу жалғасып отыр. Сондықтан Б.Сұлтанов ұлттық холдингтер мен сатушы әкімдік органдары компаниялардың қатысу үлесін бөлшектеу, негізсіз жағдайда кәсіпорындарды тізілімнен алып тастау, қайта құру және тарату шешімін дер кезінде қабылдау, сату процесін бақылау мәселелерін қадағалап, ай сайын тұрақты түрде министрлікке есеп беруді жүктеуді ұсынды.

Бірақ бұл ұсыныстар Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың қолайына жақпады. Үкімет басшысы бұлай шексіз жалғаса беруі мүмкін екенін ескертті. Амал қолдану керек.

- Нақты бір механизмдер ұсыныңыз. Аймақтарда жұмысты ширатудың қандай жолдары бар? Мониторинг жүргізуді талап етумен көпке бармайсыз. Барлық мәліметтер gesreestr.kz сайтында тұр дейсіз. Ол сайтты сіз қарарсыз, әкімдіктер қарар. Басқа жұртшылық көрмейді. Сондықтан мәліметтерді көпшілік көретін сайттарға жариялаңыздар. Көрсін бәрі, қай облыста қандай заң бұзушылықтар барын, - деді Бақытжан Әбдірұлы. Қаржы министрі бұл талапты құп алды.

Қысқарту ма, көбейту ме?

Ал ҚР Экономика министрі Тимур Сүлейменов тіпті қызық жағдайда қалды. Атап айтқанда, Бақытжан Сағынтаевтың сұрағына жауап таппай қиналды. Мемлекеттің балансынан активтерді шығаруға мән беріп жатқанда, екінші жағынан не үшін жаңа компаниялар құрылып жатыр, жалпы олардың саны қанша?

Әуелде өз баяндамасында Т.Сүлейменов жекеге сатылуға тиіс активтер туралы мәлімет берді. Белгілі болғандай, олардың дені - «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан Темір жолы» секілді ұлттық компаниялардың құрамындағы кәсіпорындар. Негізінен, тасымал, жөндеу секілді қосымша қызметтер атқаратын құрылымдар. «Қазақтелекомның» құрамынан «Нұрсат-2» «КТАХ» дегендерді жекеге беру көзделген. Тізімнің ортасында Павлодар мұнай-химия зауыты да бар. 2016-2017 жылдар арасында сатылуға тиіс жалпы тізілімге қосымша 168 жаңа компания енгізілген. Сондай-ақ мемлекет активінде қалатын жаңа компаниялар пайда болған. Дәл осы жаңа компаниялар Премьер-Министрдің наразылығын тудырды.

- Сонда біз инвентаризацияны не үшін өткіздік? Бір қолымызбен қысқартып отырмыз, ал екінші қолымызбен одан да көп нысандарды құрып алдық па? Неге ондай әрекеттерге жол береміз? Бір кәсіпорынды жоямыз, соның орнына басқасын жасаймыз. Олай жұмысымыз бітпейді ғой, - деді Премьер-Министр. Министр Сүлейменов бұған тұшымды жауап бере алмады. Сасқанынан: «Нақты анықтаманы кейінірек берсек бола ма?» - деп сұрады. Сол үшін Үкімет басшысынан тағы да сын естіді. «Тимур Мұратұлы, бүгін сіз баяндама жасау үшін келдіңіз. Анықтаманы кейіннен қол астындағы қызметкерлерден сұрамайтындай, бәрін баста ұстау керек. Міне, осының салдарынан сіздерде жаңа кәсіпорындар саңырауқұлақтай қаулап кетеді. Себебі ешқандай бақылау жоқ. Ойларына келгенін істейді!», - деп шүйлікті Б.Сағынтаев.

Айта кетелік, әуелде Үкімет қаулысына сәйкес сатылуға жатқызылған әлеуметтік нысандар мен бұқаралық ақпарат құралдары кейіннен экономиканы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның ұйғарымы бойынша тізілімнен шығарылған болатын.

Үкімет отырысында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан және «ҚазАгро» және «Бәйтерек» холдингінен өкілдер есеп берді. Ұлттық әл-ауқат қоры жоспарға сәйкес 2016-17 жылдары 356 млрд. теңге сомасында ұзын саны 81 активті сатқан. 2018 жылы сатуға қойылып отырған активтердің қатарында Павлодар әуежайы бар. Халықтық IPO аясында 3 компанияның акцияларын сатуға мән берілуде. Қазақтелеком акция-лары 2018 жылдың I тоқсаны соңында, «Эйр Астана» және «ҚазАтомӨнеркәсіп» активтері 2018 жылдың соңында саудаға шығаруға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Министрлік ірі компанияларды сату, инвес-тор іздеу мақсатында Мәскеу, Шанхай қалаларында Инвестор күні шарасын өткізуді жоспарлаған.

Жиынды қорытындылай келе, Премьер-Министр жекешелендіруге қатысты істерді жеделдетуге тапсырма берді.

- Елбасы тапсырмасын орындауымыз керек. 2018 жыл – ең соңғы мерзім. Сылтау, түсініктемелер қабылданбайды. Сондықтан тоқсан сайын атқарылған істер туралы мәлімдеп тұруды тапсырамын. Онда да облыс-тар бойынша нақтылап, талдап көрсетуді тапсырамын. Бүгінгі мәліметтеріңізден ештеңені айқын көру мүмкін емес. Талдау арқылы көрсетілсе, қай облыстың қандай нәтиже көрсетіп жатқанын анық байқаймыз, - деді Б.Сағынтаев.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz