Елбасы ресми сапармен келуге шақыр-ғаны үшін АҚШ Президенті Д.Трампқа алғысын білдірді. Қазақстанның АҚШ-ты сенімді серіктес, әлеуетті әріптес санайтынын жеткізген Н.Назарбаев алдағы уақытта екіжақты қарым-қатынасты нығайтудың маңыздылығын атап көрсетті.

- Сізді президенттік қызметіңіздің бір жылдығымен және экономикадағы зор жетістіктеріңізбен құттықтаймын. Қазақстан мен АҚШ арасында әрдайым екіжақты саяси қарым-қатынас орнаған. АҚШ тарапы алғашқылардың бірі болып Қазақстанның тәуелсіздігін мойындады. Содан бергі 26 жыл ішінде екі ел арасындағы байланыс жаңа белеске көтерілді. Менің бүгінгі сапарым - соның айғағы. Алдағы әңгіме барысында екі елге де тиімді мәселелерді талқылайтынымызға және Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық әріптестіктің одан әрі нығая түсетініне сенімдімін, - деді Елбасы.

Өз кезегінде Д.Трамп АҚШ тарапы Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі болашағы зор, стратегиялық әріптес деп есептейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық, сауда-экономикалық қарым-қатынас жаңа сапаға ие болып отыр. Ақ үй басшысы Қазақстанды өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздіктің шешуші факторы ретінде бағалайтынын жеткізді.

– Сіздің осында келгеніңізге қуаныштымын. Сізге барлығы зор құрметпен қарайды. Екі ел арасындағы қарым-қатынас керемет жолға қойылған. Қазір Қазақстанның жағдайы өте жақсы. Біз үшін Сізді қабылдау зор мәртебе. Сіздің еліңіз үшін жасаған ісіңіз, шынында да, тамаша, – деді АҚШ Президенті. Бұдан кейін мемлекет басшылары шағын құрамда келіссөздер жүргізді. Жиын аяқталған соң Н.Назарбаев пен Д.Трамп журналистерге арналған брифинг өткізіп, кездесудегі талқыланған мәселелермен таныстырды.

«Сапарымның нәтижесі Қазақстан-Америка қарым-қатынасы екі елдің игілігіне айналар кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеретіндігіне сенімім мол. Бүгін Астана мен Вашингтонның өзара қарым-қатынасының жаңа дәуіріне бастама болатын бірлескен саяси мәлімдеме қабылдаймыз», деді Н.Назарбаев. Елбасы АҚШ-қа Орталық Азиядағы бес мемлекеттің атынан келіп отырғанын айтты. Қазіргі уақытта Орталық Азияға алпауыт мемлекеттердің қызығушылығы зор. Солтүстікте Ресей, шығыста Қытай, оңтүстікте ислам әлемімен шектесіп жатырмыз. Бұл ретте АҚШ-тың «С5+1» форматына қатысуы өте маңызды. Мен Д.Трамп мырзадан бұл ынтымақтастықты жалғастыруды сұраймын, деді Мемлекет басшысы. «Қазақстан 2001 жылы терроризмге қарсы күресте АҚШ-қа белсенді түрде көмек қолын созды және қазіргі таңда Ауғанстанда жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға қолдауын жалғастырып келеді. Бүкіл әлем терроризмнің жаңа ошақтарына қарсы тұруы тиіс. Қазақстан Ауғанстанға 75 миллион доллар көлемінде гуманитарлық және техникалық көмек көрсетті. Бұған қоса, мыңға жуық ауғандық жастар біздің жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Бұл жұмыстарға 50 миллион доллар жұмсалды. Бұл жайында кеңінен айтып беруге уақыт жеткілікті болады деп ойлаймын», деді Президентіміз.

Қазақстанның тәуелсіздік алған тұста ядролық қару арсеналынан бас тартып, Семейдегі сынақ алаңын жапқанын еске салып өтті. Ядролық қаруы бар елдерге бізден үлгі алуға шақыруға моральдық құқығымыз бар. Мұндай әңгімені Иранмен жүргіздік, қазір Солтүстік Кореямен келіссөз жүргізудеміз. КХДР мәселесін Қытай, АҚШ, Ресей тарапы бірлесе шеше алады.

Қазақстандағы америкалық компаниялар ел экономикасына 50 миллиард доллардан астам қаржы құйып, бес мыңға жуық жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік жасады. Елімізге келетін АҚШ азаматтарына визасыз режим енгізілген. Елбасы визаға қатысты ендігі қадамды АҚШ тарапынан күтетінін мәлімдеді. Сонымен қатар алдағы уақытта екі ел арасында тікелей әуе қатынасы орнатылмақ. «Бүгінгі дөңгелек үстелде 7 млрд. доллар көлеміндегі 20 келісімшартқа қол қоюды жоспарлап отырмыз. Бұл бизнес өкілдері арасындағы өзара байланыстың жоғары деңгейін көрсетеді. Біз Боинг ұшақтарын сатып алуды, Қазақстанда 900 электровоз құрастыруды және ауыл шаруашылығы саласындағы байланысты арттыруды көздейміз», деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Д.Трампты АҚШ-тың экономика саласында қол жеткізген табыс-тарымен құттықтады. «Сіз таңғаларлық салық реформасын жасадыңыз. Бұл қада-мыңызды қолдаймын, өйткені мұндай реформаны біз бес жыл бұрын қабылдаған болатынбыз. Бізде корпоративтік салық 20 пайыз, табыс салығы 10 пайыз», деп сөзін түйіндеді Н.Назарбаев.

Д.Трамп Елбасы Н.Назарбаевпен бірге елдің әлеуетін арттыру, қарым-қатынасты жақсарту жөнінде талқылағанын мәлімдеді. Қазақстан Корея түбегінде ядролық қаруға қатысты мәселеде сенімді әріптеске айналып отыр. АҚШ Қазақстанды көршілеріне құрметпен қарайтын, өз тағдырына өзі жауапты егемен ел ретінде есептейді. Оның айтуынша, Қазақстанда америкалық компаниялардың тиімді жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалған. Америкалық кәсіпкерлер Қазақстан экономикасына инвес-тиция салу бойынша алдыңғы қатарда. Сөз соңында Д.Трамп Қазақстанның егемендігі берік, келешегі жарқын болуына тілектестігін жеткізді.

Сапар қорытындысы бойынша екі ел Президенттері кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Онда ХХІ ғасырдағы Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланыстарды одан әрі тереңдету мәселелері қамтылған.

Әзірлеген – Мұрат ҚАПАНҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz