Жұма күні жергілікті «Ертіс-Қазхром» командасы өскемендік «Алтай» аруларымен ойнаса, сенбі және жексенбі күндері «Қарағанды» мен «Жетісу» қыздарын қабылдады. Чемпионаттың үшінші туры аясында бақ сынасқан «Ертіс-Қазхром» мен «Алтай» командаларының ойынын жергілікті волейбол жанкүйерлерімен бірге облыс әкімі Болат Бақауов та тамашалады. Айта кетейік, аймақ басшысы жуырда Павлодар облыстық волейбол федерациясының президенті атанған болатын.

Өкінішке қарай, бұл күні біздің қыздар қарсыластарынан айласын асыра алмады. Негізі кездесуді сәтті бастаған павлодарлықтар, бірінші ойынды 25:21, ал екінші ойынды 25:17 есебінде жеңіспен аяқтаған еді. Бірақ біздің жерлестер соңғы үш ойынның үшеуінде де қонақтарға есе жіберді. Ойын қорытындысы бойынша, өскемендік «Алтай» командасы 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Ал, сенбі күні «Қарағанды» волейболшыларымен шеберлік сынасқан «Ертіс-Қазхром» командасының мерейі үстем болды. Қарсылас команданың осал тұсын оңай тапқан біздің волейболшы қыздар бірінші ойында 25:20, екінші ойында 25:23, үшінші ойында 25:18 есебімен жеңіске жетті. Қорытынды есеп – 3:0. Сондай-ақ, жерлестеріміз жексенбі күні талдықорғандық «Жетісу» командасын 3:1 есебімен тізе бүктірді.

Айта кетейік, үшінші тур ойындары Павлодарда 25 қаңтарға дейін жалғасады. «Ертіс-Қазхром» бүгін кешке «Алматы» командасымен кездессе, 24 қаңтар күні «Астана» және 25 қаңтар күні «Алтай» волейболшыларымен ойнайды.

Турнир кестесінде чемпионат басынен бері бірде бір рет жеңілмей, 47 ұпай жинаған Шығыс Қазақстан облысының «Алтай» командасы көш бастап келеді. Екінші орында - «Ертіс-Қазхром». Біздің қоржында - әзірге 39 ұпай. 17 рет ойнап, оның 12-сінде жеңсе, 5-де жеңіліс тапқан. Үшінші сатыда 37 ұпай жинаған талдықорғандық «Жетісу» командасы тұр.

Дәулет БОРАНБАЙ, волейбол жанкүйері:

- Мен Павлодардағы спортта дарынды балаларға арналған мектептің 10-сыныбында оқимын. Ұлттық лига командаларының үшінші тур ойындарын үзбей көріп келемін. Біздің аруларда чемпион болуға мүмкіндік бар, шебер ойын көрсетуде. Өкінішке орай, «Алтай» қыздарына есе жіберіп алды. Бірақ, алда тағы ойындар бар, жерлестеріміз есесін қайтарады деп сенемін. Павлодар командасының жеңіс тұғырынан көрінуіне шын көңілден тілектеспін.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz