Даудың басы

Қазақстан Үкіметі мен молдовалық әкелі-балалы кәсіпкерлер Анатол және Габриэль Статилердің арасындағы сот бірнеше жылға созылып келеді. Шырғалаңға толы іс осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын басталғанын атап өткен жөн. Сол кездері Маңғыстау облысында Боранкөл газ өңдеу зауытының құрылысы жоспарланған. Инвестор ретінде Молдова елінің ең беделді кәсіпкерлері саналатын Стати әулеті келді. Осылайша, оларға тиесілі «Tristan Oil» компаниясы Қазақстанның мұнай-газ саласына аяқ басты. «Толқыннефтегаз» атты еншілес компания құрды. Бұдан бөлек, бірлескен «Қазполмұнай» кәсіпорнының негізі қаланды. Шетелдік инвестор зауыт құрылысына 156 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы құйды.

Өкінішке қарай, аталған жобаның «ғұмыры» қысқа болды. Көлеңкелі бизнестің «иісі» шыға бастаған соң іске еліміздің қаржы полициясы араласты. Тергеу жүргізді. Нәтижесінде, 2008 жылы молдовалық кәсіпкерлердің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Кейін анықталғандай, А.Стати зауыт құрылысын жүргізу үшін екі компанияны жалдаған. Оның бірі – неміс, ал екіншісі - ағылшындық компания. Соның ішінде құқық қорғаушылардың назарына Perkwood атты ағылшын компаниясы ілікті. Ұлыбритания елінен арнайы алынған деректерде аталған шетелдік мердігер кәсіпорын Статиден ондаған миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы алып отырғанына қарамастан, табыс салығында ол қаражаттарды көрсетпегені анықталды. Ал Perkwood-тың банктегі шоттарын тексере келе, оның Анатол Статидің атына ашылғаны белгілі болған. Ол ол ма? Молдовалық кәсіпкерге тиесілі компания Қазақстанның магистральді мұнай құбырлары арқылы рұқсатсыз мұнай тасымалдаған деген күдік бар. Сол арқылы ол 1 млрд. АҚШ доллары көлемінде заңсыз табыс тапқан.

Осындай шикіліктерден кейін Стати әулетіне тиесілі еліміздегі мүлік, банк шоттарына сот арқылы тыйым салынды. Ал салынып бітпеген газ өңдеу зауыты «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының иелігіне өтті. Өкінішке қарай, аталған зауыттың құрылысы әлі күнге дейін аяқталмады.

Сот

Бұдан кейін Анатол Стати шетелде жүріп, Қазақстанға қатысты ауқымды сот тартысын бастады. Халықаралық соттың төрелігіне жүгінген ол «Қазақстанның құқық қорғау органдары рейдерлік шабуыл жасап, бизнесімді тартып алды» деп шағымданды. Сот процесі бірнеше жылға созылды. Тек, 2014 жылы Стокгольм сауда палатасының арбитраждық соты молдовалық кәсіпкердің арызын қанағаттандырып, елімізді энергетика жөніндегі хартияны бұзды деп таныды. Дей тұрғанмен, Статидің Қазақстанға қатысты талап-арызының тек біршама бөлігі ғана қабылданды. Ол өз шығынын 4 млрд. АҚШ долларына бағалаған. Ал Стокгольм арбитраждық соты елімізді молдовалық кәсіпкерге және оның серіктестеріне 500 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы өтеуге міндеттеді.

Стати әулеті «қадалған жерінен қан алатындарын» дәлелдеуге тырысатындай. Былтыр олар «Қазақстан сот шешімін орындамауда» деген желеумен Амстердам халықаралық сотына шағымданған. Нәтижесінде, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының KMG Kashagan BV голландиялық кәсіпорнындағы 5,2 млрд. АҚШ долларына бағаланатын акциялары бұғатталған. Каспий теңізіндегі Қашаған кенішін игеруге Қазақстан осы компания арқылы қатысып жатыр.

«Жығылған үстіне жұдырық» демекші, АҚШ-тың «New York Mellon» (BK.N) банкі Қазақстанның Ұлттық қорына тиесілі 22 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі активін бұғаттады. Бұл - қорда сақталған қаражаттың төрттен бір бөлігі екенін атап өткен жөн. Оған да Статилердің талап-арызы себеп болды.

Қарымта

Қазақстан да қарап қалған жоқ. 2014 жылдан бастап қазірге дейін біздің тарап жоғарыда аталған шешімдерге қатысты халықаралық соттарға арыз берумен келеді. Ел Үкіметі Анатол Статиге бір тиын да ұстатпаймыз деп отыр.

2017 жылғы маусымда Қазақстан «Стати Швеция сотында алаяқтықпен жеңді» деп мәлімдеп, Ұлыбританияның жоғарғы сотына шағымданған. Ұлыбританияда сот тыңдауы 2018 жылғы қазанда басталады.

Әділет министрлігі «Bank of New York Mellon ұлттық банкпен келіскен міндеттемелерін бұзып отыр» деп санайды. Қазақстан Ұлыбритания сотына Нью-Йорк банкінің ақшаны бұғаттау туралы шешіміне де шағымданған. Бұдан бөлек, Қазақстан «алаяқтық әрекеттері үшін» Статидың үстінен Вашингтон (АҚШ) сотына арызданған.

Нәтиже жоқ емес. Ұлыбританияның Жоғарғы сотының шаруашылық істер жөніндегі палатасы алаяқтық фактілерінің ашылуына байланысты Стати әулетінің бұған дейінгі соттардағы жеңісі бұқаралық әділдік тәртібіне қарама-қайшы келетінін атап өтті. Әрі Қазақстанға қатысты арыз-шағымын негізсіз деп тапты.

Инвестордан «алаяққа» айналды

«Бүтін бір елдің билігін сарсаңға салып қойған Анатол Стати кім?» деген заңды сұрақ туындайды. Түрлі деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарының бетін ақтара келе мынадай деректерге көзіміз түсті. 2008 жылы еліміздегі газ өңдеу зауыты төңірегінде дау-дамай басталған тұста Молдованың сол кездегі президенті Владимир Воронин «Стати әулеті – бүлікші. Елдегі оппозицияны қаржыландырады. Сол арқылы мемлекеттің біртұтастығына сызат түсірмекші» деп, Қазақстан билігіне ресми хат жолдаған. Ал 2009 жылы Кишиневте жаппай тәртіпсіздіктер орын алып, Парламент кеңсесі мен Президент әкімшілігінің ғимараты өртенді. Молдова басшылығы «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деген айыппен Анатол Статидің 29 жастағы ұлы Габриэль Статиді тұтқындаған.

Қаражат заңсыз бұғатталды

Билік бұғатталған миллиардтарға қатысты мәлімдеме жасады. Алғашқы болып бұл мәселе төңірегінде ҚР Әділет министрлігі түсініктеме берді. Аталмыш ведомство басшысы Марат Бекетаевтың сөзінше, жырақтағы Қазақстан активінің бұғатталуы заңсыз, сондықтан одан келген зиянды өтеу үшін қолдан келгеннің бәрі жасалмақ.

- Арызданушыларға әлі бір тиын ұстатқан жоқпыз. Шетелдегі сотта Қазақстан Республикасының мүддесін қорғау үшін ең мықты заңгерлерді жалдадық. Шетелде бұғатталған Қазақстан Республикасына тиесілі ақшаға қатысты істі Әділет министрлігі басты назарда ұстап отыр. Қалай дегенмен де еліміз үшін қауіп арбитражды сот шешімінің сомасымен шектелуде. Ол – 500 млн. АҚШ доллары», - дейді министр. Демек, Ұлттық қордың қаржысына ешкім қол сала алмайды.

Бұдан бөлек, ел билігі Анатол Статидің осындай ұтымды әрі агрессивті амалды әдейі таңдап алғанын айтады. Өйткені ол Ұлттық қор ақшасының бұғатталуы ел ішінде де, сол секілді сыртта да үлкен шу туғызатынын жақсы білген. «Шетелдік баспасөзде жария боп жатқан бұл іске қатысты ақпараттар — агрессивті насихаттың көзі. Ол объективті ақпаратқа жатпайды», - дейді М.Бекетаев.

Ең бастысы, ҚР Әділет министрі еліміз шетелде бұғатталған қаржысынан айырылмайтынын айтуда.

- Ақшаның тағдыры халықаралық сот процестерінің келесі кезеңдерінде шешіледі. Оған дейін біраз уақыт бар. Екінші қадам – төрелік шешімнің әр елдегі заңдылығын тексеру. Бізде Анатол Статидің алаяқтығына қатысты дәлел бар, сотта соны оған қарсы қолданамыз. Атап өтерлігі, Қазақстан голландиялық KMG Kashagan BV компаниясындағы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының 5,2 млрд доллар көлеміндегі активін бұғаттау туралы шешімінен бір тиын да жоғалтпайды. Қашаған жобасында Қазақстан дивиденттен емес, салық пен profitoil-дан табыс көреді. Бұл мұнай сатылған кезде табыстың бір бөлігі бюджетке, одан әрі profit oil арқылы Ұлттық қорға түседі. Дәл қазір мәселе акцияның бұғатталуына ғана қатысты болып отыр. Яғни Қазақстан акционер ретінде шешім қабылдай алады, бірақ акцияны сата алмайды. Менің білуімше, Қазақстан акцияларды сатуды жоспарлап отырған жоқ. Бұдан шығатын қорытынды Қашаған үлесінде Қазақстан үшін ешқандай тәуекел жоқ, – деп түйіндеді ойын М.Бекетаев.

Ал Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев «Ұлттық қордың қаржысы заңсыз бұғатталған» деп есептейді.

- Америкалық банктің Ұлттық қор қаржысын бұғаттауға қатысты шешіміне шағым түсірдік. Себебі қаржы құрылымы шағым сомасы сәйкес келмейтінін біле тұра активтерді бұғаттап, біздің ойымызша, заңсыз әрекетке көшті. Екіншіден, бұл мәселе олардың құзырында емес деп есептейміз, - деді Д.Ақышев.

Кесірі халыққа тимей ме?

Қазақстанның мұнай мен газ сатудан түскен ақшасы сақталатын ұлттық қор Қазақстан тарихында бірінші рет ресми бұғатталып отыр. Сарапшылардың пайымдауынша, егер қор қызметі ашық жүргізілсе, мұндай мәселе болмас еді. Ендігі мәселе, «Ұлттық қордағы ақшаның бұғатталуы елдің қарапайым азаматтарына зардабын тигізуі мүмкін бе?» деген сауал төңірегінде өрбиді.

«Ұлттық және халықаралық даму бастамалары институты» қоғамдық қорының директоры Светлана Ушакованың айтуынша, бұл жаманат хабар ұлттық қорды басқару мен оның қаржысын орналастыру мүлде тиімсіз жүргізіліп отыр дегенді білдіреді. Қор Норвегия үлгісі бойынша құрылды деп айтылғанымен, шын мәнінде, бұл - жабық жүйе. Халық оның активтерін қайда салып, ақшаның қалай жұмсалып жатқанынан хабарсыз.

Zertteu Research Institute коммерциялық емес ұйымының директоры Шолпан Әйтенова қор ақшасын бұғаттау халықтың тұрмысы мен жалақысына әсер етпейді деп есептейді.

- Ақшаны бұғаттау қаржыдан айырылады дегенді білдірмейді. Бұл жайт елдегі ақпараттың жабықтығын көрсетті. Яғни, халық Ұлттық қордағы ақшаның қайда салынғанын білмейді. Бұл ақпаратқа халықаралық сот процесінің нәтижесінде қанық болдық. Қордың «болашақ ұрпақ үшін» жиналған ақшасын басқару ашық болуы тиіс, - дейді Ш.Әйтенова.

Ұлттық экономикалық зерттеулер бюро-сының директоры Қасымхан Қаппаров осы дау-дамайдан кейін қорды қалыптастыру, пайдалану және жұмысын қадағалау принциптерін «Ұлттық қор туралы» жеке заңда бекіту қажет деп санайды.

- Қорға түскен, жұмсалған ақша мен инвестициялық кіріс көлемін жыл сайын ашық жариялап, Парламентте талқылап отыруды тәжірибеге енгізу керек. Жыл сайын тәуелсіз сыртқы және ішкі аудит жүргізіп, оның нәтижелерін ашық жариялап отыру қажет. Себебі негізгі проблема ұлттық қорды басқаруда жатыр. Яғни, активтерді басқарудың менеджменті қарастырылмаған, - дейді Қ.Қаппаров.

Түйін

Не түсіндік? Мәселенің барлығы халықаралық арбитраждық сот белгілеген 500 млн. АҚШ доллары төңірегінде өрбіп отыр. Яғни, ел қаржысына белгілі бір деңгейде қауіп төнер болса, нақ осы сомадан айырылуымыз мүмкін. Себебі Қазақстан алдағы сот процестерінде белгілі бір нәтижеге қол жеткізе алмаса, Стати әулеті мен олардың серіктестеріне өтемақы ретінде 500 млн. АҚШ долларын төлеуге мәжбүр болады. Ал Ұлттық қордың қаржысына және KMG Kashagan BV компаниясындағы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қаражатына келер қауіп жоқ. Қалай дегенмен, әліптің артын бағамыз.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz