Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өңірде мәдениет және өнер саласына қатысты «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» және «Қазақстанның киелі жерлері» атты екі арнайы жоба қолға алынғаны белгілі. Соның ішінде «Руханият ошағы» жобасы кітапханалар жұмысын ілгерілетуге бағытталғаны көңіл қуантады.

- Павлодар облысы өңірдегі кітап-ханаларды жаңғырту бойынша респуб-ликада Ақтөбе, Қызылорда облыстарынан кейін үздік үштікке енді, - дейді С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың директоры Шолпан Шахметова. - Жоба аясында жаңғырудан өтетін кітапханалар таңдалып алынды. Таңдаудың да өзіндік талап-ережесі бар. Біріншіден, елді мекендегі тұрғын саны мың адамнан кем болмауы керек. Екіншіден, міндетті түрде жалпы орта білім беретін мектептің болуы шарт. Үшіншіден, ауылдың инфрақұрылымы дамыған, аудан орталығымен тығыз байланыста болуы міндетті. Осы орайда іріктеуден өткен Ертіс ауданындағы Абай ауылында 941 тұрғын бар. Адам саны талапқа сай болмаса да, біз осы ауылдың кітапханасын таңдап алдық. Жалпы, бұл жобаның бізге берері мол. Оны барынша тиімді пайдалануға тырысамыз.

Облыстық кітапхана 2002-2004 жылдар аралығында «Ауыл кітапханасы» деген бағдарламаны жүзеге асырған еді. Онда облыс көлеміндегі бірқатар ауылдарда кітапхана ашылды. Тіпті, осы уақытта 130 кітапхана мобильді стандартқа көшірілген. Бұл дегеніміз аталмыш мекемеде міндетті түрде 1 компьютер, сканер, принтер және арнайы бағдарлама болуы керек. Осы бағдарлама аясында кітапханалар автоматтандырылған болатын. Енді сол істі жалғастырып, ауылдық кітапханаларға көңіл бөлуге зор мүмкіндік туып отыр.

«Руханият ошағы» жобасының көздеген кезекті бір мәселесі - коворкинг-кітапхана ашу. Коворкинг дегеніміз – кітапханадан арнайы бір бөлмені оқырмандарға сай етіп әзірлеу. Яғни мобильді стандарт бойынша жабдықталады. Коворкинг орталығы кез келген адамға өзінің сүйікті ісімен айналысуына, арнайы тақырыптарда дөңгелек үстелдер ұйымдастыруға, шахмат, дойбы ойнауға, гүл өсіріп, қолөнер бұйымдарын жасауға зор мүмкіндік тудырады. Бір сөзбен айтқанда кітапханаға келушілердің бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуіне бар жағдайды жасайтын орталық болмақ. Сондықтан мұндай орталықтарды құру әрі олардың санын көбейту заман талабынан туындап отыр.

- Коворкинг-кітапхана ашу көптен бері ойымызда жүрген-ді. 2013 жылы облыстық кітапхана күрделі жөндеуден өткен кезде де осы идея талқыға түскен. Алайда белгілі бір себептермен ол жүзеге аспай қалған еді. Енді аталмыш жоба аясында тек облыстық кітапханадан ғана емес, ауылдық кітапханалар жанынан да коворкинг орталығы ашылатыны қуантады. Себебі ауылдық жерлердегі кітапхана адамдар көп жиналатын мәдени ошақ екені белгілі, - дейді Шолпан Баянқызы.

Кітапханаларда қарқынды түрде жүзеге асырылып келе жатқан істің бірі кітаптарды цифрлы форматқа көшіру. Бұл бойынша аймақтағы барлық кітапхана ұжымы қарқынды жұмыстар атқару үстінде. Мәселен, кітаптарды іздеуді автоматтандыруға облыс бойынша 206 автор өз келісімін берген. Ал автоматтандырылған РАБИС жүйесі 1993 жылдан бастап жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Енді аталмыш жүйені жетілдіру мақсатында осы жылы кітапханаларда веб-РАБИС іске қосылмақ.

- Веб-РАБИС-тің артықшылығы өте көп. Ол арқылы біз электронды каталогтарымызды интернетке шығарып, өз сайтымызға орналастыра аламыз. Қазіргі уақытта кітапхана сайтында электронды каталог жоқ. Электронды каталог арқылы әр оқырман үйінде отырып-ақ өзіне қажетті кітабын іздеп тауып, оның сол мезгілде кітапхана сөресінде бар-жоғын анықтай алады. Бүгінгі таңда кітапханада тек қана ішкі каталог жұмыс жасайды. Веб-РАБИС арқылы оқырмандардың кітапқа қол жеткізуін жеңілдетеміз. Сонымен қатар қордағы бар кітаптарды оқырмандарымыз өзімен алып кетпеуі үшін сақтық шаралары жыл сайын жаңартылып келеді. Соның бірі - қордағы барлық кітаптарға радиобелгі орнатылған. Бұл дегеніміз кітаптың оқырманға беріліп, қайта келген жолына дейін бақылауда болады. Бұл жүйе Қазақстан бойынша Шығыс Қазақстан облысы мен Павлодарда ғана бар, - дейді Ш.Шахметова.

Айта кетелік, кітапхана жұмысын жаңғыртуға арналған бағдарлама еліміз бойынша Павлодар мен Маңғыстау облысында бірінші болып қолға алынған.

Облыс орталығынан шалғайда орналасса да оқырман үдесінен шығуға тырысатын рухани ордалардың бүгінгі бағыты осындай. Заман талабына сай, әлемдегі дамыған елдердің кітапханасында ұсынылатын қызмет түрін қазақ қоғамына енгізудің өзі - жаңару мен жаңғыруға бастаған үлкен қадамның бірі. Өрісін кеңейтіп келе жатқан кітапханалардың сөресі кітапқа, залы оқырманға толы болғай!

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz