Өлеңі Б.Әлімжановтікі
Әнін жазған - Н.Дүкенбай.

Әжетаймен қосылып,
Әсем әнді айтамын,
Домбырасын атамның,
Күмбірлетіп тартамын.

Әжеміздің әнінде,
Еліміздің жыры бар,
Атамыздың күйінде,
Даламыздың сыры бар.

Ерте, ерте, ертені,
Аңыз қылған, ән қылған
Кел, ертегі тыңдайық,
Ата-бабаң қалдырған

Бізді үйреткен оқуға
Бізді үйреткен әріпке
Білім, ғылым бастауы –
Мың рахмет, Әліппе!

 

Ертегілер елінде

Мен кішкентай кезімнен бастап ертегі тыңдадым. Анам ылғи ертегі айтып отыратын. Нағашы әжем көп оқитын болыпты және оқығандарын ылғи айтып береді екен. Нағашы атаңның жақсы көретін ертегілері деп «Ер Қосай», «Керқұла атты Кендебай», «Жерден шыққан Желім батыр», «Көгадай шынтақ», басқа да ертегілер айтады. Ойнап отырып, анамның ертегісін тыңдап, ұйықтап қалады екенмін.

Мен 4 жасқа толғанда анам маған «Елу ертегі, жетпіс жұмбақ» деген кітап сыйлады. Күнде ұйықтарда осы кітаптағы ертегіні оқып береді, мен соған үйреніп алдым. Әсіресе «Керқұла атты Кендебай» деген ертегі маған қатты ұнады. Кендебай құландарды мая-мая үйіп тастапты, жеті басты дәудің басын алыпты, қой бағып жүрген жарлы балаға көмектесіпті. Сосын анам менен былай деп сұрайды: «Осы Кендебайдың мінезі қандай, жақсы адам ба, жаман адам ба?». Жауап бере алмасам, батырдың мергендігін, мейірімділігін, батырлығын оның мынадай, мынадай істерінен көреміз деп қайтадан түсіндіреді.

Қазір мен 3-сыныпта оқып жүрмін. Ертегілерді енді өзім оқимын. Анам секілді асықпай, мәнерлеп және түсініп оқуды үйрендім. «Кітап, газет-журнал оқыған бала ақылды болады» дейді анам. «Айналайынды» оқитын балалар да ақылды болсын деп жазып отырмын.

Бекарыс НҰРБЕКҰЛЫ, 3-сынып оқушысы, С.Сатыбалдин атындағы орта мектеп, Лебяжі ауданы.

saryarka-samaly.kz